Германиядағы жерлесіміздің жағдайы қалай?

Среда, 08 Апрель 2020 05:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2388 раз

screenshot 5 56 650x410 1 650x410 1 650x410

Әлемді жаулаған Covid-19 індеті елімізді айналып өтпеді. Бүгінде дертті жұқтырғандар саны 650-ге жетті.

Адамдарды ғана емес, тұтас мемлекетті әлекке салған вируспен күресті әр ел әрқалай жүргізуде. Білім іздеп шетел асқан жерлесіміз Алиасқар
Сатылдыдан Германиядағы коронавирус пандемиясы жайлы сұрап білдік.
германия фото– Мен Германияның Бремен қаласында орналасқан Jacobs University-нің 2-курс студентімін. Индустриалды инженерия және менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Ақпан айында кезекті демалыстан соң Қазақстаннан оқуымды жалғастыру үшін қайта келдім. Бұл уақытта вирусты жұқтырғандар саны күрт көбейді. Олар Италия, Иран, Испания сынды елдерден келген азаматтар арқылы таралды, - деп әңгімеледі Алиасқар.
Кейіпкеріміздің айтуынша, Германияның ірі мегаполистері елдегі алғашқы індетті жұқтыру ошағына айналған. Ал тұрғындар вирусты елемеген. Сөйтіп, көзге көрінбейтін қауіпті дерт Бременге де жеткен. 13 наурызда шаһарда вирусты жұқтырғандар саны 56 болып, қала карантинге жабылған. Алиасқар елге қайту мүмкіндігі туғанда жауапты шешім қабылдағанын айтады.
– Егер өз елдеріңізде жағдай тұрақты болса, қайтуларыңызға болады деп соңғы шешімді қабылдауға мүмкіндік берді. Бірақ мен отбасым мен туыстарым, елдегі азаматтардың денсаулығын уайымдадым. Мұндай уақытта қара бастың күйттемей, отандастарымның жағдайына алаңдап, сонда қалу туралы бір тоқтамға келдім. Бұл сөзімді ата-анам да құптады. Қазір университеттің жатақханасындамыз. Тәртіп қатал. Жағдай тұрақты. Ал қаладағы індетті жұқтырғандар саны едәуір артып, 300-ге жетті, - дейді ол.
Алиасқардың айтуынша, кампусты қадағалауға алғандар көбейген. Тамақтану уақыты ұзартылып, адамдар арақашықтығына ерекше мән беріледі. Екі адамнан артық жүруге тыйым салынған. Егер тәртіпке бағынбаса, 100-150 еуро көлемінде айыппұл салынады. Оған көнбегендер қатаң жауапкершілікке тартылатынын айтты.
– Бастапқыда тұрғындар пандемияны елемеді. Ескертулерге құлақ аспай туған күн тойлап, адамдар көшелерде толассыз жүрді. Мұның ақыры жақсылыққа алып келмеді. Дерт күшейіп, жұқтырғандар саны күн сайын еселене түсті. Адамдар вирусты жұқтырғандардың саны 50-60 мыңға жеткенде ойлана бастады. Қазір аса қажеттілік болмаса, көшеге шығуға рұқсат жоқ. Дәріханалар мен дүкендер жұмыс істеп тұр. Біз онлайн режимінде білім алып жатырмыз. Қажетімізді сырттан онлайн тапсырыспен алдырамыз. Төлемдер де карталар арқылы жасалады. Гигиеналық және санитарлық тазалық шараларына аса мән беріледі. Бір қуантарлығы бұл жерде пандемияға байланысты баға өскен жоқ. Үйдегілермен сөйлескенде елде аласапыран болып, адамдар даурығып жатқанын айтқан еді. Ал Германияда олай емес, - дейді жерлесіміз.
Алиасқар Сатылды барлығы өз орнына келетініне сенімді. Індет те саябырсып адамдар бұрынғы істерін қолға алатын күн алыс емес деп есептейді. Елі мен туған жерін сағынып, Отанына аман келуді қалаған жас жерлестеріне індетпен күресте ескертпелерге құлақ асып, тазалыққа мән беруге үндеді. Үйден шықпай, вирустың алдын алуға үлес қосуға шақырды.

 

 

Последнее изменение Среда, 08 Апрель 2020 06:12