АЛЛЕРГИЯ алаңдатып тұр

Среда, 08 Апрель 2020 05:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3331 раз

89

Ауру айтып келмейді. Дегенмен кейбір аурулардың белгілі бір маусымға қарай бас көтеретіні, өршитіні болады. Айталық қазір аллергияның қозатын кезі. Түшкірініп, пысқырынатын бұл кесел көп адамда кездеседі. Көз қышиды. Мұрын бітеледі. Дем жетпей, дегбір кетеді.  Десек те, түшкірсе болды, өзін «аллергиямын» деп диагноз қоятындар бар. Сөйтіп өз бетінше ем-шараға кірісетіндері де аз емес.

Денсаулығыма қауіп келеді деп ойламайды. Дәрінің де, инъекцияның да түр-түрін сынақтан өткізеді. Өкініштісі сол, аллергияның дәріден соң өршитінін ескере бермейді. Ауру белгілері қатты байқалғанда ғана сан соғады. Дерт меңдеп, жанына батқанда­ ғана дәрігердің есігін қағады. Осыдан келіп «Аллергиядан жазылуға бола ма?» деген сауал­ туындайды.
Қала тұрғыны Ақжібек Мұстафина жыл сайын көктемді мазасыз қарсы алады. Маусымды дәрі қабылдап, екпе салғызумен өткізеді. 37 жастағы келіншек 14 жылдан бері аллергиямен ауырады. Кесел басталғанда оның алғашқы сәбиіне аяғы ауыр болатын. Ол аллергияның алғашқы белгісін «салқын тиді» деп елемепті. Босанғасын аурудан айыққандай болған. Бірақ көктем шыға жағымсыз күй қайта басталды. Шарасы қалмағасын аллерголог маманнан кеңес алды. Дипроспан салдырды. Бірақ антибиотиктің әсері көпке бармады. Амалы қалмаған Ақжібек дәрігер іздеп табанынан таусылды. Аллергия үшін маманның нұсқауынсыз жасамаған шарасы жоқ. Құрбысының кеңесімен түрлі компаниялардың шөп дәрісін ішті. Небір дәруменді қолданды. Әдепкіде сәл-пәл тәуір болады. Сосын ескі кесел қайтадан «әдетіне» басады.

НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Дәрігерлер маусымдық аллергияның уақытша кесел екенін айтады. Бірақ ауырған адамның арқасын кеңге салуына болмайды. Он жыл бұрын дүниежүзілік ғалымдар «ХХІ ғасыр - аллергия ғасыры» деп дабыл қақты. 2020 жылдары жер шарының әрбір бесінші тұрғыны аллергиядан зардап шегеді деп болжады. Әзірге дерек пен дәйектің шындығына көз жеткізген ешкім жоқ. Десе де, шымкенттік дәрігер Гүлсім Байділдаеваның айтуынша, ауаның ластануы, сапасыз тамақтану, дене қимыл қозғалысының шектелуі, жүйке жүйкесінің әлсіреуі бүгінгі аллергияның себеп-салдары болып тұр. Қазір бұл кеселдің түрі көп. Алайда ғылыми тұрғыда толық дәлелденбеген. Ғалымдардың мәліметі де әралуан. Бірі – 400-ге жуық десе, бірі – 4 мыңдай дейді. Ал сәуір айы басталғалы маусымдық аллергия белең алды. Жоғары санатты дәрігер Гүлсім Мүсірепқызы адамға өсімдіктің бәрі кері әсер бермейтінін алға тартады. Біреу жусаннан, енді біреу түрлі өсімдіктің тозаңынан аллергия болатын көрінеді.
– Қазір шетелдік жеңіл фаст-фуд өнімдері, газдалған сусындар көп. Мұның бәрі негізінен адам ағзасына қауіпті. Адамның өңеш, жұтқыншақ, асқазанынан бастап ішкі рецепторлар бар. Ол жағымсыз нәрсе барғанда тітіркенеді. Ұшық шығады немесе дене бөртіп, аллергия береді. Яғни ауру ішкі ағзаның ластануынан өршиді.­ Тіпті үйде жүретін жәндіктер де ауру көзінің ошағы болып табылады. Біреулер «шөпке жақындаған жоқпын, бірақ сауылған малдың сүтін ішемін» дейді. Үй жануары да сол көк шөпті жейді ғой. Біздің климатымыз құрғақтау. Біреулер ауа алмастырғанда аллергиядан құтылдым деп ойлайды. Бірақ одан көмек бола бермейді. Көкөністер мен цитрустық жемістер, кондитерлік тәттілер де бұл дертке себеп болады. Себебі көкөністің дені дәрінің, гербицидтің көмегімен өседі. Ал тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану адам ағзасына зиян. Балалар арасында да аллергия алаңдатарлық жағдайға жеткен. Диатез көп. Балаға тағам жақпаса, денесі бөртіп шығады. Ондайда әлгі жақпайтын тағамды тұтынуды шектеген жөн, - дейді жоғары санатты дәрігер Гүлсім Байділдаева.

ТҰҚЫМ ҚУАЛАЙДЫ...

Мамандардың айтуынша, аллергияны ерте бастан анықтаған жөн. Өзіне диагноз қойып, дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмек қабылдау кеселді күшейтеді. Соның салдарынан ауру ұлғаяды. Дер кезінде емделмесе, ол демікпеге айналады. Айта кету керек, аллергияның тұқым қуалайтын сипаты да бар. Егер анасында аллергия болса, ауру балаға 25 пайыз беріледі. Ата-анасында болса, 50 пайызды құрайды екен. Бірақ бұл аллергиясы бар ата-ананың барлығының баласы осы кеселге кезігеді деген қисын емес. Ол адам иммунитетінің мықтылығына байланысты екен.
Дәрігерлердің йтуынша, аллергияны бойға дендетіп келетіндердің қарасы көп.
– Емханаға осы сырқат түріне шағым айтып келетіндер көп. Олардың арасында үлкен кісілер де, балалар да бар. Біз нақты аллергия бар ма, әлде суық тиді ме, алдымен соны анықтаймыз. Соған орай, ем-шара жүргіземіз. Науқастарға симптоматикалық, яғни уақытша көмек береміз немесе­ АСИТ (Аллерген-спецификалық иммунотерапия) арқылы емдейміз. Бұл аллергияға деген сезімталдықты төмендетеді. Негізінен, бұл ауруды қыста емдеген жөн. Емдеу шараларының барлығы медициналық мекемеде әрі аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс, - дейді дәрігер.

Кеселдің алдын алу үшін аллергологтар саламатты өмір салтын ұстануға, газды сусындар және тез дайындалатын тағамдардан бас тартуға кеңес береді. Ал кей тағам түрлеріне сезімталдығы барлар гиппоаллергендік диета сақтауы қажет. Жүкті әйелдер дұрыс тамақтанып, аяғы ауыр және емізіп жүрген уақытта дәрі-дәрмек қолдануды шектегені жөн. Аллергиясы­ бар адамдар құс қауырсынынан жасалған жастық, жүннен тоқылған киім, төсеніш, жұмсақ ойыншықтардан бас тартқаны дұрыс.
Ал шаң-тозаңға аллергиясы барлар ағаш гүлдеген кезде ол маңға жоламағаны жөн. Шаң-тозаң киім мен шашта жиналатындықтан, киімді жиі ауыстырып отырған дұрыс. Сырттан келген соң, душ қабылдаған жөн. Бөлмеңізді жиі желдетіп, күн сайын 2-3 рет тазалап тұру керек. Егер аллергия белгісі байқалса, міндетті түрде маман дәрігерге қаралыңыз.
Қазір қалада сала мамандарының жетіспеушілігі байқалмайды. Алайда аурудың өршуіне байланысты аллерголог маманға сұраныстың артатыны анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бұл кесел соңғы 30 жылда әлем бойынша­ ең жылдам тарап бара жатқан дерт түріне айналған. Қазір денсаулық министрлігінің созылмалы аурумен ауыратын адамдарды емдеп, сауықтыру керек деген сөзінің жаны бар. Өйткені аллергия жылдан-жылға көбейіп отыр.

 

Последнее изменение Среда, 08 Апрель 2020 06:12
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.