Версия для печати

ОНЛАЙН – ӨМІР

Среда, 08 Апрель 2020 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3963 раз
Оцените материал
(0 голосов)

52

Онлайн – өмір. Елдегі дәл қазіргі уақыт ауаны осы бір ауыз сөзбен сипатталып тұрғандай. Виртуалдылықтың ізіне түскеннің соңы шын мәнінде желідегі өмірге тап келтірді. Бір-бірімізбен арақашықтықтан араласып, алыстан сыйласып, қашықтан білім алып, қашықтан жұмыс істеп, бүкіл байланыс қашықтан болып кетті. Аты жаман індеттің таралуына жол бермеу мақсатында онлайн-режимдегі түрлі байқаулар, қойылымдар, поэзия сағаттары, челлендж, эстафеталарды желіден тамашалап жүрміз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев басқа елдердің Президенттерімен барлық келіссөздерді телефон арқылы немесе онлайн жүргізіп жатқанын көк жәшіктен күн сайын көріп отырмыз.
Телеарналар да әлдеқашан қашықтық режимге көшті. БАҚ өкілдері жаңалықтарды мүмкіндігінше үйде түсіріп, таратуда.
Жергілікті деңгейдегі өмірдің парақтарын ақтарсақ. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мұрындық болуымен жас ақындар айтысы, «Ақ бата – 2020», «Жырым сенсің, туған жер!» сияқты байқаулар онлайн түрде өтіп жатыр.
Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры 8-сәуір күні Youtube арнасында Р.Отарбаевтың «Бас» драмасын сахналамақ. Бұдан бөлек, қарашаңырақтың актерлері күн құрғатпай көрермендерімен театрдың фэйсбуктегі парақшасында онлайн жүздесіп жатыр.
Осы орайда «Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының» басшысы Анар Жаппарқұлова да барлық мәдениет мекемелері карантин уақытында қала тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану бағытында көптеген онлайн жобалар жасап жатқанын тілге тиек етті.
– Сындарлы сәтте жазба ақындарымыз жүрекжарды ойларын өлеңге арқау етсе, әншілер қауымы өз көрермендеріне онлайн-концерттер ұсынуда. Суырыпсалма айтыс ақындары да көрерменсіз айтыс алаңына шығып, айтыстың тамаша үлгісін көрсетуде. Театр әртістері, цирк өнерпаздары, кітапхана қызметкерлері, музей мамандары, тіл, көрме, салт-дәстүр орталықтарының ізденімпаз мамандары, бір сөзбен айтқанда, мәдениет саласының майталмандары қиыннан қиыстырып жол тауып, жұртшылық көңілін көтерерлік, тағлымды тәрбие берерлік шараларды қала халқына қашықтан ұсынуда. Бұл күн де өтер, ақ таң да жетер, бастысы, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, шектеулер шеңберінен шықпай, өтпелі кезеңнен ел болып есен өтейік! – дейді Анар Абусайылқызы.

 

unnamed


Расымен, Шымкенттегі қайсыбір мәдениет мекемелерінің барлығы үйден шыға алмай отырған карантиндегі көрерменнің көңілін көтеруге атсалысуда. Мәселен, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының ұжымы 5 сәуір күні «Керқұла атты Кендебай» ертегісін онлайн режимде көрсетті. Қалалық әзіл-сықақ және сатира театры да әлдеқашан «Өгізбайдың отбасы», «Ұстазым менің» қойылымдарының көрсетілімдерін бастап кеткен. Әрі әртістерімен онлайн жүздесулер ұйымдастыруда.
«Қазына» би ансамблі де бейтарап қалмай, биден шеберлік сағатын өткізуде. Еліміздің дәулескер күйшілері бір мезетте эфирге шығып, таңдаулы туындыларды домбырада сөйлеткенде, ол талпыныстарының сәтті шыққанын көріп, көңіл қуанады екен.
Жезтаңдай эстрада әншілері де халық арасында кең танылған әндерді Қазақстанның әр түкпірінде үйінде отырып тікелей эфирде бірлесе шырқағанда, «Ее, осылай да ән шырқауға болады екен ғой!» деп тамсанып қалдық.
Туған күндер, қуанышты сәттер де онлайн өтуде. Күні кеше инстаграм желісінде белгілі әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина өзінің туған күнін онлайн тойлағанын жазды. «Туған күнді онлайн тойлау дегенді де көрдік-ау. Бұл жерде ең бастысы ниет екен. Мақпал, Нұржамал, Бағдат, Жанар, Жеңіс апаларымыз бастаған өнердегі әріптес, достармен құрған ортақ чатымыз бар. Бүгін сол жерде қаншама әдемі тілектер айтылды. Гүлдерін, торттарын онлайн жіберді», - деп қуанышты күніндегі әсерімен бөлісті.
Мұндай мысалдар өте көп. Танымал спорт журналисі Есей Жеңісұлы өзінің жақында дүние есігін ашқан кенже ұлының қырқынан шығарылғаны туралы фэйсбукте «Карантиндегі қырқынан шығару» деген жазба қалдырды. «Кеше ұлды карантин жағдайында виртуал һәм онлайн түрде қырқынан шығардық. Сақтаған сыбағадан жарым, үлкен қызым үшеуміз ниет етіп, Құран оқып, дәм таттық. Ауылдағы, алыстағы ата-әжелерінен онлайн бата алдық», - дейді ағынан жарылған әріптесіміз.
Президент Қ.Тоқаев дағдарысқа қарсы шаралар бойынша жиында сөйлеген сөзінде: «Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіндік» деп еді. Елімізде КВИ-ге қарсы карантин, мұнай дағдарысы, экономикадағы пандемиялық ахуал да тайғанақтап тұрған осы бір өтпелі кезең бізге онлайн өмірге, бейімделуге үлкен мүмкіндік бергендей. Және оған аздап кедергілер болса да, бір кісідей бой үйретіп келе жатқандаймыз. Ертең бұл күндер де тарих қойнауына енген кезде «Қазақстанның біржолата онлайн өмірге өткен алғашқы кезеңі» деп жазылатыны сөзсіз. Не болса да, қайырлы болғай!

 

Последнее изменение Среда, 08 Апрель 2020 06:12
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.