ІНДЕТ КЕТЕР-АУ, БІРАҚ ЖҮРЕКТЕГІ ВИРУСТАН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ? Избранное

Пятница, 10 Апрель 2020 04:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 348 раз

Рухани жаңғыру

Абайдың жетiншi қара сөзiн бiлмейтiндер кем шығар. Жан құмары мен тән құмары жайлы сөз қозғаған данышпан «Дүниенiң көрiнген һәм көрiнбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп бiлмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны бiлмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп түйедi. Мұндағы хәкiмнiң «көрiнген сыр» дегенi материалдық игiлiктер де, «көрiнбеген сыры» – руханият. Яғни Абай ұғымында өмiрден жан азығын алмаған, рухпен iсi болмаған кiсiнiң хайуаннан айырмашылығы жоқ. Бiз емес, абайтанушы ғалымдар осылай тәпсiрлейдi.

Ендi Абайдың сол байламын басшылыққа ала отырып бүгiнгi өмiрiмiзге зер салайықшы. Не көремiз, ненi байқаймыз? Тәуелсiздiк алған ширек ғасырда экономика айтарлықтай дамыды, халықтың тұрмысы да түзелдi. Қазақ елi бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн болса да әйтеуiр тыныштық пен молшылықта күн кешіп келді. Бiрақ, замандастарымыздың көбi күнкөрiс қамының, тән құмарының соңына түсiп кетiп, руханияттан алшақтай бастады. Азаматы жан азығын алмаған соң қоғамды түрлi iндет меңдеп алды. Жалақорлық, жемқорлық, жағымпаздық, жеңiлтектiк, көзбояушылық, тасбауырлық…
Iшiмiзден iрiтiп, адамдықтан алыстатқан қасиетсiздiктер осылар. Осының бәрiнiң ортасында өмiр сүре жүрiп мұндай iстерге немқұрайлы қарайтынымыз қай-қайсымыздың да рухани дiмкәс екенiмiздi көрсетедi.
Кім білсін, бәлкім елімізде таралып, тіпті бүкіл әлемді шарпып бара жатқан, қоғамды қалыпты тіршілігінен ажыратқан қазіргі пандемия біздің руханияттан алшақтап, шектен шыға бастағанымыз үшін жаратқан Иеміздің жіберген ескертуі шығар. Қолда бардың қадірін білмегеніміз үшін, жақындарымызға жеткілікті мөлшерде мейірімді болмағанымыз үшін немесе Абайша айтқанда, «пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісінен» тыйылмағанымыз себепті осылай сыналып жатқан болармыз.
Сырқаттан айығу үшiн рухани сiлкiнiс керек. Мұны парықтап, санада салмақтаған кезде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының не себептi жазылғанын ұғына қоясыз.
Осы аптада Ұлт Көшбасшысының айтулы мақаласының жарыққа шыққанына 3 жыл болады. Есті адам болса, үш жыл деген ойлануға, ішкі жан дүниесін өзгертуге жеткілікті уақыт.
Осы уақытта біздің қоғам рухани сілкініс жасай алды ма? Мақалада айтылған ұлттық кодты жас ұрпақтың бойына сіңірудің үдесінен шықтық па екен? Өз-өзімізді өзгертіп, рухани кемелдену жолында қандай қадам жасадық? Бұл сұрақтарға жауап берерде көбіміз мүдіріп қаламыз.
Өйткені, көп адам рухани жаңғыруды мемлекеттiң өзi қабылдап, өзi жүзеге асыратын қатардағы көп бағдарламаның бiрi деп ойлаған секiлдi. Солай ойлағандықтан да жаңғыру үшiн түрлi жобалар жасап, iс-шаралар ұйымдастыруды ләзiм санап, шапқылағандар баршылық. Мейлi, мемлекеттiк органдар өздерiне жүктелген мiндеттердi толық орындады-ақ делiк. Елбасының еңбегiнде айтылғандай, киелi орындардың картасы жасалды. Оны кәрi-жасымыз аралап та шықтық. Бiрақ тамашалаған тарихи орындарымыз жанымызға қозғау салып, ол жердiң киесiн сезiнiп, iштей тазаруға ұмтылдық па? Әлде бұл жай кезектi бiр саяхат болып қалды ма?! Мақалаға сәйкес қабылданған «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде қалталы азаматтар, кәсiпкерлер, жалпы елге белгiлi адамдар әрқайсысы өз ауылына шама-шарқынша көмектесіп жатыр. Бiрақ бұл iстен жас ұрпақ өнеге алып, адамдардың бойында туған жерге деген сүйiспеншiлiк, iңкәр сезiм пайда болды ма? Біздіңше, көп жағдайда бұл іс тағы да атын шығарғысы келетiн байшыкештердiң арзан PR-кампаниясына айналып кеткендей... Әлемдегi үздiк 100 оқулықтың қазақ тiлiне аударылуы – керемет бастама! Алайда, балаларымызды кiтапқұмар етiп тәрбиелей алмасақ, аударылып жатқан сол тамаша кiтаптар да ертең кiтапханалардың шаң басқан сөрелерiн толтыра түсуден өзгеге жарамай қалатынын ұмытпайық.
Айтайын дегенiмiз, әрбiр адам, тiптi тұтас қоғам болып рухани кемелденуге ұмтылмасақ, бар жауапкершiлiктi билiктiң мойнына артып қойып қарап отырсақ, бұл бағдарлама жаңғыруға бастамай, құр жаңғырық болып қала бередi.
Өзiн-өзi түзетуге ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк түзете алмайды. Оны қарт тарих талай рет дәлелдеген.
Алысқа бармай-ақ КСРО-ның тарихына үңiлсеңiз бұған көз жеткiзесiз. Сталин Одақта темiрдей тәртiп орнату үшiн әртүрлi деректер бойынша 12 миллионан 40 миллионға дейiнгi адамды репрессиялады! Бiрақ содан елде бiржола тәртiп орнады ма? Жоқ. «Халықтардың әкесi» дүние салған соң арада 10 жыл өтпей Одақты жемқорлық қайта жайлап, бертiнде КСРО ұрылардың елiне айналды. Миллиондаған адамдардың қанын қатыгездiкпен төгу арқылы орнатылған тәртiп адыра қалды. Тағы да қайталап айтамыз, өзiн-өзi түзеуге ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк те, заң да түзете алмайды. Ондай пенденi Алла да түзу жолға салмайды. Өйткенi, Жаратушы Иемiз жақсы мен жаманның арасындағы таңдауды өз еркiмiзге қалдырған. Бұл – қасиеттi Құранда жазылған қағида.
Сөздiң түйiнi, рухани жаңғыруды әркiм өзiнен бастауы қажет. Ал, рухани жаңғыру деген не деп қайғы жесеңiз, оның жауабы белгiлi. Ол – адалдық, әдiлдiк, iшкi жан тазалығы. Яки үшеуiн бiрiктiрiп имандылық деп айтамын десеңiз өз еркiңiз.
Айналаңызға зер салып қараңызшы, қайда барсаңыз өз iсiн бiлмейтiн мамандар, уәдеде тұрмайтын адамдар, сапасыз iстелген жұмыстар, жөнделiп болмай жатып қайта тесiлген жолдар, жарылған құбырлар, шашылған қоқыс... Сабақтан қашқан оқушылар, емтиханды ақшамен жапқан студенттер, жол ережесiн бұзып, ұсталмай кеткенiне мақтанған көлiк жүргiзушiлерi, парақор пысықайлар мен жемқор басшы...
«Арым жанымның садағасы» дейтiн мәрт қазақтың елiнде мұның бәрi неге қалыпты жағдайға айналып кеттi?! Өйткенi, бойымызда әлгi айтқан үш iзгi қасиет кемiдi.
Бәрiмiз елде жемқорлық жайлап кеткенi үшiн билiктi кiнәлаймыз. Бiз атқамiнер ағалардың бәрiн сүттен ақ, судан таза деуден аулақпыз. Бiрақ өзiмiз қандай болсақ, бiздiң елдiң билiгi де сондай болып қала беретiнiн ұғынуымыз керек. Ойланып көрiңiзшi, жол салуға бөлiнген бюджеттiк 100 миллион теңгенің 20 миллионын жымқырған әкiм мен таңсәрiде сауған 8 литр сүтiне 2 литр су қосып сатқан келiншектiң не айырмашылығы бар?! Екеуi де адалдықтан аттады емес пе? Әлде бiрiнiң адамдықтың алдындағы күнәсi жеңiлдеу ме? Қиянаттың үлкен-кiшiсi бола ма?.. Тек әкiмнiң жемқорлығы көзге ұрып тұрады да, сүтке су қосып сатқан келiншектiң ұрлығы байқала бермейдi. Дегенмен, қазақ «Сыбырлағанды құдай естiмей ме» деп бекер тұспалдамаған шығар...
Хәкiм Абай «Баламды медресеге бiл деп бердiм, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедiм» дейдi. Қазiргi кейбір жемқор басшыларды өткен ғасырда әкелерi университетке не деп бердi екен? Шамасы көпшiлiгiн «Совхоз директоры болып, мына ағыл-тегiл байлықтан қарпып қал» деген ниетпен берген сияқты. Ал, бiз балаларымызға қандай өнеге көрсетiп жүрмiз? Оларды бiлiм алуға шақыра отырып, сол бiлiмдi жемқорлықтың, пайдакүнемдіктің емес, iзгiлiктiң жолына пайдалану керектiгiн ұғындыра алып жүрмiз бе?
Ғасырдың ортасына қарай елiмiзде жемқорлықтан ада, әдiлеттi, халықтың қамын ойлайтын билiк орнасын десек, алдымен өзiмiз адал болуға ұмтылайық. Iстеп жүрген iсiмiзге, жалақы алатын мекемемiзге, отбасымызға адал болайық.
Одан бұрын бүгінгі сынақтардан аман өтейік десек, түрлі індеттер мен нәубеттер алдағы өмірімізде бізге қайта айналып соқпасын десек, кiшкентай болсын ұрлықтан, қиянаттан аулақ тұрайық. Сол арқылы ел мен жердiң, арымыздың алдында адал бола аламыз. Әйтпесе, бәрімізді үрейлендірген коронавирус кетер-ау, бірақ жүрегімізге мықтап жайғасқан тәкаппарлық, екіжүзділік пен мақтансүйгіштік дейтін вирустардан арылмай айтып келмейтін апаттардан арылуымыз неғайбыл.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, рухани жаңғыру деген адалдық, құрметтi оқырман! Бұл iстi өзiңiз қолға алмасаңыз, Сiздiң iшкi жан-дүниеңiздi сырттан келiп ешқандай күш өзгерте алмайды. Ал, жақсы өмiр сүру үшiн, жақсы күндерге қайта қауышу үшін Елбасы айтқандай, өзгере бiлуiмiз керек.