Дәрігердің әмияны немесе made in Shymkent Избранное

Среда, 15 Апрель 2020 02:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 219 раз

sumka

Қазіргі нарықта былғарыдан жасалған кәдесыйларға сұраныс бар. Заманауи әмиян, белдік пен қолдорбаларды дәстүрлі оюмен өрнектеп, таза былғарыдан кәдесый жасайтындардың қатары да жыл санап көбейіп келеді. Бірі – қолөнермен ерте жастан айналысса, енді бірі – оны оңай меңгеріп кәсібін дөңгелетіп әкеткен. Былғарыдан бұйым жасап машықтанған кейіпкеріміз Ербол Жақыпұлы тиімді әрі пайдалы этнобизнеске қалай келгенін әңгімелеп берді.

717f377d-737e-4830-8774-ebba8bd3a241Әр отбасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жақсы дәстүр болады. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, «Кәсіп пен нәсіптің» бүгінгі кейіпкері Ербол Алмағамбет ерте жасынан еңбекке епті болып өскенін айтады.
– Қазір 6-курста оқимын. Мамандығым – жалпы медицина. Сабақтан қолым қалт еткенде ізденіп жүріп, бір жыл бұрын кәдесый жасауды қолға алдым. Жеке кәсіпкер болудың ең жақсы тұсы ешкімге тәуелді емессің, өз еркің өзіңде. Өзіңе өзің бисің, - дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша, қазір интернет дүкен ашып отандық өнімді жарнамалауға да, саудалауға да болады. Таза қара мал терісін баптап, былғарыдан тапсырыс берушінің сұранысына қарай әмиян, белдік, сағат, қолдорбаларды жасайды. Ою-өрнекпен көмкерілген қолөнер бұйымына тіпті түрлі жазу да жазылады. Әуелде шырайлы шаһарда басталған кәсіп қазір Алматы қаласында жалғасып жатыр екен. Яғни, уақытша Алматыда жасалып, басқа қалаларға жеткізіледі.
Ербол ұлттық нақыштағы бұйымдарды нарыққа шығару, оған тұтынушылардың сұранысын арттыру оңай емес екенін айтады. Кез келген кәсібінің көркіне әр беретін ұлттық ою-өрнектер екенін жасырмай айтқан Ербол Алмағамбет алдынан қандай қиындықтар кездессе де, бұл кәсіптен бас тартпайтынын алға тартты.
– Бұйырса жалпы тәжірибелі дәрігер болу ойда бар. Бірақ «жігітке жеті өнер де аз» деген ұстанымда өмір сүремін. Бұл – кәсіп. Қаншама адам осы этнобизнестен пайда тауып отыр. Біз мемлекеттік бағдарламаларға қатысып көргеніміз жоқ. Бірақ мемлекет бізге не береді деп қол қусырып отырудан аулақпыз. Біреуге пайдамыз тисе қуанамыз, әрине.
Бүгінде ұлттық оюмен көмкерілген өнімдеріне тек Шымкентте ғана емес, өзге өңірлерде де сұраныс жоғары. Дегенмен, кәсіпкер саннан бұрын сапаға баса назар аударатынын және әрбір бұйымның дизайны, стилі ерекше болғанын қалайтынын айтады.
– Санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Сұраныс көп екен деп, қаптатып өнім шығара бергім келмейді. Баппен, байыппен тұтынушыларға сапалы дүние ұсынғым келеді. Бұл мақсатымнан еш уақытта тайған емеспін, – деп түсіндірді жас кәсіпкер.
Мегаполисте Ерболдай қолы алтын, мамандығына адал, еңбекқор жігіттердің көптігі қуантады. Теріні кәдеге жаратып, кәсібін дөңгелете білген жас кәсіпкердің өнімдері алдағы бес-он жылдықта брендке айналары сөзсіз.