Бұл – сынақ. Оны жеңу – мұрат Избранное

Пятница, 17 Апрель 2020 02:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 348 раз

754598826668216

Коронавирусқа байланысты бүкіл елде жарияланған карантин бәріміз үшін сын сағаты болып тұр. Жайшылықта бағасына жетпей жүрген көптеген қымбат мүмкіндіктердің мәнін енді түсіне бастағандаймыз. Бұл күндер өткенді саралап, келешекке жоспар құруға, ескерусіз қалған тірліктерді мұқият зерделеуге мүмкіндік беріп отыр.

Біз, пенделер, қолымыздағы қаржыға сағат сатып алуымыз мүмкін, бірақ, уақытты сатып ала алмайтынымызды елімізде Төтенше жағдай жарияланғалы терең түйсінген секілдіміз. Бастапқыда үйден шықпай отыру уақытты зая кетіру секілді көрінгені де рас. «Екі апта шыдасақ, үйқамақтан, қашықтан оқудан, қашықтан жұмыс істеуден құтыламыз» деп өз-өзімізді алдаусыраттық. Бірақ, отбасымен бірге өткізген дәл осы күндер үй-ішімізбен ынтымағымызды арттырып, бала-шағаға көңіл бөлуге, рухани ізденіп, баюға жол ашып отырғанын ұқтырды.
Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетінің шарықтау шегі сәуірдің ортасына тұспа-тұс келетінін айтты. Енді карантин 1-мамырға дейін созылды. Осы орайда Шымкенттің мүйізі қарағайдай қаламгерлері карантин кезінде немен айналысып жатыр екен?

C8uH7GnWsAEPp9VҚасқалдақтың қанындай қазақы өлеңді өмірінің мәні еткен ақын, К.Симонов атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері, журналист Нармахан Бегалыұлы карантин кезінде уақытты бос өткізбеу үшін ең сабырлы да ақылды досы – кітапты қолынан түсірмепті.
– Қатерлі індетке байланысты үйде отырған уақытта Ұлы Абайдың туылғанына 175 жыл толуына байланысты жарияланған зерттеулерге ден қойдым, конспекті жасадым. Төтенше жағдай енгізілгелі бері «Қазақ әдебиеті» газетіндегі біраз мақалаларды, Мырзагелді Кемелдің «Өзіме сабақ» дейтін кітабын ыждаһатпен оқыдым. Бұл уақыт үйде қарап отырмай, жазуымызға да септігін тигізді. Үйде болған уақыттарыма ризамын. Көптен бері жүректе жатталған ойларымды «Егіз-лебіз» деп айдарлап, әрқайсысы екі тармақтан құралатын 350-ге жуық мақал-мәтел үлгісіндегі жазбаларды қағаз бетіне түсірдім. Қаншасы кәдеге асатынын уақыт көрсетер.
Шымкентте тұратын немерелерім Ақселеу Сейдімбеков атындағы №80 мектеп-лицейдің оқушылары. Үлкені – Сұңқар (7-ші), кішісі – Ардақ (2-ші сыныпта) екеуі де сабағын қашықтан оқып жатыр. Кеше Ардақтың мұғалімі Айжан Ергешова балауса шәкіртіне мынандай хат жазыпты: «Ақылдым, менің Ардағым! Сенің еңбектеніп, тапсырмаларды орындап жатқаныңа ризамын. Сенің қолыңнан бәрі келеді. Тамаша, сен үшін қуаныштымын, жарайсың!» - депті. Осыған қуанып отырмыз. Төтенше жағдайға байланысты үйде уақытша қалған бала көңілін көтеріп, қиялына қанат бітірген ұстазына рахмет!
Бернард Шоу: «Ғылыми-техникалық прогресстің нәтижесінде көкке құсша самғауды, суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ, адамша өмір сүруді үйренбедік», - деген екен. Коронавирус бізге Алланың шегінен аттамауды, адамдық қасиеттерімізді тәрк етпеуді, жарқанат пен жыланды, қыбырлаған, жыбырлаған жәндіктерді, иттің етін жемеуді, жарамсыз қылықтарымыздан арылуымыз қажеттігін қатаң ескертті. Адамзатқа төтенше төнген бұл нәубеттен кейін естілер етек-жеңін жинап, жер тағдыры, өмірдің мәні туралы тереңірек ойланатын шығар. Жақсы күндерде жолығайық! - дейді қаламгер.

 

Журналистердің де жүгі ауыр

maxresdefaultБайдулла Қонысбек, Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік журналистикасының ардагері:

– Көк жәшіктен елдегі бүгінгі ахуалды, әлемдегі жағдайды қалт жібермей қарап отырамын. Арасында қолыма қалам алып, ойыма келген дүниелерді қойын дәптеріме түртіп қоямын. Кітап оқимын. Үш жасқа толмаған кішкентай немеремді ермек қылып, әжесі екеуміз ортамызға алып ойнатамыз, әңгімелесеміз. Бірақ, есіктің алдына шықпаймыз. Тек ұлым дүкенге барып, қажетті азық-түлігімізді әкеліп береді. Бұл індет талап пен тәртіпке бағынғанда ғана беті қайтатынын Қытайдағы жағдай көрсетіп берді. Әлі де бұл мәселеге жүрдім бардым қарап, елемей жүргендер кездеседі. Ондай жандар бұл қатерлі дертке өзі ғана шалдықпай, айналасындағы қаншама адамға тарататынын, қоғамға қаншалықты қауіп төндіретінін ойлануы керек. Оны құдайдың құтты күні айтып та, көрсетіп те жатыр емес пе? Науқастарды індеттен аман алып қалайық деп медицина қызметкерлері үй бетін, бала-шағасын көрмей, өз өмірін тәуекелге тігіп, күндіз-түні жанкештілікпен жұмыс істеп жатыр. Полиция қызметкерлері жүр күн-түн демей тәртіпті қадағалап. Осының бәрі халықтың денсаулығы үшін, қауіпті дерттің алдын алу, жолын кесу үшін жасалып жатқан қадамдар. Мемлекет, жергілікті билік қолдан келген барлық шараларды, көмекті көрсетуде. Осының бағасын, осының мемлекетіміздің экономикасына қаншалықты салмақ салып жатқанын түсінуіміз керек.
Мемлекет тарапынан дәрігерлерге үстемеақы тағайындап жатқанына, олардың еңбектерін бағалап, ынталандырып жатқанына өте риза болып отырмын. Алдағы кезде де карантинсіз-ақ дәрігерлер мен мұғалімге, полицейлерге деген оң көзқарасын осы күйінде қалдырып, олардың еңбекақысын дамыған шетелдердегі жалақы коэффициентімен теңестіру қажет деген ой, ұсыныс, тілек бар, - деп Байдулла Қонысбек тиісті сала мамандарына деген сүйіспеншілігі мен жанашырлық сезімін жасырмады.
– Жаңалықтардан еріктілердің жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне азық-түлік апарып, көмек қолын созғанын көріп, адамдардың мейірімі мен бір-біріне деген жанашырлығы артып келе жатқанына шүкіршілік еттім. Нарықтық заманда «адамдар қатыгезденіп бара жатыр ма» деп ойлаушы едім. Біздің өрімдей қыз-жігіттеріміз мұқтаж жандарға көмек беріп жатыр. Шын мәнінде, жастарымызға сенуге болады екен. Олардың бойындағы қайырымдылық, үлкенді сыйлау, жүрек тазалығы сияқты қасиеттерді бүгінгі сын сәттер көрсетіп берді.
Бірақ, бір ғана «әттеген-ай» дейтін жеріміз де жоқ емес. Індеттің қақ ортасында жүрген журналистердің еңбегі ше?! Оларды кім елеп, ескеріп, ауызға алып жатыр? – Оңтүстік журналистикасының атасы осы мәселеге де билік өкілдері назар аударса деп ойлайды.
– Журналистерге де өте ризамын. Әлемдегі барлық ақпаратты қолына қалам, микрофон ұстаған, иығына камере артып алып шапқылап жүрген осы қауым өкілдері жеткізіп отыр. Ауру ошағына барып, қорықпай репортаж жасап жүрген журналистер, операторлар, фотографтар қызметтерін қалтқысыз орындауда. Олардың еңбегі бұрыннан адал, қазір тіпті еселене түсті десек артық айтқандық емес. Журналистердің де еңбегі дәрігер мен мұғалімнен, полицейден бір мысқал кем емес», - дейді.
«Арман деген көп белес. Біріне шықсаң – бірі бар. Белес түбі бір асқар» демекші, карантин кезінде үйде отырып, алаңсыз армандар картасын жасап жатқанымыз рас. Ал ең басты арманымыз – мына қатерлі дерт елімізге дендемей, бір-бірімізбен жадырап көрісетін күн тезірек жетсе екен дейміз.

 

 
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.