ҚАЗАҚТЫҢ ӨР РУХЫНЫҢ НЕГІЗІНДЕ ИМАН ЖАТЫР Избранное

Вторник, 05 Май 2020 23:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3572 раз

95398322 2923910597699657 838081924860739584 n

Жеңіс! Осы бір ауыз сөздің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Оны әр адам, әр халық өзінше пайымдап, өзінше ұғынады...

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында жеңіс деген, ең әуелі, жауды жеңу емес, өзіңді жеңу. Өз бойыңдағы тәкаппарлықты, менмендік пен көрсеқызар нәпсіқұмарлықты, кертартпалық пен кержалқаулықты жеңіп, ездік пен екіжүзділіктен сақтана білсең, нағыз жеңімпаз болғаның. Жеңілістің ащы дәмін татып, шын жеңістің не екенін түсінген, оның қадіріне жете білген адамның да, ұлттың да бағы ашылып, айдарынан жел еседі.

Міне, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұл оқиғаның ұлт тарихында алар орны ерекше. Өйткені, осынау Ұлы Жеңіске қазақ халқы да орасан зор үлес қосты. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда сол кезде өмір сүрген 6,2 миллион адамның 1,2 миллионы соғысқа аттанған. Соның ішінде 601 мың азамат туған жеріне орала алмай, майданда шейіт кетті.
Соғыс жылдары қазақ жауынгерлері ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. 100 мыңнан астам сарбаз түрлі орден-медалдарға ие болса, 528 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды.
Қазақ халқы жеңісті жақындатуға майданда ғана емес, тылда да орасан зор үлес қосты. Фашистер КСРО-ның батыс бөлігін жаулап алған тұста Қазақстан негізгі өндірістік базаға айналды.
Мына деректерге назар салыңызшы: 1941-1942 жылдары Қазақстанда 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы мен 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты іске қосылған.
Соғыс кезінде жалпыодақтық мыс құймасының – 30 пайызы, марганец кенінің – 60 пайызы, мыс кенінің – 50 пайызы, металл висмутының – 65 пайызы, плоиметалл кенінің – 70 пайызы, мырыштың 85 пайызы Қазақстанда өндірілді.
Одақтағы мыстың үштен бір бөлігі Қазақстанда өндірілгендіктен, жауға қарсы атылған әрбір тоғыз оқтың жетеуі Шымкент қорғасын зауытында құйылған.
Жалпы, соғыс жылдары
КСРО-ның өзге аймақтарынан қазақ жеріне 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінсе, елде барлығы 460 ірі зауыт-фабрика жұмыс істеп тұрған.
Білесіз бе, егер осынша өндірісте тепсе темір үзетін атпал азаматтар еңбек етсе, мұның бәрі ештеңе емес еді-ау. Бірақ, зұлмат жылдары еңбекке жарамды ерлер қан майданға аттанған кезде бұл ауыртпалықтың бәрі әйелдер мен балалардың және қариялардың мойнына түсті.
Тылда еңбек еткен олар майданға 30 миллион пұт – астық, 15 миллион пұт – картоп пен көкөніс, 16 миллион пұт – ет, 3,2 миллион центнер – сүт өнімдерін, 2,5 миллион дана жылы сырт киім жіберген. Қала берді, КСРО-ның жаудан азат етілген аудандарына көмек ретінде қазақтар 500 мың бас мал, оның ішінде 110 мың жылқы жіберген.
Біз көрсеткен деректер Қазақ
станның жеңіске қосқан үлесінің бір парасы ғана. Әрі біз оларды қанша тізбектесек те, бұл цифрлар бәрібір соғыс жылдарында қазақтың басына түскен қайғы-қасірет пен тауқыметтің, халқымыздың жанқияр ерлігі мен жанкешті еңбегінің шынайы өлшемі бола алмайды.
Сенбесеңіз мына бір жазбаға зер салыңыз: « ...«Қызыл батыр» колхозының ауданында 1942 жылы қарашаның 23-і күні ол өз минометімен дәл көздеп атып, жаудың жаяу әскерінің бір взводын жойды. Шарнутовский хуторының түбінде 1942 жылы 26 қараша күні жаудың 36 танкісі үш жақтан батареяны қоршайын деді. Сыпатаев жолдас минометімен атқылап жаудың бірнеше танкісі мен оның соңынан ілесіп келе жатқан жаяу әскерді тоқтатты. Тағы бір неміс танкісі минометке тақап қалғанда оның жолын бөгеу үшін Сыпатаев қолындағы жарылғыш затты бауырына басып, танктің астына түсіп кетті. Сөйтіп жау танкісімен бірге өзін жарып жіберді».
Иә, бұл қазақтың қаһарманы Қарсыбайдың, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың марапаттау қағазынан алынған үзінді.
Майдан даласында мұндай көзсіз ерлікті тек Сыптаев қана жасаған жоқ. Алысқа бармай-ақ, Оңтүстік өңірдің тағы бір тумасы, мынау Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылының қарадомалағы Қарақозы Әбдалиев те Мелитополь қаласын азат ету үшін болған шайқаста қолындағы бірнеше гранатасымен бірге жаудың «Тигр» атты алып танкісінің астына түсіп, шейіт кеткен.
Жаумен айқаста өз-өзін ойланбай құрбан еткен бұл неткен ерлік пен өрлік еді?! Бодандықтың қамытын мойнына мықтап киген, жаппай ашаршылықтың кесірінен миллиондаған адамынан айырылған, саяси қуғын-сүргін жылдарында бүкіл элитасы жіпке тізіліп атылған халықтың рухы жасып, жігері мұқалмас па еді?
Жоқ, қазақ халқы басынан өткен сонша зобалаңға қарамай қаншама қаһарман ұл тудырып, жеңіске қарай сеніммен қадам басты. Қайтсе де жігері мұқалмайтын бұл неткен қайсарлық? Осыншама өр рухтың астарында не жатыр? Әрине, иман жатыр.
Сөз басында жеңісті әр адамның, әр халықтың өзінше ұғынып, өзінше қабылдайтынын айттық қой. Ата-бабаларымыз жер бетіндегі шайқастарда кім жеңіп, кім жеңілгеніне қарамай, нағыз жеңіс аса қамқор, ерекше мейірімді, ең әділетті әрі ең құдіретті, барша жаратылыстан қашан да үстем болған Аллаға тән екенін білген және соған шүбәсіз сенген.
Батыр бабаларымыз мал-мүлкін, отбасын, туған жерін, өз Отанын қорғауды Алланың алдындағы парыз деп білген. Азғындыққа, әділетсіздікке қарсы тұрып, зұлымдықпен күресуді адамдық борышы санаған.
«Сапымыз Хақтың, әділеттің жағында болса, бұл соғыстың соңында жеңсек – қаһарман, өлсек – шейіт боламыз» деген сенім Қарсыбайлардың жүрегінен өлім қорқынышын алып тастаған. Өйткені, соғыста өлу шын мұсылман, нағыз қазақ үшін трагедия емес, керісінше екі дүниенің зор бақыты.
Осынау исламдық сенім жүйесі мың жыл бойы бабаларымыздың қанына сіңіп, сүйегіне дарып, ұлттық дүниетанымның негізіне айналды. Яғни, қазақ халқының Ұлы Отан соғысында танытқан өр рухының астарында осындай берік сенім, идеялық негіз жатыр еді.
Бүгінде білерді білмес кей бауырларымыз «Неге біз сол соғысты Ұлы Отан соғысы деп атаймыз? КСРО біздің Отанымыз ба еді? Аталарымыз жат жерді қорғау үшін қан төкті ме?» дейтін ағат әңгіме айтады.
Біріншіден, аталарымыз КСРО жеңілсе, жаудың қазақ жеріне де түбі келіп жетерін білді. Сондықтан олар жат жерді емес, өз Атамекенін қорғау жолында басын құрбан етті.
Екіншіден, Исламда ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафадан (оған Алланың разылығы мен сәлемі болсын) қалған соғыс әдебі бар. Ол әдептің басты шартының бірі – соғыс кезінде дұшпанның әйелдері мен балаларына және қарияларына зәбір көрсетпеу. Екінші шарты – тұтқынға түскен жау әскерін азаптап, қорламау. Майданда қолында қаруы бар кезінде оны өлтіруге болады. Ал, тұтқынға түсіп, қол-аяғына кісен салынды ма, оның басқа құқығы пайда болады. Ол құқық – адамдық құқығы. Мейлі дұшпан болса да шын мұсылмандар оның құдай жаратқан адам екенін ұмытпаған және соған лайықты қарым-қатынас жасаған.
Адамзат тарихы фашистердің осы қасиетті қағидалардың бәріне қарама-қайшы әрекет жасағанына куә. Ол зұлымдар әйел, бала, қария деп бөлмеді, бәрін бірдей қырып салды. Ал, концлагерлерде тұтқындарға жасалған зұлымдықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-тін. Осындай азғындыққа қарсы шайқас жүріп жатқанда жан сауғалап, үйінде жату шын мұсылман, нағыз қазаққа тән қылық емес. Демек, аталарымыз сталиндік жүйені қорғау үшін күрескен жоқ, адамзат баласына қарсы жасалған үлкен қылмыспен күресті. Демек, біздің аталарымыз – нағыз шейіт.
Ұлы Отан соғысы – қазақ тарихындағы көп соғыстың бірі ғана. Әрі біздің бабаларымыз қай соғыста болса да, өз Отанын қорғау мен зұлымдыққа қарсы тұру жолында ғана күрескен. Ешқашан зұлымдардың жағында болмаған. Демек, біз әділеттік жолында миллиондаған перзенті шейіт түскен қаһарман ұлттың, ұлы ұлттың ұрпағымыз.
Қасиетті Құранда «Алла жолында өлтірілгендерді «өлді» демеңдер. Жоқ, олар тірі. Бірақ, Сіздер оны білмейсіздер» дейтін аят бар. Демек, шейіт кеткендер ешқашан өлмейді, олардың рухы мәңгі бізбен бірге жасай береді.
Келер ұрпақтың бойына ата-бабамыздан мирас болып қалған «Шейіттер өлмейді» дейтін осы сенімді сіңіре алсақ, сөйтіп олардың жүрегінен өлім қорқынышын алып тастасақ, қазақтың зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы тұрар өр рухын қайта оятсақ, Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекеттілігіміз мәңгі болары шүбәсіз.
Міне, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесінен алар ғибратымыз осы.