Ардагерлер – ардақты ерлер Избранное

Вторник, 05 Май 2020 23:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1099 раз

5cd3bef97657b

Мемлекет басшысы Жеңістің 75 жылдығына орай еліміздегі әрбір соғыс ардагеріне бір миллион теңгеден берілетінін атап өтті.

Қариялар – қазынамыз. Сұрапыл соғыста жаудың бетін қайтарып, жеңісті жақындатқан кешегі майдангер бүгінгі ардагер қарттарымызды қадірлей білуіміз керек. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай айтқандай, соғыс ардагерлерінің қатары жылдан жылға сиреп келеді. Келешек ұрпақ батыр аталарымыздың ерлігін өнеге етіп, бейбіт күннің қадірін ұғына білуі тиіс.

Ең қарт ардагер 104 жаста

Мемлекет басшысы Жеңістің 75 жылдығына орай еліміздегі әрбір соғыс ардагеріне бір миллион теңгеден берілетінін атап өтті.
«Ия, қарттарға деген қамқорлық азаймақ емес. Барлық ҰОС ардагерлері, оған теңестірілгендер мен олардың жесірлері Жеңіс күні қарсаңында назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігінше сый-сыяпаттар жасалады.» Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Нәштайұлы осылай дейді.
Көненің көзі, тарихтың өзі болған ардагерлер жылдан жылға арамыздан кетіп жатыр. Көңілді мұңайтатын да осы жағдай. Қаладағы соғыс ардагерлерінің арасындағы жасы ең үлкені Нигмат Гареев ақсақал 104 жасқа келді.
– Шүкір, қарияларымыздың жағдайлары жаман емес. Немерелері, шөберелері жанында. Денсаулығы жақсылары аяңдап ардагерлер кеңсесіне келіп тұрады. Ең жасы кішісінің өзі – 92-де. Қолдау жеткілікті. Ең үлкен қолдау мен демеу – жүректен шыққан жылы сөз.
Биылғы мереке қарсаңында да қадірлі қарттарымызға сый-сыяпаттар үлестірілуде. Мемлекеттің көмегінен бөлек, түрлі мекеме басшылары, кәсіпкерлер әдеттегідей әлеуметтік азық-түлік пакеттерін беруде. Мәселен, «Жаңа Алмас» дүкенінің басшысы Раушан Ізбасарова 40 ардагердің үйіне барып, пакетін табыстап шықты. Одан бөлек, «Еурофарма» компаниясы, тағы басқа кәсіпорын басшылары да әдеттегідей мерекелік тартуын жасайды, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жылда мереке қарсаңында түрлі патриоттық іс-шаралар, әскери шеру, тағы басқа жиындар өтіп жататын. Өкінішке қарай, биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты ардагерлердің үйіне барып құттықтау, кең көлемдегі іс-шаралар ұйымдастыру мүмкін болмады.

Майдангерлерге – бір миллион теңге

Бүгінде қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жалпы саны – 40. Қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан олардың әлеуметтік жағдайларына үнемі бақылау жасалады.
Шымкент қаласының мәслихаты 75 жылдық мерейтойға орай Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне 360 АЕК, яғни бір миллион теңге көлемінде сыйақы беру жөнінде шешім қабылдады. Ал тыл еңбеккерлеріне 33 мың теңгеден үлестіріледі.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына өзгеріс енгізіліп, мына санаттағы азаматтарға да бір реттік қаржылай қолдау жасалады. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 1490 адамға 100 000 теңге; 3851 тыл ардагеріне – 33 336 теңге; ҰОС мүгедектерінің қайтыс болған, басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 33 336 теңге; Ленинград қаласын қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарға (жалпы саны 5) – 63 894 теңгеден; бұрынғы
КСРО-ны қорғау кезінде жаралануына, контузия алуына, жарақат алуы немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге (жалпы саны 346 адам) –105 564 теңгеден беріледі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.