«Перекурдағы» әңгіме

Вторник, 05 Май 2020 23:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3018 раз

1useynov ali foto result

Кеңес өкіметі кезінде республикалық «Казпищестрой» тресінің Шымкентте құрылыс басқармасы болатын. Соған қарасты құрылыс учаскесінде соғыс ардагері Әуез Әлібеков де құрылысшылар қатарында жұмыс істеді. Күнделікті тынымсыз еңбектің ара-арасында «перекур» дегені болады. Кейде «раствор» уақтылы келмей, күтіліп қалатын уақыттар да ұшырасатын. Сол кезде жастар тобы жасы алпыстан асып кеткен ардагер ақсақалды орталарына алып, оның жас кезінде басынан өткен қызықты уақиғаларын айтуды өтініп, қасына жинала қалатын.

Әуекеңнің әңгімелері өте қызықты еді. Әсіресе сонау 1929-1932 жылдардағы ашаршылық кезеңді көзімен көріп, ондағы қиыншылықтарды басынан өткерген жанның баяндаулары тартымды-тын. Бір жасында әкесінен айырылған Әуез шешесімен Камал ағасының қолында қалып қояды.
Ел басқарудың иісі мұрнына бармайтын кәсіпқой төңкерісші – Голощекиннің саясатының және «коллективтендіру» деген әжептәуір бастаманың Қазақстандағы солақайлығы салдарынан ашаршылыққа ұшыраған қазақ халқы қатты қиналып жатқан кез еді. Тамақ іздеп ел-елге, жер-жерге босқан адамдарды жолай олардан да өткен аш бөрілер жеп, тіпті кейде сол бөрілерден құтылу үшін оларға қызын тастап, ұлын қолына алып қашып құтылған адамдары да бар заман еді, сол бір шақ.
Осындай ашаршылықтан аман құтылу үшін Камал ағасы отбасын алып, туған ауылы Жаңақорған ауданы, Қожамберді елдімекенінен Самарқан облысындағы Галла-Арал кентіне көшіп барады. Сол жерде есейген Әуез Совет Армиясы қатарына шақырылып Моңғолстанда әскери борышын өтейді. Бұлар өзі бір төбе әңгіме.
Содан, одан да қиын кезең – ел басына күн туған Отан соғысы жылдарындағы қиыншылық тағы бір төбе әңгіме. Әуез қария көбінесе осы соғыс туралы айтатын. Сол бір әңгімелердің арасында, бірде «өзінің «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылғанын» газет бетінінен оқығанын, бірақ сол орден әліге дейін бұған табысталмағанын да айтып берген. Тыңдаушылар да әр түрлі ғой. Біреулері сенеді, енді біреулері сенбейді.
Айтушылары кейінгі кездің тумалары болмаса, бұрынғылыры шіли қиялға баратындар қатарында емес ғой. Ондай сұрапыл соғыстарды басынан өткергендер аз-маз қиял қосса да айыбы жоқ. Бірақ сонда да майда-шүйде төс белгі емес, «Қызыл Жұлдыз» орденін еріккен адам ала бермейтіні де шындық. Әлде шалың «құласаң түйеден құла» деп отыр ма? Оның үстіне анау-мынау «ана шаһарды алуға қатысқаны үшін», «мына қаланы азат етуге қатысқаны үшін» десе бір сәрі, «көптің бірі боп қатысса қатысқан шығар» деп қоя салатын. Бірақ бұл медаль емес, орден ғой. Ол үшін ешкім өтірікке бармас. Бірақ сонда да анықтап көру керек екен» деген ойға келген сол жердегі «комсомолы» бар, «активисі» бар, «профсоюз комитетінің» мүшесі бар, бұл әңгімеге сенгені бар, «бір өтірігін шығарайық, шалдың» деп оның айтқанына сенбегені бар, шал жоқ кезде барлығы алқа-қотан отыра қап Мәскеудегі КСРО Қорғаныс министрлігіне хат жолдаған.
Ол хатта, Ұлы Отан соғысына қатысушы Әлібеков Әуездің Харьков үшін шайқаста ерен ерлік көрсетіп, оның сол соғыстағы орасан батырлығының арқасында жаудың талай сарбазы қырылып, ал совет солдаттарының аман қалғаны туралы көрсетіліп, сондай шайқастардан соң Әуездің «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаны туралы, бірақ сол орденнің әліге дейін егесін таппағаны туралы көрсетілген еді.

 

imagessogys


...Немістер 1941 жылы Қызыл Армияны қуып Харьковтан бері өткенде де, 1943 жылы енді сол Қызыл Армиядан тырақайлап қашып ары өткенде де, сол фашистердің аяғына тапталып, әбден қорлық көрген Украинаның ескі астанасы – Харьков отқа оранып жатты. Қара көк қою түтін. Артиллерияның күркіреген, танктердің гүрсілдеген, минометтердің ысқырған оқтарының дыбыстарынан құлақ тұнып, естуден қалдырар шақ еді. Әрбір көше үшін, әрбір үй үшін, әрбір қабат үшін, әрбір пәтер үшін жан берісіп, жан алысып, айқас жүріп жатты. Әуез Әлібеков қызметте болған рота біресе алға жылжып, біресе кейін шегініп, бір жерге тұрақтай алмай жатқандарында, Әуез қасындағы оншақты жігітпен алға сұғынып кетеді де бес қабатты үйдің ішінде айқас жүргізіп жатады. Бірінші қабат алынып, одан екінші қабат, сосын үшінші қабат алынып, содан барлық қабаттар тазартылып, енді төмен түскенде, бірінші қабаттан жаудың әскерлері кіріп келген еді. Демек сырттағы рота кейін шегінгені. Әуез жауды көріп қалғасын пулеметтен оларға оқ жаудырып, жауды жайпай бастайды. Пулемет оғы таусылып, ол енді қол қаруынан оқ атып жоғарыға шегіне, атысын жалғастыра береді. Үшінші қабатқа келгенде есігі ашық қалған пәтерде неміс пулеметін көріп қалады да соған асығады. Ол өліп қалған неміс пулеметшісінің қарысып қалған саусақтарын пулеметтен ажырата салып атысты жалғастырған-ды. Неміс пулеметшісі атысты бастамай жатып оққа ұшқан болуы керек, және Әуезге Алланың өзі жәрдем берген шығар, себебі пулеметтің қасында оққа толы қораптар мол екен. Әуез пулеметті «багі бензинге толы мәшинедей басқарып, өй бір жүйткітті-ай!» Тәшін қаласың! Пулемет зуылдамаса да сақылдады. Пулеметтің сақылдағаны Әуез үшін «ЗиМ» жеңіл автокөлігінің зуылдағанынан артық еді. Немістерің шалғымен орылған баудай түсіп жатты. Әуез олардың басынан да, «шашынан» да көздеп, «енелерін ұрып» жатты. Содан екінші қабатқа түссе, бұл жер немістерден таза екен. Одан бірінші қабатқа түсті. Мұнда да ешкім көрінбейді. Мұндағылардың барлығы үшінші қабатқа ентелеп, Әуездің атқан оқтарынан о дүниеге аттанған екен.
Бұл енді жайымен бұқпантайлап, бас шығарып, сыртқа көз салса, сыртта қырғын атыс болып жатыр. Құм салынған қаптарға жасырынып алып, жиырма шақты неміс совет әскерлерін бері өткізер емес. Әуез қойды көрген қасқырдай болды да, әлгі автоматтарын дамылсыз «бытырлатып» жатқан немістердің құйрық жағынан пулеметін сақылдатты-ай бір! Неміс қасқаларың «Ой, майн Гот!» деп айтуға ғана шамалары жетіп, сұлап жатты. Мұны көрген, яғни неміс оғынан бас көтере алмай жатқан Совет әскерлері әуелі Құдайға, сосын Әуезді тудырған ҚАЗАҚҚА, сосын сол дәл Әуездің өзіне «рахметтерін» айтқандай, алға «урралап» ұмтылған. Өз кезегінде Әуез де енді пулеметін арқа тұсындағы немістерге бұрып, шабуылға шығып келе жатқан өз әскерлеріне жол ашуға кірісті. Қалың әскер бұның қатарына келгенде Әуез де солармен бірге «урралай» алға ұмтылған. Он-он бес қадамнан соң тағы да көпқабатты үй үшін шайқас басталып, әскер қайтадан қорғаныс позициясына көшті. Әуез енді пулеметті қойып, қасындағы өлген әскердің автоматын алып, аз-кем атысқаннан соң, бірге шабуылдаған әскерлердің рухын көтеру үшін: «Сталин үшін, Отан үшін, украин бауырларымыз үшін, алға!!!» – деп, орнынан ұшып тұрып, автоматтан оқ жаудыра алға ұмтылған. Оншақты қадам аттағанында аяғынан оқ тиді. Ол құлап бара жатып, өзінің соңынан Қызыл әскерлердің өре түрегеліп, «урралап» шабуылға шығып келе жатқанын көрді.
Әуез өз тұсынан өтіп бара жатқан роталастарымен бірге шабуылға шыға алмай, құлап жатқанына өкіне, есінен танып қалды. Оқ аяғынан оңдырмай тиіпті.
Әуезді дереу Кисловодск курортына әкеліп емдеген. Бірақ ол сол жерде бірнеше айдан соң жазылғасын, оны комиссия «әскерге жарамсыз» деп танып, елге қайтарды. Баку шаһарынан пароммен Красноводскіге жетіп, одан Галла-Аралдағы туыстарына аман келді.
Елге келген соң әскери «Красная Звезда» газетінен бұл өзінің Харьков үшін шайқаста 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын оқыған. Алғашқыда орденін күтіп жүрді де, кейін Ұлы Жеңістің қуанышымен бе, әлде соғыстан соңғы қалпына келтірудің машақаты көп жұмыстарына араласып кеткеннен бе, әйтеуір сол орден естен шыққандай болды. Тәжікстандағы «Алтын Тапқанда» карьер жұмысының құрылысына араласты. Тау арасы, жаңа кен орны коммуникациядан ада еді. Автокөлік, техника, қазу машиналары, жабдықтау көлігі жүре алатын жол тіпті жоқ. Бұл қиындықты жеңу үшін Әуез Мақтаралдағы Славянкада (қазіргі Мырзакент) тұратын туыстарынан түйелер жинап, «автобаза», жоқ қателесіппін, «түйебаза» ашты. Түйе дегенің нағыз «внедорожник». Яғни, түйелерді жинап, керуендер құрастырып, мемлекетке өте маңызды «Алтын Тапқан» кенішін жабдықтауға үлкен үлесін қосты. Кейін Шымкенттегі «Казпищеторгтың» құрылыс учаскісіне ауысқан.
Әлгі әңгіме тыңдағыш «активистердің» Әуез ақсақалдың Харьковте жасаған ерліктеріне сенгендіктерінің немесе сенбегендіктерінің арқасында ССРО Қорғаныс министрлігіне жіберген хатына жауап 1994 жылы келді. Сол жауаппен бірге «Қызыл Жұлдыз» ордені де жүзін көрсетті. Арада аттай елу жыл өтіпті. 1944 жылы марапаттау туралы Указ шықса, ол орден егесіне 1994 жылы тапсырылды. Бұл «Казпищестройдағы» «перекур» кезіндегі айтылған өте мәнді де, мағыналы да, маңызды әңгіменің арқасы еді...

 

Әбдінағым КӨШЕР,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.