Тәтті де, сәтті бизнес Избранное

Пятница, 15 Май 2020 02:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 652 раз

Жансая

Шәкәрім атамыз «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы көктем бұрынғы көктемдерден өзгерек болып тұр. Қала көшелері бос қалып, адамдар үйлеріне қамалды. Иә, бұрын соңды болмаған әлемдегі ахуал көпшілікке оңай тимеді. Жас кәсіпкер Жансая Ержанова дүниежүзін шарлаған індет адамзатқа ортақ ой салғанын айтады.

Шымкент тұрғыны Жансая Ержанова елге оралғалы ерекше кәсіпті қолға алған. 27 жастағы бойжеткен құрамында қанты жоқ, табиғи өнімдерден ғана тұратын дәмді шоколадтарды дайындаумен айналысып жүр. Жас кәсіпкер бизнестің қыр-сырын шетелде үйренген.
– Университетті тәмамдаған жылы кәсіп бастауға бекіндім. Алғашқыда Қытайдан тауар алдырып, саттым. Автокөлік бизнесінде де өз бағымды сынап көрдім. Жарнама агенттігін енді қолға алғанымда шетелге оқуға грант жеңіп алып, бизнестен уақытша кеттім. Молдавия еліндегі белді университеттердің бірінде бизнес және әкімшілік мамандығы бойынша білім алдым. Дипломдық жұмысым шоколад бизнесі жайында болды. Оны жақсы деген бағаға қорғап шықтым, – дейді жас кәсіпкер.

 

89896


Жансаяның бұл бизнесті таңдауы да бекер емес. Ол тәтті құмарлығының арқасында жарты жылда 20 келі артық салмақ жинаған. Кейін құрамында қант жоқ шоколадты іздеуге көшкен.
– Шетелде жүріп артық салмақ жинаймын деп мүлдем ойлаған емеспін. Тәттіден бас тарту да оңайға соқпады. Бір күні супермаркетте жүріп қантсыз жасалған шоколадқа көзім түсті. Бірақ бағасы қалтамды көтермеді. Айдың соңында студенттің қалтасында санаулы тиын ғана қалады ғой. Кейін үйге келген бойда ғаламтордан қант қоспай шоколад жасауды үйрене бастадым. Дайын рецептерге өз қалауым бойынша қоспалар қосып, жаңаша дәм беретін тәтті жасадым. Оны құрбыларым мақтап, жеп алды. Содан бастап шоколад жасауға қызығушылығым оянды. Ақшамды үнемдеп, Украинаның Одесса қаласында орналасқан Шоколад музейінде болдым. Ол жерде шоколад шеберханасында қосымша сабақ алдым. Менің сапарым одан әрі жалғаса түсті. Шоколадтың отаны Бельгия, әрі қарай Австрия, Франция, Чехия, Венгрия, Румыния, Германия елдеріне барып тәттілер жайында зерттеу жұмысын жасап қайтқаным бар, – дейді кейіпкеріміз.
Ол туған елге оралғанда осы бизнесті бастаудың тетіктерін қарастырған. Кәсіпкерді қолдауға арналған инновациялық идеялар байқауында жеңіске жетіп, қайтарымсыз грантқа ие болған.
– Біз табиғи таза өнімдерді қолдана отырып, жүз пайыз шоколад жасаймыз. Бүгінгі таңда авторлық 18 рецептіміз бар. Оның 60 пайызы қантсыз жасалады. Құрамында ешқандай химиялық қоспалар жоқ. Әрбір ингредиент адам денсаулығына пайдалы. Имунитетті көтеруге үлесін қосады. Қолдан жасалған шоколадтардың дәмі мүлде бөлек болады. Бұл шоколадтардың калориясы жоқ деп айтпаймын. Көбірек жеп қойсаңыз, әрине, салмақ қосасыз. Өйткені, оның құрамындағы кептірілген жемістер сияқты қоспалар да бар, - дейді Жансая.
Ең қызығы, рецептердің барлығын Жансаяның өзі ойлап тапқан. Әрине, бастапқыда бәрі ол ойлағандай болмай шыққан. Дегенмен уақыт өте келе тәжірибенің ықпалымен, дәмі тіл үйіретін тәттілер пайда бола бастапты.
Елдегі төтенше жағдайдан кейін жас кәсіпкер белді бекем буып, дағдарысқа қарамастан іске кірісуге әзір. Ал Жансая қазақтың қайсар қызы ғана емес, білікті экономист екенін көрсеткісі келеді.

 
Последнее изменение Пятница, 15 Май 2020 11:18