Сатып алған сұлулық өкінтіп жүрмесін Избранное

Среда, 20 Май 2020 02:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3303 раз

1-134

Төтенше жағдай аяқталып, карантин мерзімі ұзартылды. Арнайы рұқсатпен жұмысын бастаған сұлулық салондарына алдын ала жазылған қыз-келіншектің қарасы қалың. Шеберлердің алды кезектен босамай тұр. Әсіресе, тырнағын сәндетуге асыққан сәнқой бикештер аз емес.

Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Ұзақ уақыт бояудың қалпын сақтайтын бұл әдістің артықшылықтарымен қатар мамандар гельді лактың зиянды жақтары да бар екенін жасырмайды.
Қазір сән салондары тырнақты жасанды өсірудің екі әдісін қолданады. Сән мен әдемілікке құштар қыз-келіншектердің бірі тырнағына пішін жасатса, енді бірі типсы жапсыртады. Сурет салғызуды қалайтындары да бар. Сондай-ақ бірнеше түсті алмастырып бояу да маникюрдегі трендке айналған. Шынылы әшекей (стразы), камифубуктар, геометриялы және омбре дизайндары да өте ерекше көрінеді. Не керек, қазір қыз-келіншектер тырнағын жасанды әдіспен сәндетуге әбден құмар болып алды. Бағасы қымбат бұл әдеміліктің денсаулыққа тигізер кері әсері бар екенін сәнқой бикештер білмейді емес, біледі. Тіпті мойындайды. Айталық, шымкенттік Гүлмира Досболова гельді бояудан кейін тырнақ қабатының жұқарып, сынғыш болғанын айтады. Тіпті сыртқы табиғи реңі өзгеріп, өзінің жылтыр қалыбынан айырылғанын жасырмады.
– Гельді маникюрді 3-4 мәрте үзіліссіз жасаттым. Маникюрмен жүрген кезде саусақтарым әдемі болып көрінгенмен оны алып тастаған соң тырнақтарым пленка сияқты жұқарып қалды. Кейін білдім, үзіліссіз гель жапсырғаннан тырнақ қабаты ауырады екен. Мамандармен кеңесіп, 4 ай емдеттім. Алайда «Сұлулық құрбандықты талап етеді» демекші, әдемілік үшін тырнағымды қайтадан боятып жүрмін, – дейді Гүлмира Досболова.
Ал тырнақ сәндеуші
Меруерт Ізбасарова гельді маникюр зиян деген пікірмен келіспейді. Ол өз жұмысын жақсы көреді. Түрлі дизайн үлгісін үйренуден жалықпайды. Оның айтуынша, маникюрді айына бір рет жасатқан дұрыс.
– Көбіне кінә бикештердің өзінен болады. Олардың кейбірі тырнақтағы лакты өз бетінше кетіріп, сылып тастауға әрекеттенеді. Бұлай ету тырнақты бүлдіреді. Эмалын кетіріп, табиғи түсінен айырады. Сондықтан тырнақ күтімі үшін салонға келіп, арнайы маманның қызметіне жүгінген жөн, – дейді шебер.
Ақбота Жансейітова есімді келіншек те жасанды ұзын тырнақтың қолға өзгеше рең беретінін айтып, өз ойын дәлелдегісі келеді.
– Ұзын тырнақтың маған ешқандай кедергісі жоқ. Тамақ та дайындаймын, кір де жуамын. Рас мұндай маникюрмен үзіліссіз жүруге болмайды, тырнақты демалдырып тұрған абзал. Сондықтан бір ай гельді бояумен жүрсем, одан соң оны өшіріп, тырнағымды бір ай тынықтырамын, – дейді ол.
Ал венеролог-мамандар салондарда санитарлық талаптардың сақтала бермейтінін алға тартады. Өйткені тырнақ сәндеуге арналған түрлі құралдар көпшілікке ортақ пайдаланылатыны белгілі. Ал ол қаншалықты зарарсыздандырылған, денсаулыққа қауіпсіздік шаралары сақтала ма? Бұған ешкім кепілдік бермейді дейді.

Тырнақ зеңі қайдан жұғады?

Балзия Қуатбекқызы әдемілік үшін қаражатын аямайды. Жасы 50-ге келген ол өзіне күтім жасауды ұмытпайды. Алайда қазір тырнағын сәндемейтін болыпты. Оның себебі де жоқ емес. Кезекті гельді маникюрден соң, тырнақтары кертіліп, сына бастады. Дәрігер кеңесімен тері аурулары диспансеріне барып, анализ тапсырғанда мұндағы мамандар одан тырнақ зеңін анықтады. Балзия 1,5 ай түрлі емдік процедуралар қабылдап, тырнақ зеңінен әрең құтылды. Қазір әсемдік салонына бармайды. Қолына өзі күтім жасайды..
Ал венеролог маман Гүлістан Каракаева:
– Біздің елімізде сұлулық индустриясы алдыңғы орында. Әдемілікті әр әйел жақсы көреді. Оларға тырнақтарыңды сәндемеңдер деп айта алмаймын. Бірақ салонға барғанда шеберден құралдарды қалай залалсыздандырғанын, сұрап білуі қажет. Гигиеналық тазалық қатаң сақталуы тиіс, – дейді.

Зеңнің белгілері қандай?

Ауырған тырнақтың түсі өзгеріп, сарғаяды. Шетінен үгітіле бастайды. Асты көтеріліп, қалыңдайды. Ол қолдан аяқтағы тырнаққа жұғады. Емдемеген жағдайда тырнақтан айырылады.
Әрине, сән салонындағы шеберлердің бәрі өз ісіне салғырт қарайды деуден аулақпыз. Қазір қызмет көрсету саласында бәсекелестік те жоғары. Клиентін жоғалтып алмауды, қызметтік абыройына нұқсан келтірмеуді қатаң ұстанатын мамандар да жетерлік. Сондай сән салонының шебері Жібек Сағынтаева санитарлық талаптарды қатаң сақтау, жұмысты тиянақты атқару өз ісін құрметтейтін әрбір маманның басты міндеті болуы керектігін алға тартты.
– Алдымен құралдарды залалсыздандырып, содан кейін арнайы шкафта ыстық градуста кептіреміз. Құралдарды арнайы индикаторы бар крафт пакеттеріне жинаймыз. Егер толығымен тазаланып, өңделген болса, индикатор сұр түстен қоңырға өзгереді. Мұндай шкаф әрбір маникюр шеберінде болуы керек Қазіргі таңда үйде қызмет көрсететін маникюр, педикюр шеберлері көп. Оларды үйіне шақыртатындар немесе жұмыс орнына келіп қызмет көрсетуге өтініш білдіретіндер де аз емес. Ал мұндай жағдайда шеберлер тазалық талаптарын толық сақтайды деп айта алмаймын, Өйткені қолданылған құралдарды залалсыздандыратын құрылғыларды олар өздерімен бірге алып жүрмейді. Тіпті бір-екі құралмен қаншама адамның тырнағын сәндейді. Кәсіпкер ретінде тіркелмегендіктен, оларда ешкімнің жұмысы жоқ, – дейді ол.

Эпидемиологтар ескертеді

Тырнақ жасатар алдында шеберді қалай таңдау қажет десеңіз, оның бетпердемен және бір реттік медициналық қолғаппен жұмыс жасағанын қадағалаңыз. Сондай-ақ барлық құралдарының толық өңдеуден өткізгеніне көз жеткізіңіз. Стерилизациядан қалай өткізетінін сұраңыз.
– Қазір Шымкентте 91 сұлулық салоны мен 96 шаштараз тіркелген. Әрбір тұтынушы пайдаланылатын құралдар мен сулықтардың тазартылғанына көз жеткізгені абзал. Зең ауруларының таралу себебі, залалсыздандырылмаған немесе нашар залалсыздандырылған құралдар арқылы таралуы ықтимал, – дейді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Бейсенкүл Қалдыбекова.
Санитарлық ережелерге сәйкес, маникюр-педикюр шеберлері міндетті түрде жылына бір рет вирустық Б және С гепатитіне тексерілуден өтуі керек. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқандары шамалы. Эпидемиологтар тері асты ауруының өте жұқпалы және ұзақ емделетінін ескертеді. Кез келген адам татуажда да, перманентті әрлеуде де герпес жұқтыруы әбден мүмкін.
Ия, адамның қолына қарап-ақ оның жай-күйін, денсаулығын, өзіне қаншалықты күтім жасайтынын аңғаруға болады. Әдемілік кімді болса да ажарландырады. Ол үшін сұлулық салонына барасыз ба, әлде үй шеберлерін таңдайсыз ба? Таңдау өз еркіңізде! Алайда, сатып алған сұлулықтың денсаулыққа қауіп төндірмейтін, залал келтірмейтін жағын ойлағаныңыз ең алдымен өзіңізге пайдалы.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.