Версия для печати

Еңбек шарты – сіздің басты құжатыңыз Избранное

Пятница, 22 Май 2020 03:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2762 раз
Оцените материал
(0 голосов)

PodpisaniyeDocument

Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына төтенше жағдай кезінде азаматтардан 63 өтініш түскен. Оның ішінде, еңбек қатынасы бойынша – 42, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 19, халықты жұмыспен қамту бойынша – 2 шағым. Мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан төтенше жағдай және карантин шараларын қамтамасыз ету жөніндегі жедел топ құрылып, бірқатар жұмыстарды атқарды.

100-ге жуық азамат нақты жауап алды

Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер төтенше жағдай кезінде нені ескеруі керек? Сіз өз құқығыңызды білесіз бе?
Кәсіпорындар, түрлі мекемелер өз қызметкерлерімен еңбек шартын жасауға мән бермейтіні жөнінде бұған дейін де айтылып, жазылды. Дегенмен, бұл назар аударуды қажет етеді. Өйткені, еңбек дауларының көбісі осы мәселеден туындайды.
Еліміздегі төтенше жағдай және карантиндік шараларға байланысты уақытша жұмысынан қол үзген азаматтарға ақы төлеу тәртібі, еңбек құқықтары, табыс көзінен айрылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы беруге байланысты арыз-шағымдар көп.
Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы тарапынан осындай жағдайда жұмыс істеу тәртібі, жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру, толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу, қашықтан жұмыс істеу, басқа жұмысқа уақытша ауыстыру, табыс көзінен ай̆ырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы беру және еңбек құқықтарына байланысты тұрғындарды әрдайым ақпараттандырып отырды.
Басқарма басшысы Бауыржан
Қалжанов осы жылдың 20 сәуiрінен бастап, азаматтардың сауалдарына тікелей эфирде жауап беруде. Жалпы бүгінге дейін эфир барысында 100-ге жуық азамат нақты жауап алды.
Жұмыс барысында денсаулығына зиян келсе, кім жауапты болады? Карантинге байланысты мәжбүрлі демалысқа шығарғанда оның алдындағы ауысымдағы жалақысы төлене ме? Қашықтан жұмыс жүргізу барысында қосымша еңбек шарты түзіле ме? Міне, эфир барысында негізінен тұрғындар осы және өзге де сауалдарын жолдады.

Ертеңгі күні еңбек құқығыңыз шектелмесін десеңіз…

Басқарма басшысы Б. Қалжановтың айтуынша, қашықтан жұмыс істеу тараптардың келісімі бойынша және өндірістік процестер мүмкіндік берген жағдайда жұмыс беруші қашықтан орындалатын жұмыс белгілеуі мүмкін. Яғни, жұмыс беруші орналасқан жерден тыс жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тәртібінде жұмыс атқарылады. Басқарма басшысы әр тікелей эфир сайын еңбек шартының маңыздылығына тоқталып өтті.
– Әрбір жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында шарт болу керек. Ең басты құжат осы. Өйткені, еңбек шарты болмаған жағдайда Еңбек заңында көрсетілген кепілдіктерді алуда кедергілер болуы мүмкін. Егер ол мекемеде жұмыс істейтіні дәлелденбейтін болса, заңды бұзуға бейімі бар кәсіпорын болса, оны ертең дәлелдеу қиынға соғады. Оны дәлелдемеген жағдайда әлеуметтік кепілдіктер ала алмай қалуы мүмкін. Сол себепті ертеңгі күні еңбек құқығы шектелмес үшін қандай жұмыс болса да еңбек шартын түзуі тиіс, – дейді басқарма басшысы.
Басқарма басшысы маусымдық және вахталық жұмыста қандай механизмдерге көшу керектігі жөнінде де мәліметтер берді.
Яғни, маусымдық жұмыстарда климаттық жағдайларға байланысты жұмыстың басталу, аяқталу уақыты еңбек шартында нақты көрсетілуі керек. Вахталық жұмыс әдісі тұрғылықты жерден тыс жерде ұйымдастырылатын болса, оған толығымен жұмыс беруші жауапты болады.

330 субъектіге нұсқау берілді

Шымкент қаласының Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторлары төтенше жағдай кезеңінде бірқатар жұмыстар атқарды.
Жедел байланыс телефонына 20 наурыз бен 11 мамыр аралығында 425 адам хабарласқан. Оның ішінде жалақы сақталмайтын демалыс беру тәртібі – 122; жалақыны төлемеу – 45; бос уақытты рәсімдеу және төлеу – 39; еңбек демалысына шығуға мәжбүр ету – 66; қысқартулар – 50; жұмыстан босату – 22 және басқа мәселелер бойынша – 81 қоңырау түскен. Ал карантин кезеңінде жұмысқа тарту бойынша шағым жоқ.
– Қаладағы қоғамдық-саяси ахуал жағдайына жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың тізіміне талдау жасау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және алдын алу, жұмыскерлерді бетпердемен, жұмыс орындарында дезинфекциялық сұйықтықтармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөнінде 330 субъектіге нұсқау берілді, – дейді мемлекеттік еңбек инспекторы Ғалымжан Шәріпов.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты қаламыздың жұмыс берушілеріне әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмыскерлердің жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша шараларды қолдануға назар аударылуда.
Карантиндік шараларға сәйкес, басқарма осы бағыттағы жұмысын тұрақты түрде жалғастырады. Жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері басты назарда.
Осы және басқа да сұрақтар туындаған жағдайда Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасынан мына нөмірлер арқылы сұрақтарға жауап алуға болады: 8(7252) 27-38-35.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.