Версия для печати

Құны жоғалмайтын капсула

Среда, 06 Май 2020 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2330 раз
Оцените материал
(0 голосов)

DSC 0526

Қан майдандағы қиян-кескі ұрыстарды ауызға алғанда, иығына қару асынған сарбаздың бейнесі ойға оралады. Міне, «Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» мұражайы сол сұрапыл соғыс жайлы сыр шертеді. Бір қараған жанға шағын ғана ғимарат секілді болып көрінеді. Мұны көптің бірі білсе, бірі біле бермейді. Жеңіске жету жолында жан аямаған жауынгерлердің қатары бүгінде сиреп, олардан қалған жәдігерлер көбейіп келеді...

«Ерлік» мұражайының ғылыми қызметкері Майра Бердіқұлованың айтуынша, аталған тарихи кешен ерлікті насихаттайтын республикадағы тұңғыш музей. Мұндағы бұйымдар мен деректер өзге мұражайдағы жәдігерлерді қайталамайды. Бұл басты ерекшелігі. Екі қабат, төрт экспозиция залы мен галереядан тұратын мұражайға негізінен майдангерлердің құжаттары қойылған.
– Бұл – ертеңгі тарих үшін нағыз құнды дерек. Орден, төсбелгілер мен отты жылдардан жеткен фотосуреттер, жауынгерлер жазған хаттардың түпнұсқалары һәм қолданған заттары тұр. Әр экспозициялық залға қойылған көне жәдігерлер сол бір зұлмат күндерден сыр шерткендей әсер қалдырады, – дейді ол.
Мұражайдың экспозиция залынан ҰОС ардагері, Кеңес Одағының Батыры, «Ленин», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Тоғанбай Қауымбаевтың орден-медальдарын да көруге болады. Тоғанбай ақсақалдың облыс әкімі Асқар Мырзахметовке «көзімдей көр» деп өзі сыйлаған шапан да осында. Мәскеу түбіндегі Ржев қаласында ерлікпен қаза тапқан Ораз Шыназбаевтың капсуласы бар. Бұл жауынгерлердің бойтұмары іспетті. Өйткені барлық дерек сол бір қара ыдыста сақталған.
Мұражай қорында жалпы үш мыңға жуық экспонат болса, биыл жәдігерлердің қатары тағы да артқан. Майра Бердіқұлова экспонаттарды соғыс ардагерлерінің туыстары мен ұрпақтары алып келетінін айтады. Батырлар ерлігін дәріптеген орталыққа келушілер де едәуір артқан.
– Биыл негізгі қорға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 20-дан аса жәдігерлері жинақталды. Оларды жинақтау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қорға сақтауға жіберілді. Музейде тұрған әрбір жәдігерге көзіміздің қарашығындай сақтау біздің міндетіміз. Біз оларды кірлетпей сақтап, келушілерге мұқият таныстырамыз, – дейді ғылыми қызметкер.
Орталық ардагерлердің ерлігі мен есімін де келер ұрпаққа насихаттауда. Үш жылдан бері жалғасып келе жатқан «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасы да соның бір айғағы.
– Соғыс ардагерлерінің өнегелі өмір жолын өскелең ұрпақты патриотизмге, Отанды сүюге, қиындықтарға төтеп бере білуге тәрбиелеу ісіне құрал ретінде пайдалану маңызды. Жеңістің 75 жылдығына орай түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Мәселен қаңтар айында «Жеңіс сарбаздары» тақырыбында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Молдабек Ахметбаев пен Насыр Пиримбетовты еске алу кеші өтті. «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген тақырыпта Ұлы Отан соғысының ардагері Пернебек Жұмашевты еске алу кеші де қызықты әрі мәнді болды. Казіргі таңда Төтенше жағдайға байланысты музей ұжымы онлайн режимде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жәдігерлерімен көпшілікті таныстырып, лекциялар оқып, экспонаттар залына экскурсиялар жүргізіп отыр, – дейді.
Майдан даласында қаһармандықпен от кешкендердің ерлік ісі ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың өткені – өнеге, тағдыры – тарих. Сол тарихты келер ұрпаққа жеткізу сіз бен бізге аманат.