ЖҰМЫСҚА ЖҰМЫЛДЫРАР ЖОЛ КАРТАСЫ Избранное

Среда, 27 Май 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2496 раз

Жұмыспен қамту 1

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама аясында 224 жоба жүзеге асырылмақ

Статистикаға сенсек, 2020 жылдың наурыз айында Қазақстанда 442 600 жұмыссыз тіркелген. Бұл – ақпан айымен салыстырғанда 0,2 пайызға көп. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Ал COVID-19 пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай салдарынан көктемде жұмыспен қамтылғандар саны қысқарып, наурыз айында 0,2 пайызға кеміді, ал жыл басынан бері 23 мың адамға азайды. Дәл қазір мейрамхана-кафелер, қонақ үй бизнесі, өңдеу өнеркәсібі, коммерциялық және әкімшілендіру саласы тұралап тұр. Қазақстанда жұмыспен қамтылған азаматтардың 30 пайызға жуығы дәл осы салаларда істейді, ал бұл – 2,7 млн адам деген сөз.

Төтенше жағдай аяқталған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңа Жұмыспен қамту жол картасы іске қосылып, жүзеге асырыла бастады. Оған қаралған қаржы да қомақты – 1 триллион теңге. Ал Шымкентте тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде? Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Дархан Беласаровтан сұрап-білген едік.

Без имени-1– Дархан Мұхтарұлы, жаңа Жұмыспен қамту жол картасы кәсіпорындарға пандемиядан кейінгі қаржылық және еңбек дағдарысынан құтылуда сеп болады деп күтілуде. Осы жайлы айтып берсеңіз?

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Жұмыспен қамту жол картасы аясында республика бойынша 7 мыңнан астам жоба қамтылатынын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 242 мың жұмыс орны құрылып, ондағы жалақы 85 мың теңгеден кем болмайды деп күтілуде. Жол картасының шарты бойынша жұмысшылардың жартысына жуығы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыз жастарды тарту арқылы қамтылады. Демек, ірі қалаларда еңбек етіп жүріп, жұмыссыз қалған ауыл-аймақтың жастары осы Жол картасына қатыса алады. Оларға 85 мың теңге көлемінде бір реттік төлем төленеді. Аталған мақсатта жергілікті атқарушы органдар жастарды жұмысқа тарту бойынша мобильді пункттер құрады. Ал елдегі Жол картасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың 35 пайызы әлеуметтік салаға қатысты. 34 жоба инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталса, 14 пайызы - тұрғын үй-коммуналды мәселелерді, 17 пайызы - елдімекендерді абаттандыруға қатысты. Бұлардың барлығы Шымкентте де өзекті. Өйткені үшінші мегаполистегі ірі әлеуметтік нысандар мен жол құрылыстарына жұмысшылар қажет.

– Сіз басқарып отырған Жұмыспен қамту орталығы қазіргі таңда тұрғындарды қандай мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыруда?

– Біздің орталық халықты жұмыспен қамту мақсатында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, Жұмыспен қамтудың Жол картасымен де қызу жұмыс жүруде. Яғни, осы Жол картасы аясында орталық арқылы 4193 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту көзделген.

– Карантин кезінде қаладағы еңбек нарығындағы жағдай қалай болды? Қазір Шымкентте қандай мамандар жетіспей тұр?

– Өздеріңізге белгілі, пандемияға байланысты еліміздің барлық аумағында карантин жарияланды. Оның ішінде Шымкент те бар. Нәтижесінде көптеген мекеме жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Жұмысшыларын ақысыз, ақылы демалыстарға жібергендері қаншама. Бұл – алдымен халықтың денсаулығы үшін қабылданған дұрыс шара деп білемін. Басқа өңірлер сияқты, Шымкент қаласы да карантинге жабылып, жақын аудандардың тұрғындары біздегі құрылыс нысандарына келе алмай қалды. Сондай-ақ, өзбекстандық жұмысшылардың дені еліне қайтып кетті. Соның салдарынан құрылыс саласында мамандардың тапшылығы орын алды. Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Құрылыс жұмыстарында мерзім бар. Тоқтап қалмау керек. Сондықтан, қала әкімдігі инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты дамыту, елдімекендерді абаттандыру жөніндегі жол картасы аясында дереу іске кірісіп кетті. Бағдарламаның басты мақсаты – халықты жұмыспен камту. Аталған бағдарлама бойынша қалада 224 жоба нақтыланып, қазіргі таңда 50-ге тарта жоба жүзеге асырылуда. Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 1000-ға жуық жұмыссыз адам аталған жобаларға жолданып, олар бүгінде жұмыс істеуде.
Жалпы, сұранысқа ие мамандықтар көп. Мәселен, медбике, тәрбиеші, автомеханик, дәнекерлеуші, сылақшы, тігінші, аспаз, сатушы сияқты мамандықтарды атап өтуге болады.

– Төтенше жағдай мен оған байланысты жарияланған карантин кезінде Жұмыспен қамту орталығы қалай жұмыс істеді?

– Жұмыспен қамту орталығы 26 наурыздан бастап қашықтан жұмыс істеуге көшкенін білесіздер. Әрине, басында біраз қиындық болды. Тұрғындар ғимаратқа келіп, орталық қызметкерлері оларға мекеменің қашықта жұмыс істеуге көшкенін айтып, түсіндірдік. Содан кейін онлайн жұмыс жалғасты. Әлеуметтік желіде, жергілікті БАҚ-та хабарландырулар берілді. Қаладағы төрт аудан бойынша жұмыспен қамту бөлімдерінің байланыс телефондары жарияланды. Орталықтың facebook, instagram желілеріндегі ресми парақшаларына электронды цифрлық қолтаңба аштыруға, жұмыссыз ретінде онлайн тіркелуге, атаулы әлеуметтік көмекке құжатты электронды форматта құжат өткізуге және атаулы әлеуметтік көмек алатыны жөнінде анықтаманы алуға байланысты арнайы видео-дәрістер дайындалып, жарияланды. Аталған шаралар өз нәтижесін берді деп айта аламыз.

– Жалпы, орталық қанша азаматты қандай жұмыс орындарына орналастырды?

– Биылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша 4000-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2255 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Мысалы, Жастар практикасына – 866, қоғамдық жұмыстарға – 1339 және әлеуметтік жұмыс орындарына 50 адам жолдама алып, жұмыспен қамтылды. Жаңа жұмыс орындарына 80 адам жолдама алды.

– Қалған жұмыссыз азаматтарға қандай кеңес айтар едіңіз? Жұмысынан айрылған жағдайда не істеуі керек?

– Шымкенттегі жұмыссыз азаматтарды «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» бағдарламаларына белсене қатысуға шақырамыз. Қалада құрылыс, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, автомобиль жолдары салаларында көптеген жоба жүзеге асырылуда. Барлығына жұмыс күші қажет. Айлық жалақылары да тұрақты. Одан бөлек, әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындары, жастар практикасы бар. Қорыта айтқанда, бағдарламалардың бір ғана мақсаты – азаматтарды жұмыспен қамту.

– Жұмыстарыңыз әлі де қашықтан жалғасуда ма?

– Қазіргі жағдайда орталық тарапынан көрсетілетін қызметтердің барлығы онлайн. Жұмыссыз ретінде тіркелу, жолдама алу, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру – барлығы Egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Осы тұста айта кету керек, жұмыс іздеген азаматтар Enbek.kz сайтының қызметін пайдалана алады.

– Қарамағыңызда қанша қызметші бар?

– Жалпы, Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында 200-ге тарта қызметші жұмыс істейді. Олардың дені қаладағы төрт аудан тұрғындарына қызмет көрсететін Әлеуметтік көмек көрсету, Жұмыспен қамту бөлімдерінде қызмет етеді.

 

Последнее изменение Четверг, 28 Май 2020 04:56
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.