Жалған жаланың құрбаны

Пятница, 29 Май 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2458 раз

Рас, өткенді білмей, алға қадам басу жоқ. Бүгінгі ұрпақ тарихымызда ақтаңдақ із қалдырған озбырлы оқиғаларды ұмытпай, олардан сабақ алуы тиіс. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғанымен, жүректі азалы еткен жара жазылған жоқ. Менің әкем де жалған жаланың құрбанына айналып, мерт болды.

50

Зұлмат жылдары жаламен «Халық жауы» атанған қазақтың бетке ұстар азаматтары аз болған жоқ. Кеңес дәуірінің солақай саясаты ұлтымыздың небір марқасқа, асыл азаматтарын опат етті. Халқымыздың қадау-қадау тұлғаларын саяси-қуғын сүргінге ұшыратқан сол жалалы кезеңнен бері міне, биыл 83 жыл өтіпті. Елім, жерім деп халқына қалтқысыз қызмет еткен арыстай азаматтар озбыр саясаттың құрбаны болды.

Біз өткенді ұмытпаймыз. Елімізде жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні ұлтын сүйген ұлыларды еске алу шарасы өткізіліп келеді. Репрессияға қатысты тың деректер ашылып, қилы тағдырлардың тарихы белгілі болып жатыр.

Қанды саясаттың біз білмейтін қылмысты құпиялары әлі де ашыла бермек. Менің қолыма қалам алдырған да осы жағдай…
Ұлы нәубет кезеңі сонау отызыншы жылдардан басталды. Әсіресе жазықсыз жазалау мен тұтқындау 1937-1938 жылдары өршіп кетті.

Қазақтың жақсыларын қынадай қырған қаныпезердің бірі – Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік комитетінің бас комиссары болған Николай Исаевич Ежов еді. Ол Сталиннің оң қолы болатын. Сондықтан оған репрессияны жүргізуді тапсырды. Сталин оны Ленин өлгеннен кейін өз қарамағына алып, репрессия науқанын Қазақстаннан бастаған.
Көп жылдар түрмеде отырған Бекболат Мұстафин атамыз былай депті: «Маған «Халық жауы» деген жалпылама айып тағып, Кеңес өкіметін құлатуға әрекет жасаушылардың бірі деп кінәлады. Жапония елімен бірлік орнатпақшысыңдар деген негізсіз айыптаулар тақты. Бірақ одан еш кінә таппады. Ұрып-соғып, қорқыту арқылы мойындату әрекеті жүрді.

Бір-біріне жала жаптырып, қағазға қол қойдырып, қазақтың бетке ұстар зиялыларын жойып жіберді. Сол кезде жаппай ату жазасына кесу тенденциясы етек алды. 1938 жылы ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейінгі бір ай ішінде қаншама жазықсыз жан репрессия құрбаны болды. Сол кезде Жоғарғы Кеңеске төраға болып сайланған Құлымбетовтен бастап сегіз министрді, Орталық партия комитетінің бес хатшысын, төрт меңгерушісін, бюро мүшелерін түгелімен, Жоғары Кеңес төрағасының орынбасарларын, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің председателін, бірқатар министрлерді атып тастады.

Ал солардың 19-ның ғана аты-жөндерін жариялады. Мен ол кезде әлі қамалған жоқ едім. Қауіпсіздік комитетінің басшысы ұсталғандардың тізімін әкеліп, бюрода қарады. Осы 19 адамнан басқасын айтудың қажеті жоқ деді. Ал шындығында 540 адам атылды. Егер олардың барлығын айтсақ, ел ішінде үрей туар еді. Мінекей, сол тұста адам малша қырылды. Адам құқығы аяққа тапталды деген сондай-ақ болар.

Қазақ мемлекетінің басшыларын жаппай жою саясаты осылай жедел, жантүршігерлік күйде жүргізілді. Айтқандай, олардың қатарында 14 облыстың атқару комитетінің төрағалары, 13 облыстың хатшысы бар, олар да атылып кетті. Газет редакторлары да жазаланды.

Бұрынғы «СоцҚазақстан» газетінің редакторы болған Мусин де ату жазасына кесілді. Қамалғандар қатарында «ҚазПравданың» редакторлары Грехчев, Верховенкий, облыстық газет редакторлары түгел тұтқындалды. Осыларды қосқанда бірінші этаптың өзінде 560 адам ату жазасына кесілді».

Құжаттарға жүгінсек, жоғарыдан келген тапсырмалар бойынша аудандық НКВД ұйымдарына кімде кім көп адамды қамап, жауапқа тартса, үздіктеріне марапаттар, алғыс жариялап отырған. Әрбір аудандық НКВД басшыларына қосымша артық жоспар да берілген екен.

1937-1938 жылы озбырлық саясат тіпті күшейе түсті. Менің әкем Дәуренбек Құрманбеков те 1938 жылы 14 ақпандағы бұйрық бойынша ату жазасына кесілді. Әкем жазықсыздардың қатарында Шымкенттегі Албастысайда опат болды. «Қасірет» мемориалында сүйегі жатыр. Бұл жазықсыз атылған адамдар 4 ақпанда қамалған. Яғни, 10 күн ішінде әбден зәбір көрсеткен. Бір ғана Шәуілдір ауданының өзінен 10-15 күннің ішінде 15 адамның көзін жойып жіберген.

Осы тұста біз мынадай деректі де таптық. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мәлік Белгібаев екеуміз «КГБ»-нің рұқсатымен екі апта әкемнің құжаттарымен танысқанда небір жауыздық әрекеттердің жасалғанына көзіміз жетті. Құжатқа «Совершенно секретно» деп белгі соғылыпты. Әкеме қойылған бірінші сұраққа жауап алынбаған протоколдың төбесінде «Дух сила» деген жазу тұр. Әкем ірі кісі болатын. Менің жобалауым бойынша ол кісі барынша қарсылық көрсеткен.

Протоколдағы екінші сұрақтың арасында 1-2 күн өткен болуы керек. Өйткені Қаулыда үзіліс деген сөз бар. Яғни, қатты соққыдан жарамай қалғандықтан, ұруды тоқтататын болса керек.
Ал протоколдағы үшінші сұраққа әкем «Мендешовпен, Сейфуллинмен, Сұлтанбек Қожановпен, Құлымбетовпен бірге болғаным рас, басқа ешкімді танымаймын» деп жауап берген.
Осы папкаға 5 адамның құжаты нөмірленіп, мөр басылып тігілген. Олар: сауатты, жоғарғы қызметте істеген Рүстембек Жабаев, Ордабай Бәймішов, Әмір Сейітбеков, Дәуренбек Құрманбеков, Мәулен Молдабеков.

Жабаев Рустембектен протокол бойынша 5 рет қайтара жауап алынған екен. Әр жауап алу алдында ұрып-соғу, азаптау міндетке айналған.
Мінекей, біз іздеу барысында осындай деректерге куә болдық. Жүректі сыздатар жағдай. Қаншама текті, асыл азаматтар осылай азап пен қиянат шекті емес пе?!

Бір жұбанарымыз, олардың бертін келе ақталғандығы. Оңтүстік Қазақстан облысы соты президиумының 1956 жылғы 18 тамыздағы Қаулысымен танысқан адам ақиқатқа көз жеткізгендей болады. Иә, әкеммен бірге шәуілдірлік Молдабеков Мәулен, Бисенов Махан, Аралов Молтай, Сеитбеков Әмірдің істері сот өндірісінен қысқарып, ақталып шығады.

Дәуренбек Құрманбеков – 1898 жылы Шәуілдір ауданында (қазіргі Отырар ауданы) туған. 1930-37 жылы Түркістан астық қабылдау, шөп дайындау мекемелерінде әр түрлі жауапты қызметтер атқарды. Небәрі қырық жасында солақай саясаттың кесірінен ғұмыры үзілді.
Біз әкеміздің және оның жолдастарының ерлігін, еткен еңбегін ұрпаққа өнеге етеміз. Ендігі бар тілегіміз – еліміздің амандығы. Ұрпағымыз мұндай зұлмат пен қиянат көрмесін ешқашан.

Мамыт ДӘУРЕНБЕКҰЛЫ,
Соғыс және еңбек ардагері,
Оңтүстік Қазақстан облысының,
Отырар, Мақтарал аудандарының
Құрметті азаматы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.