Алтын қолды дәрігер Избранное

Среда, 03 Июнь 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4286 раз

Шымшаһарда жыл басынан бері құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдеуге ерекше көңіл бөлінуде. №1 қалалық клиникалық ауруханасында жаңадан ашылған оториноларингологиялық бөлімінің дәрігерлері науқастарға жоспарлы операцияларды жасауды бастады. Бөлім меңгерушісі Асхат Хамидулин лор ауруларының алдын алу және емдеу жолдарын әңгімелеп берді.

20

 

10

Елордадан арнайы келіп, жаңа бөлімді құруға білек сыбана кіріскен дәрігердің айтуынша, лор патологиясында мұрын және мұрын қуыстары аурулары жиі кездеседі. Ал жаз айларында тұрғындар құлақтарына жәндіктердің кіргенін айтып шағымданады екен. Медицина саласында он жылдан астам еңбек өтілі бар дәрігер оториноларингологиялық ауруларды хирургиялық операцияның көмегімен емдеуге болатынын айтады.
– Үшінші мегаполистегі лор бөлімшесі былтыр ашылғанымен, қаңтар айынан бастап жоспарлы оталарды жасап келеміз. Шымкент тұрғындары өздері тіркелген емханалары арқылы жолдамамен консультация алып, естуді жақсартуға және мұрын қуыстары ауруларына байланысты операцияларды жасатуына болады. Пациент тегін және ақылы қызмет түрлерін өзі таңдайды. Жыл басынан бері жүзге жуық науқасқа операция жасалды. Ал төтенше жағдай аяқталғаннан бері коронавирустық инфекцияға теріс нәтиже алған 10-15 адамды емдеп жатырмыз. Карантин кезінде науқастарға COVID-19 талдауынан өтуі міндеттелген, - дейді А.Хамидулин.
Қазіргі таңда аурухана қызметкерлері ем-дом жасаудың жаңа тәсілдерін ойластырып, озық жоғары технологияларды меңгеруде. Асхат Николаевичтің айтуынша, лор ағзаларға эндоскопиялық әдіспен ота жасауға болады. Отаның ерекшелігі науқастың денесіне пышақ тигізбей, ол тек аппараттың көмегімен жүзеге асады. Бұл пациенттердің стационарлық емін де жеделдетеді екен.
– Бұл отаның тиімді жері – мұрынның қуыстарына денені тілмей бара аламыз. Есту қабілеттерін жақсартатын және мұрынмен демалуды қалпына келтіретін операциялардың барлық түрін жасаймыз. Тамақты да емдейміз. Өз тәжірибемде офтальмолог және нейрохирург дәрігерлерімен тығыз жұмыс жасағандықтан көз каналдары арқылы да ота жасаймыз. Жақында жаңа құрылғылар әкелінуі тиіс. Біз оны күтпей, ескі медициналық құрал-жабдықтардан бір аппарат құрастырдық. Соның көмегімен бірнеше науқасқа ота жасалды. Жаңа құрылғы әкелінсе, науқастарды емдеуде мүмкіндігіміз арта бермек, - дейді бөлім меңгерушісі.
Асхат Хамидулин еліміздегі санаулы отоневрологтардың бірі һәм бірегейі. Сондықтан оны еліміздің түпкір-түпкірінен іздеп келуші науқастар бар. Науқастардың көпшілігі осы дәрігердің көмегіне жүгінсе, дертіне дауа табатынына сеніммен қарайды. Дәрігер тұрғындарға смартфон сынды жаңа технологияны қолданғанда денсаулыққа келер зиянды әрекеттен қорғануды ұмытпауға шақырды. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын да сілтеді.
– Барлық адамның кем дегенде бір рет мұрын және мұрын қуыстары патологиясымен дәрігерге шағымданады. Әрбір екінші адамның тамағы мазалайды. Үшінші кезекте науқастардың құлақтары ауырады. Тұмау болған адамның дерті асқынса, осы аталған үш мүшенің біреуінің ауыруына әкеліп соғады. Қазір құлаққаппен әнді қатты тыңдап, салдарынан естуі нашарлаған пациенттер кездесіп жатады. Смартфондардағы нұсқаулыққа мұқият зер салғанымыз дұрыс. «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтылмаса керек, - дейді оториноларинголог-дәрігері.
Лор бөлімінің ашылуы науқастармен қатар, жас мамандардың тәжірибе алаңына айналды, дейді ақ халаттылар. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының резиденттері осы бөлімде білімдерін шыңдап жүр. Бұған дейін құлақ пен мұрынға қатысты оталар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жасалып келсе, енді шымкенттіктер де қаладағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алады. Аталған аурухананың алтын қолды дәрігері ретінде елге елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан Шахсанам Абдурасулова, Бахтияр Баратов, Октябрь Буриханов, Руслан Сейдуалиев сынды білікті де білімді дәрігерлер мен медбикелер әлі де талай адамды дертінен айықтырып, қуаныш сыйлары сөзсіз.