Көк байрақ – тұғырым, Әнұран – қайратым, Елтаңба – айбарым! Избранное

Среда, 03 Июнь 2020 05:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 269 раз

Мемлекеттік Әнұран, Ту және Елтаңбамыз, яғни мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңның қабылданғанына, міне, 28 жыл толып отыр.

75

 

Рәміздеріміз – бұл азаттықтың айнасы, елдіктің нышаны. Осы құндылықтарымызды қадірлей алып жүрміз бе? Рәмізге жүрегіміздің төрінен лайықты орын бере алдық па? Әсіресе, еліміздің желкілдеп өсіп келе жатқан болашағы – жас ұрпақтың бойына осынау қасиетті құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіре алдық па?
Әдетте өзіміз «рухани азғындауға бет алған» деп мансұқтайтын Еуропа елдеріне тоқталайықшы. Олар мемлекеттік рәміздерін қалай қадірлейді? Естеріңізде болса, 2004 жылы футболдан Еуропа чемпионаты Португалияда өткен-ді. Турнир аяқталған соң Португалия ұлттық құрамасының бапкерлері мен ойыншылары Грекиямен өткен финалдық кездесуде жеңіліп қалғаны үшін ғана айыпталған жоқ. Олар сол ойынның алдында мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда алаңсыз сағыз шайнап тұрғандары үшін де жауап берді. Елдің абыройына осылайша нұқсан келтірген спортшыларға сол кездегі президент Жоржи Сампайюдің өзі қырғидай тиіп, олар ірі көлемде айыппұл төлеп барып құтылған. Осыны көрген жас португалдықтар рәміздеріне бұдан кейін немқұрайды қараушы ма еді?!

Тіпті, біз космополитизмнің орталығы деп үрке қарайтын Америка Құрама Штаттарының халқына қараңызшы. Олар Әнұранды жылап тұрып қосыла шырқап, Туын сүйіп жатқанда, біз қымсынып қалатындаймыз. Ал, түріктер өздерінің ай-жұлдызды қызыл туларын қалай қастерлейді десеңізші?! Түркия азаматтары мемлекеттік туын үйінің төріне, кеңсесінің терезесіне, жеке автокөлігіне, жұмыс үстеліне дейін мақтанышпен іліп қояды. Бұл елдің дәстүрінде ант ішкен адам қасиетті
Құран мен байрақтың үстіне ант етеді екен. Демек, мемлекеттік рәмізін ең қасиетті құндылық Құран Кәріммен қатар қастерлейді.
Айта берсек, мұндай мысалдар көп-ақ. Солтүстік көршіміз Ресейдің Мемлекеттік думасы 2002 жылы өз елінің Қылмыстық кодексіне мемлекеттік гимнді мазақ еткендерге қылмыстық жауапкершілік жүктеуді көздейтін бап енгізген.
Жә, өзгелерге таңырқай бермейік, өз елімізде де рәміздерді қадірлеудің ерен үлгілері бар. Мәселен, Қабанбай батырдың жанында қалмаққа қарсы шайқасқан Қазымбет батырдың жанкештілігі – өскелең ұрпақ үшін өнеге боларлық-ақ іс. Ол қан майданда ауыр жарақат алыпты. Сонда да атынан түспей, қолындағы туын жықпай, байрақтың сабына сүйенген күйі мерт болған екен... Жарықтық сол ерлер «Туымыз жығылмасын, елімнің еңсесі түспесін, жердің шетін жау баспасын, ұрпағым сужүрек қорқақ емес, ержүрек қаһарман болып тусын» деп шейіт кетіпті.
Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында Рахымжан Қошқарбаев өліп кетуі мүмкін екенін біле тұра басын қатерге тігіп, Рейхстагқа жетуге асықты. Кез келген сәтте қарша бораған қорғасын оның өмірін жұлып түсер еді. Бірақ, ол жасқанбады. Рейхстаг қабырғасына бірінші болып ту қадады. Осы әрекеті арқылы кеңес әскерінің мерейін ғана емес, қазақ халқының ұлттық намысын да биікке шарықтатып кетті.
Көк Туды көкке желбіретуге олимпиадашыларымыз қосқан үлес өз алдына бір әңгіме. Даңқты жерлесіміз, Түркістанның жарық жұлдызы Бекзат Саттархановтың Көк туды төбесіне көтеріп, Сидней төрінде атой салғаны күні кешегідей көз алдымызда.

60


Сол оғландардың жолын жалғайтын қара домалақтарымыз, шүкір, әзір де көп. Жас өрендердің:
«Таласқа түссе жан мен Ту
Жан емес маған керегі,
Көк Тудың желбірегені», – деген рухты әнді ести салып, балалардың қосыла шырқап кететінін жиі көріп жүрміз. Мұндайда еріксіз толқимыз, қуанамыз, Тәуелсіздікке тәубә айтамыз. Бірақ, өкінішке қарай, барлық жастар бірдей осындай патриоттық рухта тәрбие алып, өсіп келеді дей алмаймыз.
Жастарға патриоттық тәрбие беру – баршаға ортақ іс. Бұл мәселеге ата-аналар, зиялы қауым өкілдері, идеология саласына жауапты мекемелер, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары көбірек назар аударуы керек секілді. Әйтпесе, идеологиялық мекемелер 4 маусым жақындағанда жекелеген байқаулар ұйымдастыру мен мереке күні жүз, екі жүз адам қатысатын ресми шара ұйымдастырудан әріге аспай жүр. Мерзімді баспасөз бен телевизиямыз да бұл тақырыпқа жылына бір рет қана соғып, кезекші материалдар ғана беріп өте шығады.
Егер ұрпағымыз кешегі Қазымбет пен Рахымжандардай батыр болсын, Отанын тілімен ғана емес, жан-жүрегімен сүйсін десек, Рәміздерді қадірлеуді бір күнмен шектемеуге тиіспіз.
P.S. Туымыз жығылмасын!