ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ СЕРПІНДІ ҚАДАМ Избранное

Пятница, 05 Июнь 2020 04:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 204 раз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай арнайы Үндеу жариялап, сол жылдардың тарихын терең зерттеп, құрбан болған боздақтарды толық ақтаумен айналысатын мемлекеттік комиссия құру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Шынын айту керек, бұл қазақ қоғамы көптен күткен оқиға болатын. Өйткені, біз рухани жаңғыруды, ұлттық модернизацияны жүзеге асырып, жаңа сапаға көтерілгіміз келсе, қоғамда тарихи сана қалыптастырып, төл руханиятымызға тамыр байлауға тиіспіз.

66

 

Иә, қазақ халқы – терең тұңғиықтан тамыр тартқан, iзгiлiгi қайталанбас руханият пен адамзатқа адал өркениет қалыптастырған ұлт.
Қазақ руханияты – халықтың этникалық мiнезi мен ұлттық санасын, дiлi мен дiнiн, мәдениетi мен тұрмыс-салтын, әр дәуiрдегi қайраткерлерiн, олардың шығармашылығын, артына қалдырған рухани мұрасын қамтитын тұтастырушы ұғым. Басқаша айтар болсақ, қазақ руханияты дегенiмiз – қазақ халқының өзi. Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын мекен еткен Алаш жұртын бiртұтас етiп сақтаған сол ортақ руханият. Батырының басы қалмақтың қанжығасында кеткен күнi де, еркiнен айрылып6 ақ патшаның боданына түскен тұста да халықтың жiгерiн жасытпай, ынтымағын ыдыратпай, иманын әлсiретпей сақтаған да сол тегеурiндi руханият.
ХVIII ғасырдың отызыншы жылдары там-тұмдап басталған саяси отарлау патшаның 1822 жылғы «Хандық билiктi жою» туралы жарлығымен мәресiне жеттi де, сол жылғы Спиранский дайындаған Сiбiр қазақтарының жарғысынан рухани жаулау басталып, отарлаушылардың сан түрлi құйтырқы саясаттарына ұштасты. Бiрақ, олар қазақ халқының рухани негiздерiне түбегейлi әсер ете алмады. Соның арқасында ХХ ғасырдың басында сайын даланы мекен еткен қазақ халқы бiр тiлде сөйлеп (қазiргiдей үштен бiрi ана тiлiн ұмытқандай емес), бiр дiндi ұстанып (қазiргiдей ханафи, салафи болып бөлiнбей), бiр дәстүр аясында өмiр сүрiп жатты, бiр ауыз сөзге тоқтай бiлген тектi халық болып тұрды.
Екi ғасырға жуық жалғасқан патшалық отарлаудың түпкi мақсатына жете алмағанының, ХХ ғасырдың басында қазақ халқының әлi де санасы сергек, рухы биiк ұлт болып тұрғанының бiрден-бiр дәлелi – Алаш қозғалысы. 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан бастау алған Алаш қозғалысы кездейсоқ пайда болған стихиялық құбылыс емес, қазақ халқының рухани кемелденуiнiң заңды нәтижесi болатын. Тарихшылар ол қозғалыс өзiнiң түпкi мұратына жете алмағанымен, тарихи миссиясын орындап кеткенін айтып та, жазып та жүр.
Бүгінде 1921-1923 жылдардағы ұлы жұт туралы жиі айтыла бермейді. 1921 жылы Қазақстанның басым бөлігінде ұзаққа созылған қарсыз қыс болып, соңы көктем мен жаздың құрғақшылығына ұласқан. Егін атаулы күйіп кеткен. Ал 1921-1922 жылғы қыс өте қатты болып, жұрттың қолындағы мал да қырылып қалады. Зерттеушілер сол жылдары елімізде 1 миллион 200 мыңға жуық адам аштыққа ұшырап, соның тең жартысы құрбан болғанын жазады.
Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркіндегі деректерге жүгінсек, 1922 жылы Семей губерниясының қазақтары Орал, Орынбор,
Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губерниялары мен Торғай, Адай уездеріндегі ашыққан ағайынға көмек ретінде 8 мың жылқы мен 50 мыңдай қой жинап беріпті. Одан бөлек 70 мың пұт азық-түлік пен астық және 500 мың сомдай ақша да жиналған. Сөйтіп, ол ақшаға Моңғолиядан 5 мың ірі қара мен 77 мың қой сатып алынып, халқы ашыққан өңірлерге қарай айдалған екен.
Айтайын дегеніміз, сол жылдары Семей қазақтары аштықтан аман қалған демесеңіз, олардың да аузынан ақ майы ағып жатқаны шамалы еді. 1922 жылы Семейде де қыс қатты болып, мал мен жан көктемге илалап жүріп әзер ілінген. Өзі жарымай жүріп алыстағы ағайынның қамын ойлап, осынша мал жинап берген бұл неткен жомарт, мейірімді, бірлігі бекем халық десеңізші?! Міне, ұлт руханиятының күші осындай болатын. Осыны көрген большевиктер қазақты толық бағындыру үшiн оның руханиятын әлсiрету керегiн бек түсiндi.
Қазақты жаулаудың көкесiн большевиктер көрсеттi. Олардың Қазақстанда толық билiкке қол жеткiзуi 1925 жылы ҚАЗКСР басшылығына Ф.Голощекиннiң тағайындалуымен басталды. Ол қазақ халқын бiржолата күйрету үшiн екi тәсiл қолданды. Оның бiрi 1 миллионнан астам қазақтың жат жұртқа үдере көшуiне, тағы 2,1 миллион қандасымыздың қырылуына себеп болған ашаршылықты қолдан ұйымдастыру болса, екiншiсi қазақтың зиялы қауымын, көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтарын олардың саяси көзқарастарына қарамастан жаппай репрессиялауы болатын.
Қызыл террорды ұйымдастырушылар «Алаш» қозғалысын бастаған, қолдаған қайраткерлерді ғана емес, большевизмді жақтап шыққан азаматтарды да аямады. Елдiң қадiрiн бiлген, көкiрегi ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетiнен ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретiнде айыпталып, «халық жауы» атанып, атылып кетiп жатты. Жалпы, сол жылдары Қазақстанда 100 мың адам қуғындалып, оның 20 мыңнан астамы өлiм жазасына кесiлдi.
Бұл тек зиялы қауымға қарсы жасалған қуғын-сүргiн, тұтас қазақ руханиятына қарсы қолданылған репрессия болатын. Тоталитарлық жүйе ұлт руханиятын жою арқылы қазақтың өзiн де тарих сахнасынан бiржола ысырып тастауды көздедi.
Иә, отызыншы жылдардағы ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін қазақ халқын руханиятынан алшақтатып, оның этникалық мінезін қатты өзгертіп жіберді. Тіпті, бұл қасіретті оқиғаларға дейін өмір сүрген және одан кейін қалған қазақтар – бір-біріне ұқсай бермейтін мүлде бөлек халықтар сияқты еді десек те артық болмайтындай. Оған дейін қазақ халқы өз ата-бабаларының идеалдарына адал еді – тәкаппар, өр рухты, санасы азат, өз болмысы мен тарихын танитын, бірлігі бекем халық болатын. Ондай қазақтар қандасының амандығы үшін малы түгілі жанын қиюға, елдік мүдде жолында аянбай күресуге әзір тұратын.
Ақиқатында қазақтар бастан кешкендей қиямет-қайым адамзаттың тұтас тарихында санаулы халықтың ғана басынан өтті. Ата-бабаларымыз «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» дегенді қалай қапысыз дәл тауып айтқан десеңізші. Кешегі қандасы үшін басын бәйгеге тіккен өр қазақ қолдан ұйымдастырылған ашаршылық кезінде, ешқандай әсірелеусіз айтқанда, бірінің етін бірі жеуге мәжбүр болды. Осынау геноцид санамыздың деформациялануына әкеп соқты.
Тарихи деректерге көз жіберсек, 1924 жылы қазақтардың жан саны 6 миллион 470 мыңдай болған. Ал 1937 жылы атамекенінде отырған қазақтың саны 2 миллион 100 мыңға дейін қысқарған. Ашаршылықтың салдарынан халқымыздың саны 4 миллион адамға азайған.
Міне, осының бәрі сол заманда генофондымызды тас-талқан етіп, генетикалық жадымызға қатты әсер етті. Соның салдарынан біздің санамыздағы ел мен жерді сүю, қандас үшін жанды қию, отаншылдық деген ізгі қасиеттер көмескіленіп, оның орнын «қалай да тірі қалу», «әйтеуір өлмей күнелту, күнкөру» деген қағидалар жаулап алды. Санамыздың түкпіріне «біз де өзге қазақтар секілді аштан өлмейміз бе», «құрысын, тыныш жүрейін, сыртымнан біреу көрсетіп жіберер» дейтін үрей әбден орныққан. Және сол үрей сүйегімізге сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа генетикалық жолмен беріліп келе жатыр.
Ашаршылық, репрессия, қала берді соғыстан қалжырап шыққан қазақтың тарихын қайта жаза салу кеңестік билікке еш қиындық туғызған жоқ. Сөйтіп, тоталитарлық идеология кешегі бостан күнімізді ұмыттырып, өр рухты ата-бабаларымыздың бейнесін сағымға айналдырып жіберді. «Қазақтың ешқашан мемлекеті, шекарасы, қалалары, мәдениеті, әдебиеті, өнері, заңғар тұлғалары болмаған» дегенге тұтас ұрпақты сендіріп бақты. Сөйтіп, рухани тамырлары үзіліп қалған халқымызды одан әрі орыстандыру, арақтандыру саясаттары арқылы езгілей түсті.
Қазақ қашан да өткенге салауат айтқан халық. Өткен өтті, ал, енді ұлттың бойындағы үрейден арылу үшін не істеуіміз керек? Біздіңше, оның бір ғана жолы бар. Бұдан арылу үшін тұтас ұлт болып тарихымызды қайта тануымыз, ұлттық руханиятымызға қайта тамыр байлауымыз керек. Ұл-қыздарымызға олардың қандай ұлы ұлттың өкілі екенін сезіндіруге тиіспіз. Біздің ата-бабаларымыз қазақтың Ұлы даласында талай дәуірлерде бейбітшілік пен әділеттілік орнатып, ырыс пен ынтымақты, ғылым мен білімді, ізгілік пен имандылықты үстем етіп, салтанат құрғызған.
Арысын айтпағанда, бабаларымыз Алтын Орда секілді алып империя құрған. Сол Алтын Орда дәуірінде, оған дейін де бабаларымыз айналасындағы халықтарға тәртіпті, мәдениетті, оқу-білімді үйреткен, оларға ізгілік пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, көзін ашып, бауырына басқан.
Сол дәстүр тарихи жадымыз арқылы кейінгі замандарға жеткен. Кешегі қазақтардың өздері қиналып отырса да депортацияланып келген халықты бауырына басуы, қазіргі қазақтардың бойындағы толеранттылық, «өзге ұлттың өкілі де Құдайдың жаратқан пендесі ғой» деген гуманистік көзқарастар атадан берілген дәстүрдің үзілмегенін көрсетеді. Мұның бәрі барша халықты бауырына басқан бабаларымыздың ұлылығының, ірілігінің сарқыншағы.
Демек, бойдағы үрейді жеңіп, ұсақ-түйектен өзін биік ұстайтын отаншыл ұрпақ өсіреміз, сөйтіп, дәстүрлі қазақ қоғамына тән байырғы этникалық мінезімізді қалпына келтіреміз десек, ата-бабалар руханиятына барып табан тіреуден басқа жолымыз жоқ. Бізге рухани жаңғыру, ұлттық модернизация ауадай қажет.
Онсыз қазіргі айтылып жүрген қоғамдағы өзекті проблемалар – білім берудің, медицинаның, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, жемқорлықты, азғындықты тежеп, даламызды гүлдендіріп, қаламызды түрлендіру, өндірісімізді өркендету мүмкін емес. Бәсекеге қабілетті ұлтқа айналғымыз келсе, ертелі-кеш ұлттық модернизация жолына қадам басуға тиіс болатынбыз. Халқымыздың ХХ ғасырдағы қасіретті тарихын тануға бетбұра отырып, біз модернизация жолында алғашқы қадамдардың бірін жасағандаймыз.