КАРАНТИНДЕ ДЕ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСАДЫ Избранное

Среда, 24 Июнь 2020 05:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 176 раз

unnamed

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы карантинге жабылды. Қазір мұндағы қызметтер, көктемдегі төтенше жағдай кезіндегідей, онлайн ұсынылады.

Орталық директорының орынбасары Ақмарал Жулаеваның айтуынша, Шымкент қаласы Қаратау ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен Жұмыспен қамту орталығы 16 маусымнан бастап 14 күнге карантинге жабылды. Осы уақыт аралығында қызметтердің барлығы онлайн көрсетілетін болады.
Осы тұста айта кетейік, орталықтың онлайн қызмет көрсетуде тәжірибесі жоқ емес. Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин басталғанда орталық та 26 наурыздан бастап қашықтан қызмет көрсетуге көшкен болатын.
– Көктемде екі айдан астам уақыт қашықта жұмыс істеп келдік. Сондықтан, келушілерді түсіністік танытуға, орталықтың алдына көптеп жиналмауға, карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын, - дейді Ақмарал Пернебекқызы.
Жасыратыны жоқ, әлі де болса мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды меңгермегендер, білмейтіндер көп. Орталық жетекшілері бұл мәселені де ойластырып қойғандарын айтады.
– Наурыз айында қашықта жұмыс істеуге көшкенде, бізді осы сұрақ мазалағаны рас. Қарап отырмадық. Дереу іске кірістік. Әріптестерімізбен ақылдаса келе E-gov порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмекті, атаулы әлеуметтік көмек алатыны жөнінде анықтаманы онлай қалай алуға болады, электронды цифрлық қолтаңбаны (электронды кілт) алу үшін не істеу керек, жұмыссыз ретінде онлайн қалай тіркелуге болады деген негізгі мәселелерге арнап, видео-роликтер әзірледік. Олар орталықтың facebook және instagram парақшаларында жарияланды. Қазір де қаламыздың кез келген тұрғыны орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, осы видео-роликтермен танысып, үйреніп алуына толық мүмкіндігі бар. Одан бөлек, әлеуметтік желіге, жергілікті басылымдарға қала аумағындағы бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды да орналастырып отырдық. Онда байланыс телефондары да көрсетілген. Соның нәтижесінде орталықтың жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек мәселелеріне жауапты мамандардың байланыс нөмірлеріне хабарласып, кеңес сұрағандар көп болды. Қысқасы, аталған жұмыстар өз нәтижесін берді деп сеніммен айтуға болады, - дейді орталық директорының орынбасары.
Үшінші мегаполисте жуырда «Бастау бизнес» бағдарламасына жолдама беру, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау басталып кетті. Бұл жолдаманы да Жұмыспен қамту орталығы беретін. Карантинге жабылғанына қарамастан, бұл жұмыстар тоқтап қалмайды, деп сендіреді орталық өкілдері. Айтуларынша, оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің оқытулары 10-маусымнан басталғаны белгілі. Ал әр кезеңінің мерзімі 21 күнді құрайтын оқу онлайн жүретіні о баста нақтыланып қойылған екен.
– Курстан өткісі келетін әр адам жеке басын куәландыратын құжатты және халықты орталықтың берген жолдамасын https://atameken.co/kk/course-bastau сілтемесіне жүктейді. Тіркелу барысында түсінікті болу үшін видео нұсқаулық та дайындалған. Ол @shymkent.atameken инстаграм парақшасы және https://t.me/basbiz20 («Бастау Бизнес – 2020») telegram-каналына жүктелген, - деп түсіндіреді Ақмарал Пернебекқызы.
Жалпы, биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1850 адамды оқыту жоспарланған болса, қазірдің өзінде 4000-ға жуық адамға жолдама берілді. Осы тұста айтып өтетіні, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау 6-шілдеден, «Бастау бизнестің» екінші кезеңіне 10-шілдеден бастап жолдама беру жалғасады.
Қазіргі таңда орталықта санитарлық, эпидемиалогиялық талаптар қатаң сақталған. Мұнда дезинфекциялық жұмыстар көктемнен бері бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп тұрады. Маска режимі енгізіліп, ғимараттың кіреберісінде дезинфекциялық өткел жұмыс істеп тұр. Қызметкерлер мен келушілерге арналған антисептиктер де қойылған. Оған қоса орталық ғимаратының ішіне кіретін әр азамат тепловизормен тексеріледі.

 

А.СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.