Шаһардың шырайын келтірген басылым Избранное

Пятница, 26 Июнь 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2575 раз

нурлан ага

1990 жылы Шымкент қалалық партия комитетінің шешімімен «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеті құрылып, бұл екі басылымның бас редакторы болып журналист-жазушы Жұмамұрат Тұяқбаев бекітілді.

8f5a797c-7797-4027-ad35-65db8abcaf73

Жұмекең бұл кезде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары еді. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын басылымның қым-қиғаш жұмысы талай журналистің бағын ашып, елге танымал ақын-жазушы етіп шығарғаны белгілі. Жұмекең де осы «Оңтүстікте» өркен жайып, өткірлігімен ерекшеленді. Сондықтан да шығар қалалық қос басылымға басшылық еткен жылдары партияның «номенклатурасынан» гөрі халықтың әлеуметтік мәселелерін, жастар тәрбиесін еркін қозғап, төрде отырған «төрелердің» құлағына алтын сырға етіп ілді.
Елдің оқитыны еркін тақырып екені рас. Жаңадан ашылған газеттің алғашқы қарлығаштары да өмірде ысылған тәжірибелі журналистер болды. Жұмекең оларды редакция есігін енді ашқан жас тілшілерге «командир» етіп бекітіп, соларға үлгі болыңдар дейтін. Жас шаңырақтың Жұмекеңмен қатар жүріп уығын қадасқан Бекзаттар Дінәсілов, Фарида Шарафутдинова, Алик Розметов, Райхан Ақбердиева сынды қаламгерлер аз уақыттың ішінде газеттің қабырғасын қатайтып, керегесін кеңейтті. Кейін олардың қатарын Әлия Еңсебаева, Ольга Карлина, Жамила Мамырәлі, Айгүл Мамыт, Атанбек Наурыз, Оралхан Дәуіт секілді жас журналистер толықтырды. Жаңа басылымның оқырманы көбейді. Жастар, студенттер арасында сыр-сұхбатқа негіз болған алуан-алуан тақырыптар көтерілді. Әншейінде құлаққа жаттанды естілетін «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деген айдармен өткен кездесулердің көпке дейін қызуы басылмады. Сол кезеңдерде «трайболизм» деген дерттің ушығып тұрған кезі еді. Жұмекең редакцияға атағынан ат үркетін ақсақалдарды жинап, әңгіме өткізді. Төлепбек Назарбеков, Нәмет Сүлейменов, Садықбек Адамбеков, генерал Құлахмет Қалменов, ардагер журналист Сыдық Құмарұлы ортақ ойдың түйінін тарқатып, осы бір келеңсіз құбылысқа нүкте қойған жөн деген шешімге келді. Бұл да газет оқырмандары арасында үлкен «резонанс» туғызды. Бұдан кейін де басылым «көше-көшенің бойында бензин сатушылардың басында кім тұр» деген мәселеге журналистік зерттеу жүргізді. Мұның соңы үлкен даумен, қысқартып айтқанда журналистердің жеңісімен аяқталды. Айта берсек әңгіме көп. Өз басым Жұмекеңмен тізе қосып, он жылдай бірге қызмет істеген екенмін. Бұл жылдар біз үшін қиын өткел болғанымен, өмірлік тәжірибе жинақтаған кезеңдер еді.
Оңтүстік өңірінде ең бірінші Президент сыйлығының иегері біздің газеттен шықты. Оған шешеміз ұл тапқандай қуандық. Газеттің мәртебесі өсіп, облыс, қала басшылары бірнеше рет редакция қонағы болды. Амалбек Тшанов, Анарбек Орман, Қылышбек Ізбасқанов газетке көмегін аяған жоқ. Әнекең, Анарбек Орман тіпті сонау Ресейден су жаңа баспахана сатып әперді. Қызметкерлері бір-бірлеп үй алып жатты. Осының бәрі газеттің, Жұмекеңнің беделі еді.

 

DSC 6511


Зымырап бара жатқан уақыт-ай. Сол өзіміз уығын қадаған «қарашаңырақтың» құрылғанына 30 жыл өтіпті. Жұмекеңнен кейін газет тізгінін ұстаған Қайырғали Медет, Ертай Бекқұл, Анар Аспан, Жеңіс Баһадүр, Дәрменбай Шәріп, Айгүл Қаппарова, Бахтияр Тайжан басылымның туын желбіретіп, баспасөз айдынында батыл жүзіп келеді. Бүгінгі газеттің кескін-келбеті көп өзгерген. Қанша дегенмен компьютердің заманы ғой. Оны меңгерген журналистердің амалын айтсаңшы.
Әріптестерімді баспасөз мерекесімен, оның ішінде газеттің 30 жылдық торқалы тойымен құттықтап шаңырақтарына шаттық, шығармашылығына шабыт тілеймін.

 

Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ,
облыстық «Оңтүстік
Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.