Версия для печати

ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ДАМЫТУҒА МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ НАЗАР АУДАРЫЛУЫ ТИІС Избранное

Пятница, 26 Июнь 2020 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2550 раз
Оцените материал
(0 голосов)

unnamed 1

Тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарды дейтін пікір бар. Бұл сөздің растығына ешкімнің таласы жоқ шығар. Ал, қазір заман өзгерді, заманмен бірге адам да, қоғам да өзгерді. Бүгінде күн тәртібіндегі мәселелер осыдан 20-25 жыл бұрынғыдан мүлде бөлек. Олай болса, бүгінгі өзгерген уақытта ұлттық журналистика, оның ішінде қазақ баспасөзі ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаумен шектелмей, оның нақты мүдделерін қорғай алатындай іргелі қоғамдық институт, қуатты құрал бола алып жүр ме? Немесе сондай дәрежеге жету үшін не істеуіміз керек? Журналистердің төл мерекесі қарсаңында осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Әңгімені әріректен бастасақ, бәріміздің түпкі мақсатымыз – қазақ мемлекеттілігін нығайту. Ол үшін ел бірлігі қажет екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бірақ, алдымен елдің бірлігі деген не? Біз ел бірлігі дегенде көбіне этносаралық қатынастарға ғана мән беретін сияқтымыз. Қазақстанда өмір сүретін түрлі этностардың, түрлі диаспора өкілдерінің татулығы, ынтымағы керек, ол өте маңызды. Бірақ, бұл – ел бірлігінің бір ғана аспектісі.
Бізге толық мағынасындағы, мығым ұлттық бірлік керек. Бұл жерде ұлт дегенде тек қазақты ғана айтып отырған жоқпыз. Бүкіл өркениетті әлемдегі қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет пен ұлт деген синонимдер. Осы тұрғыдан қарасақ, Қазақстанның 18 миллионнан астам тұрғынының әрбірі біртұтас қазақ ұлтының, қазақстандық ұлттың емес, қазақ ұлтының өкілдері болып саналады. Осы, яғни толыққанды ұлттық демократиялық мемлекетке айналу – біздің мемлекет ретіндегі стратегиямыз.
Енді осынау ұлттық бірлікті нығайтатындай қуатты күш болу үшін қазақ журналистикасына не керек?
Біздіңше, үш нәрсе керек: біріншісі – сөз бостандығы, ашықтық пен жариялылық;
екіншісі – ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырысқа, саяси немесе корпоративтік топтардың демеушілігіне тәуелді болмайтындай қаржылық еркіндік;
үшіншісі – журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл үш бағытта да бізде проблема жетеді.
Ұлттық бірлік туралы әңгімені қайта жалғасақ, бұл мұратқа жету үшін екі нәрсе керек. Біріншісі – ортақ тілі болуы тиіс. Ол, әрине, қазақ тілі және бұл өз алдына бөлек тақырып...
Екіншісі – ортақ құндылықтар жүйесі. Осы қоғамның әрбір мүшесіне, мейлі ол министр болсын, мейлі шаруа болсын, мейлі банкир не таксист болсын, мейлі орыс немесе өзбек болсын – бәріне ортақ, бәріне қымбат, барлығы үшін маңызды құндылықтарды анықтауымыз керек. Біздіңше, олар – тәуелсіздіктің баяндылығы, осы елдегі бейбітшілік, заң үстемдігі, теңқұқықтылық, азаматтық еркіндік пен әлеуметтік әділеттілік, ашықтық пен жариялылық.
Байқасаңыз, ашықтық пен жариялылық, сөз бостандығы қоғамдық құндылықтар жүйесінің ажырамас бөлігі екен. Өйткені, ашықтық пен жариялылық, шындық жоқ жерде оның орнын көзбояушылық, жасандылық пен жағымпаздық басып кетеді. Ал, кез келген ақпарат құралының ең басты капиталы не? Өз аудиториясының сенімі. Оқырманының, көрерменінің сенімінен айырылған газеттің де, сайттың да, телеарнаның да сөзі желге ұшады. Қазыбек би бабамыздан қалған «Тыңдалмаса – сөз жетім» деген өсиет бар ғой.
Ал, оқырман сенуі үшін телеарна шындықты айтуы керек, газет те тек қана шындықты жазуы тиіс. Әйтпесе, ауылда жастардың тең жартысы жұмыссыз жүргенде күн сайын эфирге шығып алып «Не дейсің, Қазақстан сұмдық дамып бара жатыр» деп хабар тарата берсек, бұл жұрттың әрі-беріден соң ызасын келтіретіні рас қой. Қоғам, ел дамысын десек, ел бірлігі бекем болсын десек, бізге толыққанды ашықтық пен жариялылық керек.
Бұл проблемаға назар аударылмауының салдары қандай? Салдары қазір газет-журналдардың таралымы жылдан-жылға азайып барады. Баспасөзге жазылуды ұйымдастырудың да қаншалықты қиын шаруаға айналғанын осы саланың адамдары жақсы біледі. Яғни таралымның азаюының түпкі себебі – аудиторияның сенімінен айырылғанымыз.
Тәуелсіз зерттеулер қазір шындықты шырқыратып айтады, сойып салады дейтін танымал телеарналардың өзіне тұрғындардың небәрі 30 пайызы сенетінін көрсеткен. Ойланарлық жағдай… Бұл – мәселенің бір қыры.
Екінші жағынан ақпараттық қауіпсіздік дейтін мәселе бар. Біздің елде идеологияға жауапты лауазым иелерінің бірқатары ақпараттық қауіпсіздік дегеннің не екенін енді-енді түсініп келе жатқандай. Әлі де түсінбей жүргендердің пайымдауынша, БАҚ-та ешқандай сын материал шықпаса немесе барынша аз шықса, оның орны сүйінші хабарлармен толып тұрса, ақпараттық қауіпсіздік деген сол ғана. Ал, шын мәнінде ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз – ура-патриоттар ерекше назар аударатын «негатив» пен «позитивтің» аясына сыймайтын ауқымды ұғым.
Егер барынша қарапайым сөзбен жеткізсек, егер ұлттық журналистика шындықты айтпаса, онда халық шындықты айтатын ақпарат көздерін басқа жақтан іздеп тауып алады. Қазақ журналистері қоғамдық құбылыстарды объективті түрде талдап, сараптап, проблемалардың түп-төркіні мен туындауы мүмкін салдарын жіліктеп көрсетпесе, әлгі жат ақпарат көздері бір-екі рет шындықты шырқыратып айтып халықтың сеніміне кіріп алады да артынан ақпараттық арандатуды бастап жібереді. Ол кезде оянып Сіз шынайы жағдайды түсіндіргіңіз келуі мүмкін. Бірақ, ол кезде «өтірікшінің шын сөзі зая» болып қала береді.
Екінші бір күрделі проблема – жоғарыда айтқанымыздай, қаржылық тәуелсіздік. Жалпы, мемлекеттің өз ақпарат құралдарына қолдау көрсеткені өте құптарлық қадам. Бірақ, мына мемлекеттік тапсырыс дегеннің өзі астыртын цензура сияқты көрінеді. Біздегі жүйеде «Мынаны жазба» деген шектеу жоқ болғанымен, «мына хабарды мемлекеттік тапсырыстың аясында жарияла» дейтін нұсқау бар. Ақшасын төлеп отырған соң жариялайсыз. Газеттің бетін, эфирдің уақытын сол мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланатын материалдар толтырып тастаған соң әлгі сөз еткен ашықтық пен жариялылық, объективтілік деген құндылықтар өзінен-өзі кейінгі орынға ысырыла береді.
Оның үстіне мемлекеттік тапсырыс деген баяғы дотацияның бір түрі ғой. Тек атауы өзгертіліп, қазіргі заңнамаға сәйкестендіріліп қойған дүние. Ал, кез келген сала дамуы үшін оған қаржы дотация емес, инвестиция түрінде құйылуы керек. Қазір Қазақстандағы қай БАҚ-тың 5 немесе 10 жылдық даму жоспары бар. Біз білетін бірде-біреуінде ондай даму жоспары жоқ. Қазіргі ақпарат құралдары алдағы жартыжылдыққа жазылымды ұйымдастырудың, одан қала берсе, тендердің ақшасын игерудің қамымен жүр. Бүйтіп бір күннің, бір жылдың қамымен жүрген жерде даму болмайды. Даму болмаған жерде кері кету басталады.
Не істеу керек? Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың жаңа формаларын іздеген жөн. БАҚ-ты мемлекеттік тапсырысқа таңып қоймай, оны қаржыландырудың басқа бір жолдарын, механизмдерін қарастыратын уақыт жетті.
Ең маңызды мәселенің бірі – журналистердің біліктілігін арттыру.
Ауырлау болса да айтайық, қазір қазақ журналистерінің көбінің кәсіби деңгейі – қазақстандық футболшылардың кәсіби деңгейімен қарайлас.
Екі айырмашылық бар: Біріншіден, футболшылардың біліксіздігі әр матч сайын көрініп қалады, журналистердікі елеусіз қала береді. Екінші жағынан футболшылардың жалақысы 10 мың доллардың о жақ, бұ жағы, қазақ журналисі үшін 1 мың доллар жалақы – арман.
Қазір мемлекет мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Ал, қатардағы журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға мемлекет көңіл бөліп жатыр ма – жоқ, жергілікті билік қарай ма – жоқ, жұмыс берушіміз ше – оған да біздің кәсіби тұрғыда өскенімізге, тіл үйреніп, білімімізді жетілдіргенімізге қарағанда, қазір жұмыс істеп, әжетіне жарағанымыз маңызды.
Сонда қалай мына ақпарат ғасырында бұл қоғам мен мемлекетке білікті дәрігер мен мұғалім, полицей мен мемлекеттік қызметкер керек те, білікті, шебер журналистер керек емес пе?
Журналистер біліктілігін өз бетінше арттыруы керек деген пікір бар. Біздің жағдайымызда ол да бос сөз болып шығады. Қараңызшы, мен білетін бір тілші айына 290 АҚШ доллары көлемінде жалақы алады. Ай сайын 200 долларға пәтер жалдайды. Ертең пәтер алса, 15-20 жыл сондай көлемде ипотека төлейді. Қалған 90 долларға, яғни күніне 3 долларға ол бала-шағасын асырап, күнелтіп жүр. Бір оның ғана емес, қазақ журналистерінің басым көпшілігінің жағдайы осындай. Сөйтіп жүрген журналистер қайдан өз бетінше шет тілін үйреніп, білімін жетілдірсін?!
Олай болса, қазақ журналистерінің біліктілігін арттыру, жалпы ұлттық журналистиканы дамыту ісі де мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Осы бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданса да артықтық етпейтін сыңайлы.