Версия для печати

Дәрі-дәрмек тапшылығы шешілуде Избранное

Пятница, 10 Июль 2020 03:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2390 раз
Оцените материал
(0 голосов)

WhatsApp Image 2020-07-10 at 11.04.21

Соңғы екі аптада індет қатты асқынды. Күрделі жағдай Шымкентте ғана емес, еліміздің түпкір-түпкірінде ушықты.

Алғашқыда төтенше жағдай жарияланып, карантин шектеулері енгізілген кезде тұрғындар азық-түлік дүкендерінде ұзынсонар кезекке тұрды. Қазір ахуал басқаша өзгерді. Енді дәріханалардың алды адам қарасы азаймайтын жағдайға жетті. Ең қиыны, көпшілік іздеген дәрісін таппай жүр.
Рас, күні кешеге дейін дәрі-дәрмекке бақылау болмады. Аса қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігі көпшіліктің наразылығын туғызды. Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев негізсіз қымбаттауға байланысты шағымды орынды деп қабылдады. Пандемия кезінде бұндай заңсыздықтарға жол беруге болмайтынын айтып, мәселені Үкімет пен құқық қорғау органдарына тапсырды. Сөйтіп жаппай дәріханаларға тексеру жүргізілді. Сол екен, медициналық препараттарды қымбат бағаға сатқан алыпсатарлардың жолы кесілді. Заңсыз дәрі қоймалары әшкере болып, медициналық препараттар тәркіленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы да қаламыздағы «Зерде», «Фарм лайн», «120-80» дәріханаларындағы жағдайды бақылады. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және БАҚ өкілдерінен құрылған топ аса қажетті дәрілердің бар-жоғын, бағаларының қолжетімділігін анықтады. Сондай-ақ медициналық препараттардың тапшылық туындауының себеп-салдарын анықтады.
«Зерде» ЖШС дәріханалар желісінің меңгерушісі Жанар Шалдарбекқызының сөзінше, Шымкентке күн сайын дәрі-дәрмек тонналап келіп жатыр. Бірақ алушылардың шектен тыс көбеюі дәрі тапшылығын туындатып отыр.
Өкініштісі, бақыланған дәріханаларда «Парацетамол», «Аскорбин қышқылы», «Цефтриаксон», «Ингавирин», «Азитрамицин», «Немисил» жоқ. Сосын сатып алушыларға талап күшейтілген. Дәрілер дәрігерлердің нұсқауынсыз берілмейтін болған. Оған кезекте тұрған тұрғынның пікірі дәлел.
– Бір апта қатты тұмауратып ауырдым. Дәм-иіс сезбедім. Ауруым асқынғанда тыныс алуым қиындады. Кеселдің өкпеме қарап өтіп жатқанын білдім. Мен тіркелген №1 емханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дәрігерден қажетті дәрілерді жаздырып алып, дәріхананың процедурасынан ем қабылдадым.
Қазір әлеуметтік желілерде ем-домдар туралы кеңестер көп. Бірі укол, система алу керек десе, бірі алуға болмайды дейді. Алғашқыда өз бетімше қорап-қорап дәрі іштім. Уақытша ғана басылғандай болды. Кейін сырқатым бұрынғыдан бетер өршіп кетті. Бұл аурудың алдын алмаса қиын екен. Жұрттың көбі өз бетінше емделіп жатыр. Менің ойымша, дәрігердің нұсқауынсыз ем алуға болмайды, - дейді қала тұрғыны Бибайша Ибраева.

 

WhatsApp Image 2020-07-10 at 11.04.29


Мәліметтерге сүйенсек, мегаполисте 740 дәріхана бар. Олардың 300-і қала басшылығының бақылауында. Қалғандары жекеменшік болғандықтан өз қалауынша сауда істейді.
– Үш дәріханаға кіріп, қажетті антибиотиктерді сатып алдым. Атап айтсақ, «Фарм лайнда» балаларға арналған «Анаферон» - 1445, «Генферон» - 4160 теңге. Ал «Зердеде» бағалар төмендеу. Мұнда «Анаферон» - 1260, «Аскорбин қышқылының» таблеткасы - 325, «Анальгин» - 180 теңге екен. Үшінші дәріхана Ерімбетов көшесі бойындағы «Зердеде» балаларға арналған «Парацетамолдың» әр қорабы 30 теңгеден сатылуда. Оны ересек адамдарға екі таблеткадан тұтынуға болады. Байқағанымыздай, дәріханалар арасында бәсекелестік бар. Бірақ бәрінде бірдей баға болуын қамтамасыз ету қиын. Меже мақсаты – белгіленген бағадан аспау, - дейді арнайы мониторинг топ мүшесі Әсет Әссанди.
Қысқасы, рейд кезінде бетперде, антисептик сияқты вирусқа, микробқа қарсы медициналық заттар мен дәрі-дәрмектің тапшылығы анықталды. Көпшіліктің иммунитет көтеріп, күш-қуатты арттыратын дәрумендерді аяғынан тозып іздеп жүргені жасырын емес. Мұнан бөлек, дертімен айқасып жатқандар да, кеселден көз жұмғандардың қатары да азаймай тұр. Өкініштісі тұмаумен басталған дерт қатты асқынып, өкпеге өтіп жатыр. Десе де, провизорлар ең қажетті антибиотиктер мен препараттар осы аптада барлық дәріханаларға түгел жеткізілетінін айтып, көптің күпті көңілін орнына түсірді.

 

Последнее изменение Пятница, 10 Июль 2020 05:10
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.