Қайырымдылық – хайп емес Избранное

Пятница, 17 Июль 2020 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3315 раз

aeros45001

ХІХ ғасырда Махамбет пен Исатай батырлар «Жалаулы найза қолға алып, Жау тоқтатар күн қайда?!» деп жалаң аттың жалымен, жалаң қылыш жүзімен ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып ерлердің ісін бітіргені тағлымды тарихымыздан мәлім. Ал бүгін, ХХІ ғасырда ел басына індет келіп, күн туғанда шын ерлер қайырымдылық жасап, сырқаты меңдеген адамдарға дәрі-дәрмек тауып беріп, оттегі аппараттарын тасып игі іс жасап, ерікті болып, белсенділік танытуда.

Қазір бір жұтым ауаның өзі баға жетпес байлыққа айналғандай. Мәселен, Шымкент қаласында барлық 24 медициналық мекемеге бір күнде 1200 кислород баллоны қажет екен. Індет қатты өршіген тұста оттегіге қажеттілік бірінші орынға шыққаны жасырын емес. Енді ол ауыр күндер артта қалды. Үшінші мегаполисте төрт ауруханаға оттегі бекеті орнатылды. Жалпы қалада 722 оттегілік төсек-орын дайындалған. Бұған қоса оттегі өндіретін тағы бір цех іске қосылмақшы.
Шымкенттік кәсіпкер Балтабай Асан қалада ашылған оттегі өндіретін бір бекеттің иесі. Бекет тәулігіне сұранысқа қарай 1000-нан 2000-ға дейін баллон толтырады екен. Балтабай ағамыздың көмегімен Самал-3 шағынауданынан ашылған провизорлық орталықтан 200 науқас емделіп шықты.
Ал Шымкенттен өзге өңірлерде оттегі баллоны өте тапшы. Қазіргі таңда алаш жұрты үшін сындарлы шақта айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастаған, белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, блогер-журналистер Жанат Бақыт, Дәулет Мұқаев, Динара Сәтжан қоштаған бір топ қоғам белсенділері Түркия мен Қытайдан 1000 оттегі концентратын сатып алып, 1000 ауруханаға тарату үстінде. Түркия мемлекетіндегі бір зауыттан тағы 500 аппарат алуға келісімшарт жасамақ.
«Әрқайсысы 150 мың теңгеге бағаланатын аппараттардың қаржысын айналдырған бес күннің ішінде тиындап жинап берген қара халықтың аз-маз қаржысы қалталы байдың миллионынан құнды. Әйтпесе, қалталы азаматтарға жалынып жаздық, өлеңдетіп жаздық. Бірақ, еш үн қатпады. Аурудың емі осы апппарат болса, жылдам іске кірісейік деп инстаграм арқылы ақша жинауды бастап кеттік», - дейді Айнұрдың өзі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, аппараттарды сатып алуын алыпты. Бірақ, оларды жергілікті ауруханаларға таратуда айтарлықтай кедергілер кездесіпті. Мемлекетімізде елге жеткізілген гуманитарлық көмек, дәрі-дәрмектерді «СҚ-Фармация» компаниясы үлестіретін көрінеді.
Айнұр бастаған қайырымды азаматтар осы мәселеге орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа үндеу жасап, нәтижесінде елге жеткізілген оттегі аппараттары тиісті орындарға еш қиындықсыз жеткізілетін болды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген рас қой. Қоғам белсенділері ашқан қайырымдылық шотына соңғы 100 теңгесін салғандар да болды. Әншілер қауымы 50 шақты аппараттың қаржысын аударды. Стамбул қаласында тұратын Қайша Керей атты қандасымыз өзі баспанасыз, пәтер жалдап жүрсе де 1 аппараттың ақшасын аударыпты.
Иә, айналдырған 5-6 күннің ішінде 3-4 блогер осынша қаражат жинағанда республика көлеміндегі кәсіпкерлер аппаратты үйіп тастайды екен ғой деген де ой келеді. Алайда, көп кәсіпкер көшпелі елдің көгендеулі бұзауындай үн-түнсіз, басын көтерер емес. Егер еліміздің «мен, мен» деген қалталы азаматтары тізе қосса, әлі де қаншама адамды ажалдан арашалап қалуға үлгерер еді. Күзде бұл тажалдың екінші толқыны келеді дегенді карантин басталысымен-ақ сала мамандары ескертіп өткен болатын. Сондықтан, қамдануымыз керек!
Кәсіпкер демекші, «Kazmedpribor Holding» ЖШС басшысы Рахат Байзақов қала тұрғындарына 150 дана төсек-орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлады.
25-тей жекеменшік клиникалар медициналық көмек берді.
Шымкент қаласының іргесінде орын тепкен Сайрам ауданының кәсіпкерлері де сауапты іс жасады. Қарабұлақ ауылының тұрғыны, ерікті - Б.Хасантаевтың бастамасымен сайрамдық кәсіпкерлер 5 млн теңге көлемінде қаржы жинап, оның 3,5 млн теңгесіне 19 Бобров медициналық тыныс алу құрылғыларын сатып алды. Өкпе қабынуына, коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға аса қажетті құрылғылар орталық ауруханаларға орнатылып, өз қызметін көрсете бастады.
Еріктілер қажетті медициналық құрылғыларды Алматы қаласынан алып келді. Сондай-ақ, оттегі баллондарын толтырып келу жұмыстарын да сәтті ұйымдастыра алды.
Кәсіпкерлердің демеушілігінен артылған қаражатқа ауруханаға азық-түлік алынды. Себебі, мұнда емделушілермен қатар, қауіпті дертті емдейтін медицина қызметкерлері де 14 күнге дейін үйінен оқшауланып, қызмет етеді.
Емханада ерікті боп, қиын сәтте қиналғандардың қасынан табылып жүрген отандастарымыз да бар. Тіл жанашыры Арман Рахмет біраздан бері Атырау облыстық ауруханасында ауыр науқастарға кислородты баллондар жеткізумен айналысып жүр. «Біз қазір 2 жігіт күндіз, 2 жігіт түнде 12 сағаттан ауысып, кислородты баллонды тасып, жалғап жұмыс жасап жүрміз», - деп жазба қалдырыпты өзінің фэйсбук парақшасында. Шын мәнінде ерікті ер. Бізге осындай ерлер идеал болу керек.
Шымкенттік Зарина Жиембаева – шынашақтай ғана қазақтың қызы. Жүрегінің кеңдігінің арқасында тау қопарды деп айтуға болады. Әйтпесе қолында уыс-уыс байлық жоқ, жәй ғана жанашыр достарымен бірлесіп қаланы кезіп, тапшы дәрі-дәрмек, оттегі баллондарын, матрацтар, төсек-орын, орындықтар және т.с.с. науқас адамдарға аса қажетті заттарды іздеп, тауып жеткізіп жүр. Арасында балалар үйіне де бас сұғып, жетім балалардың киім-кешегі, кеңсе тауарлары, ойыншық, тамақтарына дейін тасиды. Одан қолы қалт етсе, жалғызбасты, қиын жағдайда қалған зейнеткерлерге де азық-түлік жеткізіп жүргені. Өрімдей қыз бір шымкенттік қалталы азаматты үйін провизорлық орталыққа айналдыруға көндіріпті дейді. Ол мұның барлығын теп-тегін істеп жүр. Зарина мен оның командасына сенген адамдар Алматы, Тараз, т.б. қалалардан дәрі-дәрмектер жіберіп жатыр.
Таяу күндері Каспи банк 100 жедел жәрдем көлігін сыйлап ерледі. Тәуекелсіз іс бітуші ме еді? Арамызда батыр азаматтар осындай-осындай тәуекелдерге бармаса, онсыз да аз қазағымыз кімге аманат?!
Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек асарлатып Алаш үшін үн қосқан Айнұр әріптесіне өлеңмен онлайн сәлемдеме жолдаған екен. Сонда: «Қыз нашары бір шәугім шәй бере алар, Ал сен болсаң мың үмітті жалғадың. Ізгіліктер үміттерді оятты, Науқас елде кеуделерді зіл басқан» деген өлең жолдарын тыңдадық. Мың үмітті жалғаған, осындай ер адамға бергісіз тірлік тындырып жүрген ерікті қыздарға мін артып, сын тағатындар да бар екен. Тіпті, «тоқтат!» деп сес көрсететіндер де кездесіпті. Қайырымдылықты – хайпқа балайтын қай-қайдағы біреулердің іс-әрекеті расында қынжылтады.
Олардың қай-қайсысы да жарнама үшін жақсылық жасаудан аулақ. Иә, олар істерін жарияға жар сала істеп жатыр. Себебі, ақша жиғанда халықтан жияды, сосын сол қара халыққа есеп бермесе тағы болмайды. Хайп үшін дейтіндер әсте қателескенін түбінде мойындайтыны хақ. Оданда әркім қолдан келген қайырлы ісін жасаса игі. Тым болмаса өзі үшін де, өзге үшін де үйінен шықпай, карантин қағидаларына бағынса дейміз.
Айнұр, Қайрат, Дәулет, Жанат, Динара, Балтабай, Арман, Зарина... Қазақ елінің тар жол, тайғақ кешуінде алаң да алаң, алаң жұртына жанашыр ұл-қыздар осылардай болсын! Қу шөппен ауыз сүрткенше, осы қыз-жігіттерге қолдан келгенше көмектескен ләзім. Елімізде атымтай жомарттар көп екенін білеміз. Сондай жомарттардың жанашырлығы мен қайырымдылығы қазіргі күрделі кезеңде керек-ақ.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.