Уығы бекем шаңырақ

Среда, 22 Июль 2020 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1989 раз

DSC 6504

Қазақ баспасөзінде айырықша күн десек те болады. «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері орда бұзар отызға толып отыр. Қазақтың талантты қаламгерлерінің бірегейі Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыз қазығын қағып, іргесін көтерген қос газет заманның ұйытқыған желімен түрлі қиындықтарға душар болғанымен өзінің байыпты бағыт-бағдар, мақсат-мұратынан айныған жоқ.
Ел мүддесіне қалтықсыз қызмет етті. Қиналғанда жанынан табылды, шаттанғанда қуанышын еселеді. Ұлттық бірлік, ынтымақтастығына қылау түспеуіне қызмет етті.
Әдетте, мемлекеттік газетті кейбір шікәмшіл адамдар сынап жатады. Ел газеті «Егеменді» «аш та жап» деп айтқан белгілі ағаларымыз болды.
Бірақ, бұл дұрыс пікір емес. Қазақ спорт журналистикасының тарихын түгендеп, бір ізге түсіріп жүрген, бір басында энциклопедиялық білімі бар қадірлі досым Қыдырбек Рысбекұлы бір уақыттары «Қамшы» порталына қызметке шақырылды. Қыдырбек қазақ спортының бастауында тұрған алыптарымыз жайлы толымды дүниелер жазды. Үлкен спортты түсініп оқитындар алғысын жаудырды. Бірақ, досым сол қызметінен кетті. Өйткені, сайт жұмысы оқылыммен бағаланады.
Қыдырбектің қазақ спортын көтеру, одаққа мойындату үшін теңіздей тер төккен Қаркен Ахметов сияқты дарабоздар жайлы жазған ғажап мақаласы әлде бір әртістің сахнада аяғы тайып құлаған мезетінен кем оқылым жинайды. Қорлық қой.
Күлдібадам дүниелерге елді үйретіп алып, енді соның ықпалынан шыға алмай жүргендейміз. Бұл олқылықтар да түзелер. Мемлекеттік газеттердің мемлекеттік мәселелерге көбірек мән беретіндігі кейбіреулерге ұнамас, бірақ олар арзан атақ үшін жолынан ешқашан айнымайды.
Бүгінде қос газетте де республикалық белді газеттердің мықты журналистерімен үзеңгі қағыстыратын, кей сәттерде оза шабатын журналистер шоғыры бар. Қос газеттің де журналистері әрі тарт пен бері тартқа жоқ, бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ұжым. Мұндай ұжымда жұмыс істеу бір бақыт. «Төртеу түгел болса төбедегі келедіні» мұрат тұтқан егіз басылым Мемлекет Басшысының Үкіметке, қала басшылығына берген тапсырмаларының орындалуына қызмет етіп келеді.
Газетті үзбей оқитын оқырмандарымыздың берген бағасы біз үшін жоғары атақ. Ұлт мүддесі, ел тағдыры, жоқты түгендеуге атсалысу қашанда мерейлі міндетіміз.
Орда бұзар отызға толған қос газет қамал бұзар қырықты да ала бергей. Қазақтың Шерханы айтқан «алпыс - тал түс» мерейтойына да жете берейік.
«Қазақ үшін бір ғана Отан бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан» Қазақстанның Тұңғыш
Президенті - Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың осы қанатты сөзі бәріміздің жүрегімізде.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, ортақ Отанымыздың аман, құт-берекесі тасыған уақытына қызмет ете берейік.
Ынтымағы ұйыған ұжымның мерейтойы тағы да құтты болсын.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директоры,
«Шымкент келбеті»
және «Панорама
Шымкента» газеттерінің
Бас редакторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.