Біз – біргеміз!

Среда, 22 Июль 2020 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2267 раз

DSC 9563

Кеше Шымқаланың қос басылымының жарық көргеніне 30 жыл толды

Өзіндік өрелі өрісі бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді егіз басылым осы жылдар ішінде өсу-өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, жетістіктерін қалың бұқараға жеткізіп келеді.
Өзінің өрнекті тарихын өткен ғасырдан бастаған бұл екі газет осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті. Оның алғашқы онжылдықтағы қалыптасу, өрлеу кезеңі өзіндік тарих. Ал өзім куә болған 2010 жылдардан бергі уақыт бедеріндегі қайта түлеп, жаңғырып, жаңаруына ат салысқан әріптестерімнің ізденісті істерін әркез мақтан етемін! Біз сол қиын уақыттың салмағын газет журналистерімен бірге көтеріп, басылымның игі дәстүрлерін сақтап қалдық. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Оқырмандардың ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістіктері мол. Соның дәлелі – "Шымкент келбеті" газеті бес дүркін "Үздік басылым" номинациясының иегері атанды. Қос басылым журналистері халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты атанып, қаламгерлердің еңбектерінің елеулі марапатына айналған "Алтын қауырсын" сыйлығының иегерлері болып танылды.

 

 DSC905455

DSC 8225DSC 7513


Редакцияда әр жылдарда еңбек еткен қаламы жүйрік журналистермен қатар, газеттің мазмұны мен сөзінің қуатының артуына басылымның тұрақты авторлары да өзіндік үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Сондай-ақ, газетті әр кезеңдерде басқарған Жұмамұрат Тұяқбаев, Анар Бәкірова, Қайырғали Медет, Айгүл Қапбарова Бақтияр Тайжан сияқты бас редакторлардың еңбегі бір төбе. Кешегі күнге дейін басылымның әрбір нөмірінің шығуына өзі толғатып, өмірге нәресте алып келгендей аса жауапкершілікпен қызмет атқарған Эльмира Бердіғалиева мен бүгіндері бел шеше еңбек етіп келе жатқан тәлімгер-журналист Асхан Майлыбаеваға айтар алғысымыз шексіз! Оның бергі жағында қос басылымда 20 жылдан астам еңбек еткен Света Есжанова, Марат Назаров, Галина Герман, орта буын қаламгерлер Тағабай Қасым, Нұрлан Бектаев, Әсел Хамзина, Айгүл Керімқұлова мен Мөлдір Кенжебай, Құттыбике Нұрғабыл ұжымымызға соңғы жылдары жүйрік поездай жаңа дем беріп, жаңаша леп қосып отырған қаламы қарымды журналистер Айдар Құлжанов, Азамат Жаппар, Әнуар Жұмашбаев, Наталья Хайкина секілді әріптестеріміздің еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Ал газеттің айшықты, тартымды безендірілуі кәсіби дизайнерлер Медет Самылтыров пен Толқын Тәжібаеваның ізденісті де ілкімді еңбектерінің нәтижесі. Ұжым қызметкерлерінің қай-қайсысы да, басылымның беделі мен абыройының асқақтауына білім, білігін аямай жүрген үздік мамандар.
Журналистермен ортақ кемеде бірге жүзіп келе жатқан шығармашылық шаңырақтың басқа да қызметкерлерінің, оның ішінде директордың орынбасары Таңат Әлібеков пен қаржы бөлімінің мамандары Алтынай Омарбекова, Әсия Ахметованың және жарнаманың жанашырлары – Жібек Мұстафина мен Анар Байжарқынова, Сәуле Жақыпбекованың, Құндыз Жақсылықтың ұжым мерейін асырудағы еңбектері ересен.
Еліміздің ақпарат кеңестігінде өзіндік салмағы, салиқалы орны бар Шымкенттің бас басылымының ұжымы шығармашылық ізденістермен қатар өздеріне әркез жаңа міндеттер белгіліп отырады. Бүгінгі мереке күні газет ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!

 

Ұлбосын Хакімова,
Басылымның заңгері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.