САУСАҚ БІРІКПЕЙ, ИНЕ ІЛІКПЕЙДІ

Пятница, 24 Июль 2020 03:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2728 раз

photo 326660

Пандемия алғаш басталған кезде қала аралауға шыққан Талдықорған қаласының әкімі маскасыз жүрген жігітті тоқтатып, қатты ұрысты.

Мұндайда сенсация іздеп жүретіндердің құдайы береді ғой. Әлгіні телефонға тартып, әлеуметтік желіге салып жіберді. Пікір айтқан жұрт екіге жарылды. Бірақ, көпшілігі жігітке дауыс көтерген әкімді сынады. Бейтаныс адамға неге айқайлайды деп.
Расында, әкімдікі дұрыс еді. Пандемия жұрттың жанын алып жатыр. Ал, ана жігіт маскасыз жайбырақат жүр. Індет жұқтырары анық. Отбасысы бар. Туған-туысы көп. Араласпай тұрмайды. Осылайша індетті бетімен жіберіп алдық.
Жақында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаруа ыңғайымен бір нысанға бара жатып маскасыз кетіп бара жатқан қызды байқап, көмекшісіне ым қақты. Маскасыз жүрген қызға маска берді. Артта келе жатқан жігіт «әкім берді деп айтарcың» деді.
Мұны да біреу әлеуметтік желіге салып жіберген. Тағы да жұрт екіге бөлінді.
Көршісінің үйі өртеніп жатса, қойдың басын үйітіп ала қояйын дейтін жеңілтек әйелдер болады. Сол сияқты біреулер әкім әрекетін арзан пиарға балап, әр қиырға салыпты.
Ал, ойланып көрейік.
Әкімдікі қай жағынан да дұрыс. Арнайы маска тарату үшін қолына бума-бума ұстап жүрген жоқ. Өрімдей қыздың көшеде маскасыз жүргенін көріп, басқаларға сабақ болсын деп маска алғызып берді. Осы әрекетімен талай адамды тәж тажалдан сақтап қалды. Қасындағы жігіттің «әкім берді деп айтарсың» деген сөзінен жағымпаздық я болмаса басқа астар іздеудің жөні жоқ. Екінің бірі осындай жағдайда айтатын әзіл сөз. Айтылды, кетті.
Біздің алаңдағанымыз, осындай посттарды аңдып, әкімді мұқатуға дайын мүдделі топ бар сияқты. Өйткені, тұрақты жамандайтын біреулерге комментарий жазғандардың арасында «рувирусымен» ауырған деген айып сөздер айтылып қалды. Трайбализмнің иісі аңқып тұр дегендері де бар.
Ал, Талдықорғанның әкімін жаппай сынағандар мұндай жаманатқа барған жоқ. Іштегі шерін шығарды. Сонымен бітті.
Бізде кейінгі кездері екі топ пайда болған сияқты. Аты-жөндері де белгілі болып қалды.
Құдайшылығына келсек, осы Әйтенов бір мықты менеджер әкім не істейді, соны жасап жүр.
Пандемия басталғанда азық-түлік қорын бақылауға алып, ірі сауда орталықтарымен меморандумға отырды. Аурухана жетіспегенде 360 орындық провизорлық орталық ашты. Жоқ дәрі-дәрмекті алдыртты. Жүгенсіз кеткен дәріханаларға бақылау жасалды.
«Қазмедприбор» мекемесі басшысымен Қазақстанда қолға алынбаған жасанды тыныс алу аппаратын іске қосу жөнінде келісімге келді.
Жұмыс жүрмей жатқан жоқ, өз толқынымен жүріп жатыр.
Бірақ, елге жасалып жатқан жақсылықтарды көрмей, бір жақты сынайтын адамдардың, бір топтың болғандығы шынымен алаңдатады.
Сын болсын, бірақ, шын болсын. Тырнақ астынан кір іздегеннен тек ұтыламыз. Одан да ұсыныс пікірлерімізді айтып, орындалуына жәрдемдесейік. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген дана халқымыз. Төле би бабамыз айтқандай «Бірліктің түбі-тірлік» болғанына не жетсін.

 

Сәбит ЕСЕНАМАНОВ,
Шымкент.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.