АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ПОТЕНЦИАЛЫ

Пятница, 24 Июль 2020 03:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 273 раз

photo 326518

Алдыңғы аптада қазақ қоғамының ішкі күш-қуаты кемеліне келгенін, енді тек сол қуатты дұрыс бағытқа бұра білсек, қоғамның өз бетінше өте ауқымды істер атқара алатынын паш еткен тамаша оқиғаға куә болдық.

Иә, белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева шілденің басында қауіпті індеттен қиналып жатқан халыққа қол ұшын созу мақсатында қалтасынан әуелі 2 миллион, артынша тағы 4 миллион теңге шығарып, Түркиядан жасанды тыныс алу аппаратын сатып алмақ болған. 6 миллионға бар-жоғы 20 аппарат келеді екен. Алайда, ел ішінде айтыскер ақынның бұл бастамасын қолдаған азаматтар көбейді. Айналасы бір аптаның ішінде А.Тұрсынбаеваның «Ай-Нұры» атты қоғамдық қоры 1 мың данадан астам (!!!) жасанды тыныс алу аппаратын сатып алып, Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елге жеткізді.
Осылайша, айтыскер ақын бастаған белсенді топ өздері құрған қоғамдық бірлестік арқылы мыңдаған отандасымыздың өміріне араша түсті. Ауа жетпей қиналған адамдарды аман алып қалды. Міне, бұл қоғамның ішкі күш-қуаты! Міне, бұл Қазақстандағы азаматтық қоғамның потенциалын паш еткен жағдай. Білесіз бе, елімізде «Ай-Нұры» секілді қоғамдық бірлестіктердің 22 мыңнан астамы тіркелген. Шіркін-ай десеңізші, егер соның, ең болмаса, оннан бір бөлігі осылай жұмыс істесе ғой...
Иә, азаматтық қоғамның дамуы – қоғамның өз тағдырына жауапты екенін сезініп, сыртқа немесе билікке жалтақтамай, өз проблемаларын өз бетінше шешуге ұмтылуы. Басқаша айтқанда, бұл – қоғамның ер жетіп, кемелденуі. Үкіметтік емес ұйым дегеніміз – ортақ мақсаттар мен мүдделер, дұрысы ортақ проблемалар біріктірген белсенді азаматтардың ерікті қозғалысы.
Әдетте үшінші сектордың басты мақсаты пайда табу емес. Ол саяси ұпай жинауды, сол арқылы билікке қол жеткізуді де көздемейді. Сондықтан қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы проблемаларды шешуде коммерциялық ұйымдарға, саяси партияларға, тіпті мемлекеттік органдарға қарағанда үкіметтік емес ұйымдардың қызметі тиімді болып жатады. Мұны күні кешегі жасанды тыныс алу аппаратына қатысты оқиға анық көрсетіп отыр.
Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында Үкіметке азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осы орайда елдегі азаматтық қоғамның қазіргі даму деңгейі қандай, оның одан әрі дамуына не кедергі, нақты қандай проблемалар бар?
Біздіңше, бірінші проблема – статистиканың бұлыңғырлығы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда, соның тек 5 мыңнан астамы ғана белсенді жұмыс істейді. Шымкент қаласында да 432 үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық бірлестік тіркелсе, соның 50-ден астамы ғана белсенді қызмет атқарады. Қалғандары тек қағаз жүзінде ғана бар. Оларды құрған азаматтар ұйымдары жұмысын тоқтатқан соң оны есептен шығаруды құнттамаған. Ал, әділет органдарының оларды өз бетінше есептен шығаруға құқығы жоқ.
Оның үстіне еліміздің «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңына соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, адвокаттар алқалары, нотариалдық палаталар, тұтынушылар кооперативтері мен тәуелсіз зерттеу агенттіктері үкіметтік емес ұйымдардың қатарына жатпайтын болды. Алайда, әлгі 22 мың дейтін деректің ішінде олар әлі жүр. Бұл жағдай нақты жұмыс істейтін ұйымдарды санауға, жалпы, елдегі азаматтық қоғамның ахуалын саралауға кедергі келтіруде.
Екіншіден, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарда қызмет атқаратын мамандардың кәсіби деңгейі соншалықты мықты деп айту қиын. Өйткені, бұл ұйымдардың көпшілігін жас мамандар немесе жұмыссыз жастар ашады. Көбіне олардың бар ойлағаны мемлекеттік тапсырыс конкурсында жеңімпаз атанып, тезірек өзі ұсынған жобаны іске асырып, қосымша табыс табу. Мұндай ұйымдардың көпшілігі бүгін бар да, ертең жоқ. Ал, азаматтық қоғам мемлекеттің сенімді тірегі болуы үшін үкіметтік емес ұйымдарда қызмет ететін мамандар өз саласында сарапшылық деңгейге көтерілуі тиіс. Олар жылдар бойы бір саламен тұрақты түрде айналысса ғана өз ісінің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман маман, тіпті қоғам қайраткері бола алады.
Қазақстанда ондай іргелі қоғамдық бірлестіктер жоқ емес. Мұндай ұйымдар Шымкент қаласында да бар. Айталық, «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаеваның 10 жылдан астам уақыттан бері табандылықпен, қайраткерлікпен атқарып келе жатқан қызметі жоғары бағаға лайық. Сондай-ақ, эколог Әділхан Әбдешов негізін қалаған қоршаған ортаны қорғау, экотуризмді дамыту бағыттарында көп жылдан бері тынымсыз ізденіп келе жатқан «Өгем» қоғамдық бірлестігін де атап өтуге болады. Міне, осындай нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқан қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар бар. Алайда, олар саусақпен санарлық.
Үшінші мәселе – қаржыландыру. Иә, соңғы жылдары қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі артып келеді. Мәселен, 2019 жылы республика бойынша осы мақсатқа 18 миллиард 766 миллион теңге бөлінген. Миллиардтар деп ауыз толтырып айтқанымызбен, сол цифрды Қазақстан халқына бөлгенде жылына жан басына шамамен 1 мың теңгеден сәл астам қаржыдан түседі. Осының өзі Қазақстанда үшінші сектордың қоғамдағы күрделі проблемаларды шешуге ықпал ететіндей іргелі күшке айнала алмай отырғанын көрсететін сияқты. Біздегі қаржыландыру жылына жан басына шаққанда 3 АҚШ долларына да жетпей отырса, Германияда бұл көрсеткіш 300 долларды құрайды екен.
Төртінші проблема – Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігі тек әлеуметтік бағытта жұмыс істейді, қоғамдық-саяси бағыттағылары некен-саяқ. Әрине, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандардың, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың немесе жастардың құқығын қорғау, олардың жақсы өмір сүруіне, еңбек етуіне жағдай жасау – өте маңызды істер. Алайда, өркениетті әлемде қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар негізінен қоғамдық-саяси бағытта қызмет атқарады.
Қоғамдық ұйымдар бюджеттің немесе белгілі бір мемлекеттік бағдарламаның орындалуына мониторинг жасай алады. Қала берді азаматтық қоғам белсенділері тұтас ведомстволардың немесе жекелеген мемлекеттік органдардың, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігіне сараптама жасап, мониторинг жүргізсе, құба-құп болар еді. Әрине, алғашқыда шенеуніктер өз жұмысының кемшілігін бүкіл елге ашып көрсететін, әрі сол әшкерелеу қызметі үшін ақы алатын мұндай ұйымдарды аса жақтырмауы да мүмкін. Алайда, уақыт өте келе тәуелсіз мониторинг пен сапалы сараптама жұмыстағы кемшіліктердің алдын алуға және оның нәтижелілігін арттыруға сеп болатынын, басқаша айтқанда, өздеріне көрсетілетін көмек екенін олар да түсінеді.
Қорыта айтқанда, қазір елімізде мемлекеттің бірқатар функцияларын бәсекелестік ортаға беру процесі жүруде. Азаматтық қоғамның дамуына жол ашу үшін осы функциялардың бір бөлігін бизнестің қатысуын көздейтін бәсекелестік ортаға емес, азаматтық қоғамға беру қажет. Мәселен, тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге сервистік қызмет көрсетуді, жастардың қосымша білім алуы мен бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған іс-шараларды, түрлі мерейтойлар, форумдар мен конференциялар өткізуді үкіметтік емес ұйымдар өз мойнына алуға дайын.
Иә, соңғы жылдары Қазақстан халқының қоғамдық-саяси белсенділігі еселеп артты. Осы белсенділікті дұрыс бағытқа бұру өте маңызды. Халықтың ерік-жігері дейтін орасан зор күшті ұлттық бірлік пен мемлекеттіліктің нығаюына, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуға бұру үшін билік азаматтық қоғаммен әріптестік, серіктестік қарым-қатынас орнатуы тиіс.