Версия для печати

«IKOMEK 109» Шағым-арыздар ескерусіз қалмайды Избранное

Среда, 29 Июль 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4273 раз
Оцените материал
(0 голосов)

36c66ead-80d7-4fa9-a56f-cbff60f6bfa5

«iKomek 109». Шымкентте осылай аталатын 30-дан астам қызмет түрі біріктірілген жаңа орталық іске қосылған болатын. iKomek ахуал орталығының мақсаты – тұрғындардың өтінішін қабылдау, орын алған мәселелерді дер кезінде шешуді үйлестіру. Бір айда орталықтың ақпараттық базасына 6430 өтініш тіркеліп, оның 6095-нің шешімі табылған. Бұл орталықтың құзырына қандай міндет кіреді, тұрғындардың шағымдары қалай шешімін тауып жатыр, онда қандай бағыттағы сауалдарды жолдауға болатынын айтып өтеміз.

144c7b7e-85ed-4b32-ae56-e7904f8679c1Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен iKomek ахуал орталығының ашылғанына айға жуықтады. Осы уақыт аралығында орталықтың «109» нөміріне 7000-ға жуық қоңырау келіп түскен. Сала мамандары бір айлық жұмысқа мониторинг жасағанда шымкенттіктер жолдаған шағымдардың басым бөлігін әлеуметтік қолдау, дәрі-дәрмек тапшылығы және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі құраған.
– Қалада індет өршіген тұста тәулігіне 400-ден аса қоңырау қабылдаған күндер болды. Қазір олар 200-300-ге азайды. Жалпы, бір ай көлемінде ақпараттық базаға 6430 өтініш-шағым тіркелді. Оның ішінде медицинаға қатысты - 222, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бойынша - 136, тұрмыстық қалдықтарды шығару - 27, жарықпен қамту - 13, жол инфрақұрылымы - 16, абаттандыру - 11, канализация - 10, тәртіп орнатуда -10 шағым айтылған. Қалғандары көгалдандыру, жарықтандыру, ветеринария, тұтынушылардың құқығын қорғау, газ, жылу мен жарық мәселесімен шағымын жеткізген, – деді орталықтың басшысы Мерген Амиров.
iKomek орталығы заманауи жабдықтармен қамтылып, қаладағы мекемелермен ыңғайластырылып ақпараттандырылған. Тәулігіне 3000 қоңырау қабылдауға қауқарлы. Қажет болған жағдайда 5000 азаматқа дейін қызмет көрсете алады екен.
Шынтуайтында «iKomek» 109 бірыңғай диспетчерлік орталығының жұмысы әл-әзір көпшілікке таныс емес. «109» дегенде оны бұрынғы анықтамалық қызметпен шатастыратындар да бар. Жаңа қызметтің маңыздылығын орталықтың басшысы Мерген Амиров былайша түсіндірді:
– Ситуациялық орталыққа қала тұрғындары кез келген салада, атап айтқанда анықтамалық ақпарат алудан бастап, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, сауда, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, ветеринария және коммуналдық мәселелер бойынша мазалаған сауалдарымен хабарласуына болады.

Қазіргі таңда орталықта жалпы 33 маман үш бағытта жұмыс істейді. Әуелі тұрғындардан келген өтініш-шағымдарды оператор қабылдап, одан әрі инспектор сұрақтың сапасы мен мазмұнын бақылап, атқарушы органдарға бағыттайды. Үшіншісі, тапсырманың орындалуын қадағалайды.
Мәселен, қала тұрғыны 109-ға дәріханадан қажетті дәрі-дәрмекті таппағанын айтып хабарласады. Қоңырауды оператор қабылдап, шағымын, аты-жөнін, байланыс телефонын жазып алып, базаға тіркейді. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бұл салаға бүгінде 10 маман (дәрігер, фармацевт) тартылды. Бұл тұста фармацевт-маман препараттың қай дәріханада бар екенін анықтап, кері байланыс жасау арқылы оны тұрғынға хабарлайды. Не болмаса, көше бойындағы құдықтың қақпағы ашық қалды делік. Біз соған жауапты мекемеге хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтаймыз. Оның қауіптілігін ескеріп, жедел шешілуі назарға алынады, яғни салаға жауаптылар, жағдайды шешкенге дейінгі жұмысты бақылауда ұстайды.

 

2896f6bb-d242-42f3-9874-191e207a77ec


iKomek жедел қызмет ету орталығы тұрғындардың өтінішін күндіз-түні қабылдап, мемлекеттік жұмыстың қызметін ашық әрі қолжетімді етуді көздейді. Осыған дейін 30 мекемемен байланыста болса, енді қызмет көрсету аясын кеңейтіп, олардың қатарын 300-400-ге арттыруды жоспарлап отыр.
– Бұл әкімдік жұмысын жақсартуға арналған бірегей жоба. Цифрландыру кезеңінде үшінші мегаполистің әрбір тұрғынының өтініш-шағымы назардан тыс қалмайды. Егер қандай да бір мекеменің мекенжайы не байланыс телефоны қажет болса (анықтамалық) 1-2 минутта, ал әлеуметтік қолдау ретінде беріліп жатқан 42500 немесе 15000 теңге секілді мәселелерде (қоңырау шалатындар көп) кемінде екі күн ішінде шешімінің табуына атсалысамыз. Дәл қазіргі уақытта шаһар халқының сапалы өмір сүру деңгейін жақсартуда аудан әкімдіктері, басқармалар, сервистік қызмет барлығы 30 мекемемен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру - бәрімізге ортақ екенін атап өтті. Сол үшін қоғамдық диалог орнату, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару қажеттігін мемлекеттік органдарға тапсырды. Сондықтан қазір қызмет көрсету аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарға қаладағы барлық мекемелерді жұмылдыратын боламыз, - дейді орталықтың аналитик-маманы Тоғжан Маратқызы.
Мерген Амировтың айтуынша, 109 бірыңғай диспетчерлік орталығының жұмысы жүйеленсе, халықтың мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімі артады. Екіншіден, орталыққа келіп түскен әрбір қоңырау сарапталып отыратындықтан алдағы күндері мемлекеттік органдардың, ондағы басшылардың жұмыс рейтингісі жасалады.
Бүгінгі таңда, әлеуметтік желілерде шаһарда қордаланған мәселені шешу үшін көмек сұрап жатқандар қарасы аз емес. Оның бірі – назарға іліксе, кейбірі ұмытылып жатады. Ал ахуал орталығына түскен, тіркелген әрбір өтініш аяқсыз қалмайды. Сондықтан кез келген сауалыңыз болса, бірден 109 нөміріне хабарласуға болады iKomek орталығының 87777109109 ватсап нөмірі де тәулік бойына қызмет етеді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.