Версия для печати

Жаңа кітап жарыққа шықты

Четверг, 03 Сентябрь 2020 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2038 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Түркістанда «Түркілер төрі Түркістан» онлайн конференция өтті. Конференцияға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің жазушылары мен әдебиеттанушылары және еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам адам онлайн арқылы қатысты.

711

 

Түркістан өңіріндегі тарихи маңызы бар қасиетті жерлерді насихаттаудағы әдеби шығармалардың ролі, мүмкіндіктері мен әлеуетін жан-жақты талқылау, қастерлі құндылықтарымызды көпшілік аудиторияға әдеби, тарихи және публицистикалық тұрғыда жеткізудің тың жолдарын қарастыру тақырыбында өткен конференция аясында биыл 75 жылдық мерейтойы тойланып жатқан жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» кітабының таныстырылымы өтті.

Жиында Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Мархабат Байғұтқа жолдаған құттықтау хаты табысталды.

Конференцияның модераторы, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, Қазақстанның сакралды географиясындағы тарихи жәдігерлердің дені Оңтүстікте шоғырланғаны белгілі. Осыдан 3 жыл бұрын әзірленген Қазақстанның киелі 100 нысанының ішіндегі 23-і Оңтүстік өңірінде шоғырланған. Мәселен, екінші орында тұрған Қарағанды облысынан тек 12 нысан енген екен.   Ал енді осы қасиетті орындардың әдебиеттегі көрінісі қандай? Бүгінгі әдебиетте қастерлі мекендеріміз қаншалықты дәріптеліп, қамтылып жүр? «Біз осы қастерлі орындарды насихаттауда, әсіресе жастарға танытуда әдеби саланың мүмкіндіктерін қаншалықты пайдалана алып отырмыз?» деген сауалдар сананы мазалайтыны рас.   Ел аузында киелі орындар көп айтылып жүргенімен, көпшілік нақты деректерді біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға да қаламгерлер қауымы сүбелі үлес қосары анық. Маңызды тарихи деректерді әдеби көркем тілмен әспеттей отырып көпшілік аудиторияға жеткізудің орасан пайдасы болатыны сөзсіз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты алты бағыттың бірі - «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу және осы арқылы жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту. Яғни, біздің болашақ ұрпаққа тәрбие беру, ұлттық болмысымызды жоғалтып алмаудың қамы. Түркістанның қайта түлеуі – ұлттық болмысымыздың, рухымызды қайта оянуының бірден-бір көрінісі десек артық айтпаған болар едік.   Түркістанның жаңғыруы тек құрылыс жұмыстары, сәулет өнерімен ғана шектелмеуі тиіс, ол тарихи, әдеби және публицистикалық жаңа туындылармен, шығармалармен де қуатталуы тиіс.

 

712

 

Жиында сөз алған Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Түркістан идеясы – ұлы идея» деген пікір айтты.

–Түркістанның осыдан екі жыл бұрын облыс орталығы мәртебесін алған кезде бүкіл түркі әлемі қуанды. Түркістанның дамуына Президентіміз де ерекше мән беріп отыр. Ертүріктің бесігі жалпы түркі әлемінің бесігі, - деді ол. Айта кетері, жоғарыда аталған Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» кітабы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көріп отыр.

Жиында сондай-ақ, өзбекстандық жазушы, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Мехманқул Исламқұлов, Қазақбай Юлдашев, Әзірбайжандағы Халықаралық Жас жазушылар одағының төрағасы, ақын Әкбар Қошалы, түркиялық әдебиеттанушы Бюлент Байрам Киркарели, Шымкенттегі «Ерлік» мұражайының меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенова сөз алып, Мархабат Байғұт шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдірді.



Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.