Полициядағы іс-қағаздар – мемлекеттік тілде

Понедельник, 07 Сентябрь 2020 08:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2082 раз

Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, тарихы мен бүгіні және келешегі. Ғұлама ғалым, ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін атап өткен.

713

 

Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім.
Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде елімізде қазақ тілінің сақталуы ғана емес, оның дамуына барынша жағдай жасалып отыр. Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп, атап көрсеткен.
Бүгінде мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Елімізде қолайлы әлеуметтік-тілдік кеңістік құру, тіл саясатын кезең-кезеңімен іске асыру жолға қойылған. Мәселен, қазақ тілін біртіндеп латын графикасына көшіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог –
Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Шымкент қаласының Полиция департаментінде қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері де бар. Қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс қағаздары мемлекеттік тілде орындалады. Тіпті өзге ұлт өкілдері өздерінің қызметтік міндеттеріне байланысты құжат айналымын тек қана мемлекеттік тілде жүзеге асыруда.
Оған дәлел ретінде Қаратау аудандық полиция басқармасының анықтау бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Тофик Азадов пен Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Шерзат Хасановтарды айтуға болады. Қазіргі таңда басқарма қызметкерлері мемлекеттік тілді кәсіби тұрғыда жетік игеріп, өздерінің тікелей міндеттерін атқаруда кеңінен қолданады. Басқармадағы қаралатын тергеу, анықтау істердің басым көпшілігі қазақ тілінде жүргізіледі. Өз кезегінде полиция қызметкерінің қарапайым халықпен қарым-қатынас жасауы, әр тергеу ісін жүргізудің тиімділігі халықтың билік өкілдеріне деген сенімін арттырады. Осылайша басқармада барлық құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сауалнама нәтижесінде қызметкерлердің 80% өзінің тікелей қызметтік міндеттерін атқаруда қазақ тілін қолданамын деп жауап берген. Бұл көрсеткіштер ішкі істер органдары саласында қазақ тілінің жоғары деңгейде қолданылатынын көрсетеді. Сол себепті қазақ тілінің қасиетін ұғынып, қадір тұтқан білікті мамандарымызға алғыс айтамыз.
Өздерінің арыз-өтініштерімен келген өзге ұлт өкілдері де бұл мәселеде шет қалмаған. Яғни, білім алу, оларға қызмет көрсету, қызмет істеу жағынан қолдау көрсетіліп отырады. Қажет жағдайда кәсіби аудармашылар шақырылады.
Бүгінде мемлекеттің басты стратегиялық мақсаттарының бірі – Қазақстанда тұратын барлық ұлттың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді мемлекеттік қызмет және ішкі істер органдары саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру. Сондықтан, аса маңызды стратегиялық мақсатты жүзеге асыру – әр полиция қызметкерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың да парызы.

Серік ТӨЛЕГЕНОВ,
Шымкент қаласының Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.