САУСАҚ БІРІКПЕЙ, ИНЕ ІЛІКПЕЙДІ Избранное

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2427 раз

2QWh7oBt

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы қаржы жетіспеушілік мәселесін қозғады. Онда Президент: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар.

Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы» деді. Бұл ретте Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров қаржы тапшылығының шын мәнісінде агросектордың үлкен проблемасының бірі екендігін атап өтті.
Оның айтуынша, шаруалардың ауыл шаруашылығы саласын дамытып, өнім көрсеткішін арттыруға қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болуда. Соның бір мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша агросектор саласына қатысты бизнес жобаларды жүзеге асыруға банктерден несие ала алмайды. Мемлекет жобаларды субсидиялауға қаржы бөліп жатыр. Алайда банктер олардың көбісін несиелемей қайтарып жібереді.
–Бұл мәселені шешудің бірнеше жолдары бар. Біріншіден, несиелеуде қажетті құжаттар санын қысқарту керек. Қазір олардың тізімі жиырмаға жуық. Екіншіден, жылжымайтын мүлік төмен бағаланады. 10 миллион теңге тұратын үйдің құнын 6-7 миллион теңгеге төмендетіп, оның қолға жартысын береді. Мәселен 5 миллион теңге тұратын жобаға ол қаржы жетпейді. Көп жобалар қаржы жетіспеушіліктен іске аспай қалып жатыр. Қаражаттан қыса берсек, ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қалай дамиды? Сондықтан биыл ауыл шаруашылығын қолдау қоры бастаған кепіл мүлікпен көмектесу бастамасын дамыта түсу керек. Бұл тәуекелі көп сала болғандықтан банктер агросекторды қаржыландыруға құлықсыздық танытуда. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бір-екі жыл аяққа тұрып алғанша несие төлетпей қоя тұру қажет, - деді Ә.Жанбатыров.
Маман Президенттің айтқан кооперация мәселесіне де пікір білдірді. Оның сөзінше кооперацияға бірігу 2017 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Бірақ шаруалардың бойында әлі де сенімсіздік бар сыңайлы. Өзінің жерін басқаға пайдалануға бергісі келмейді. Ол жерді ешкім тартып ала алмайтынын білсе де, өзгелерге қосылуды қаламайды.
–Шымкентте 53 кооператив бар. Арасында сүт, ет өндіріп, өңдеп, оны өздерінің дүкенінде сатып жатқан біріккен шаруашылықтар да кездеседі, - дейді Ә.Жанбатыров. —Президент тапсырмасына сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарды бір кооперативке біріктіру жұмыстарына қайта кірісетін боламыз. Біріккен шаруашылықтар құру ісі осыдан үш жыл бұрын басталған кезде кооперативтерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп еді. 2018 жылы олардың біразы алынып тасталды. Сол көмектерді қайта бастау туралы ұсыныс әзірлемекпіз. Негізінде ет, сүтті жеке шаруашылықтар өндіреді. Ірі агроөнеркәсіп кешендері көп емес және олардың өндірістегі үлесі де шамалы. Мемлекеттің ендігі міндеті – іріленген шаруашылықтарды ұрықпен, тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен, аналық малмен тағы сол секілді қажеттіліктермен қамтамасыз ету. Бұрын сүт қабылдау пунктеріне жеке шаруалардың өткізген әрбір литр сүтіне бөлек және оған қосымша тағы субсидия төленетін. Сүт сақтайтын танкерді сатып алуға кооперативке субсидия қарастырылатын. Жеміс, көкөніс өнімдерін сұрыптайтын өндірістік желіге субсидия берілетін. Қазіргі инвестициялық субсидия бағдарламасында оның бірі де жоқ. Сондықтан мемлекеттік жәрдем түрлерін қайта қолға алсақ, шаруалардың кооперативке бірігуге қызығушылығы оянады.
Жолдауда көтерілген қойма мәселесі төңірегіндегі сұрағымызға орай маманның берген жауабына келсек, қала іргесіндегі 93 гектар жерде орналасқан 242 мың шаршы метр қойманың жартысынан көбі іске қосылған. Бұдан бөлек қаланың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған 13 қойма ашылған. Қала маңындағы сауда-логистикалық орталығы жанынан көтерме тарату орталығы құрылған. Дистребьютерлік компаниялар өнімдерін сонда сақтайды. «Континентал логистик» компаниясы әзір осы жобаны жүзеге асыруда. Сондықтан маман қалада қойма мәселесінде тұрған мәселе жоқ екенін жеткізді.