Партизанның ерлігін елі біле ме? Избранное

Среда, 30 Сентябрь 2020 06:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2006 раз

 DSC1456

Үшінші мегаполис – Шымкентте тарихи жәдігерлер аз емес. Көпшілігі мемлекеттің қорғауында. Олар терең тарихымыздан ұрпақтан ұрпаққа сыр шертер құндылық ретінде сақталып келеді.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен мекеме ғимараттарына қойылған «.... осы үйде Пәленшев тұрған» немесе «..... осында қызмет атқарған» деген мәрмар тақтайшаларды жиі көзіміз шалады. Әр тақта – белгіде есімі жазылған азаматтың кім болғанын бәрі бірдей біле бермейтіні рас. Сондықтан олар жайлы газетімізде сыр тарқатып отырсақ әбестік болмас.
Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Ахмет БЕКТАЕВҚА Шымкенттің орталық көшелерінің бірі – Қазыбек би көшесі бойындағы клиникалық аурухананың бас ғимаратында арнайы тақта-ескерткіш орнатылған.
Жалпы Ахмет Бектаев туралы дерек өте аз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтер базасында «Жертвы политического террора в СССР» дәрежесі (категориясы) бойынша тіркелген адам жайлы мәліметтің тым аз болуы түсінікті де шығар.
Белгілісі Ахмет Бектаев 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Арыс ауданы, Темірлан ауылында туған. Сол ауылдағы амбулаторияның меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1950 жылдың 16 наурызында қамауға алынып, сол жылы шілденің 5-і күні Түркістан әскери округының трибуналы шығарған үкіммен 5 жылға бас бостандығынан айрылады. Неге?

 

 DSC1461

 

Бәріне соғыс кінәлі...

Медицина институтын бітірген Ахмет Бектаев 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Соғыс басталғанда бірден 545 артиллерия полкіне алынып, Калинин майданына аттанған. Фашистік басқыншылардың алғашқы кезде жер қайыстырар әскері мен қару-жарағының мықты болғаны тарихи шындық. Ал, кеңес әскерінің соғысқа бейімсіздігін, қару-жарақтың жетімсіздігін, жауынгерлердің соғысқа машықтанбағанын кезінде қанша жасырсақ та, уақыт өте келе соғыс ардагерлерінің естелік әңгімелерінен аңғару қиын емес. Көпке дейін айтылмаған құпиялардың бірі де осы. Кеңес әскерінің көпшілігінде мылтық түгілі окоп қазатын күрек, қалақ та жоқ екен. Содан да болса керек, соғыстың алғашқы айларында кеңес әскері арасында жау қолына тұтқынға түскендер өте көп болды. Кейбір деректерге сүйенер болсақ, екінші дүниежүзі соғысында кеңес әскерінің 4 миллионға жуық жауынгері тұтқынға түскен. Олардан Кеңес әскерінің қолбасшысы бірден бас тартады. Сталин әскери тұтқындардың құқығы туралы Конвенцияға қол қоймады. Халықаралық Қызыл Крест ұйымының әскери тұтқындармен кеңес өкіметі өкілдерінің келіп кездесуі туралы бірнеше рет жазған хатына кеңес халқының «әкесі» жауап та бермейді. Содан да болар, француз, ағылшын, америка тұтқындарына қарағанда кеңес әскерінің тұтқынға түскен жауынгерлерінің тағдыры өте ауыр болды.
Ахмет Бектаев та алғашқы легте жау қолына түсті. Кейін де тұтқынға түсу «Отанын сату» деп бағаланған сталиндік жүйеде олардың тұтқында жүріп жеңіс үшін аянбай күрескені еш есепке алынбады. Қапияда тұтқыннан босап шығып, кеңес әскерінің сапына қайта қосылу мүмкін емес жағдай болғаны рас. Мұндай адамдарды бір ғана жол күтіп тұрды. Ол – сот. Тұтқынға алып, «халық жауы» ретінде Сібірге айдауға жіберу. Фашистердің қармағына түскендердің бәрі де бұл жазадан хабардар еді. Солай екен деп олардың оп-оңай беріле салмағаны да ақиқат.
Мысалы, Ахмет Бектаев концлагерде жүріп бостандық үшін, өзі ғана емес, өзгелерді құтқару операциясын күні-түні жүргізген азамат. 1941 жылы жау қолына түсіп, екі жыл Польшадағы концлагерде, сосын Франциядағы лагерге ауыстырылады. Тұтқында жүріп арнайы топ құрып, абақтыдағылардың қашуына көмектескен азаматтың ерлігін айтып жеткізу оңай емес. Мұздай қаруланған, өздерінен басқа ұлттың бәрі де «біз үшін құл» деп санаған фашистік ұлтшылдардың құрсауынан қаруластары мен отандастарын құтқару үшін талай рет басын бәйгеге тігіп, өлім аузынан аман қалған сәттерін елестетудің өзі қорқынышты.
Жалпы, Францияны азат етушілер сапында болған қазақ партизандары, сол кезде құрылған «Сопротивления» қозғалысы туралы дендеп зерттеп жүрген ғалымдардың бірі – Гүлнара Меңдіқұлова. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Меңдіқұлова Еуропа елдері архивінде талмай 10 жыл уақытын сарп ете жүріп, көптеген құнды деректерді жариялады. Ол бүгінгі біздің кейіпкеріміз Ахмет Бектаев жайлы маңызды мәліметтерді Францияның ұлттық архивтерінен тауып, жарыққа шығарды.
Ғалымның жазбаларына сүйенер болсақ, 1942 жылы фашистік Германия Вермахтың ұлттық бөліктерін жасақтауға кіріседі. Бұл жасақтардың Шығыс майданда пайдасы тиеді деп жоспарлайды. Осылайша тұтқындағы кеңес сарбаздары арасынан грузиялық, татар-бақшұрт, әзербайжан, армиян, украин легиондары құрылады. Әрине, бұлардың ішінде «Түркістан легионы» да бар еді. Оған Қазақстан мен Орта Азия елдерінен келген тұтқындар іріктеледі. Фашистік басқыншылар олардың күшін Ямпол түбіндегі соғыста кеңес әскеріне қарсы қолданады. Бірақ, майдан даласында тұтқын-жауынгерлердің кеңес әскері қатарына қосылып кету немесе легионнан қашып кету жағдайлары жиілейді. Басын бәйгеге тіккен тұтқындар өздерін не күтіп тұрғанын білсе де кеңес әскерінен медет іздеп жанұшырды. Мұны сезген Гитлер 1943 жылы Шығыс майдандағы легиондар әскерін Франция, Бельгия, Италия, Голландияға жіберуге шешім қабылдайды. Францияның шағын қаласы Альбиге жөнетілген легиондар сапында Ахмет Бектаев та бар еді. Фашистік Германия тұтқындарды негізінен Альби мен Кармо қалаларындағы шахталарда ауыр жұмыстарға жегеді.
Ахмет Бектаев Альбидегі концлагердің аға дәрігері болды. Тұтқындар лагеріне де дәрігер керек болатын. Оның үстіне Бектаевтың кәсіби біліктілігін немістер де мойындаған кез. Тұтқындар ғана емес, айналадағы елдімекен тұрғындары да доктор Бектаевтың көмегіне жүгінетін. Тұтқында жүріп тілді үйренгені, медициналық біліктілігінің көмегі қосылып Бектаевқа басқа тұтқындарға қарағанда лагерь ішінде, тіпті кейде лагерьден тыс аумаққа еркін кіріп-шығу құқы беріледі. Бұл кезде лагерьдегі Бектаев жергілікті тұрғындар арасында астыртын құрылған партизандық ұйым жетекшісі украин Петр Дьячукпен байланыс орнатып, екеуінің тұтқындарды құтқару жөніндегі жоспары пісіп-жетілген еді. Олар француз-макизарлармен байланыс орната бастады. Енді біртіндеп тұтқындағыларды лагерьден алып шығу, француз партизандарына барып қосылу жоспарын іске асыру керек. Шынын айтқанда әбден жүдеп-жадаған, рухы өшіп, намысы тапталған легионерлердің көбі партизан отрядтарына қосылуды мәжбүрлік деп қабылдағаны рас. Бастың амандығын, қара басын сақтап қалудың бір жолы осы деп ойлады. Себебі, өз Отаны олардан әлдеқашан бас тартқан, «елге келсе атылады!» дегенді естіген оларға ендігі кезекте бәрібір болатын. Тек Бектаев сынды қайсар тұтқындар ғана әлі де болса күресіп өлуге мүмкіндік барын, жауға қарсы соққы беруге болатынын, осылайша өздерін Отан алдында адал екендіктерін дәлелдеуге мүмкіндіктері барын насихаттаумен болды.
Абақтыда ауырып қалғандарды Альбин ауруханасына жеткізуге Бектаевтың қақысы бар. Ауруды «носилкада» көтеріп баруына бірнеше адамды алуына тағы болады. Жол-жөнекей француз-макизарлары ойламаған жерден «шабуыл» жасайды да ауру-тұтқындарды өздерімен бірге «алып кетеді». Ал, Бектаев «өлдім-талдым дегенде бұл «шабуылдан» құтылып қашып кетеді-мыс». Себебі, ол лагерьдегі өзге тұтқындардың да қашып құтылуына әлі көмектесуі керек. Болмаса, тек ауруларды жіберіп лагерьде алдын ала ойластырылған «шабуыл» жоспардың жүзеге асуын күтеді. Міне, басты жоспар осы. Енді тек әрекет ету керек.
Осы орайда, бостандық үшін белсене күрескен Өтеулі Бисенғалиевтың тұтқыннан қалай құтқарылғаны туралы естелігін баяндайық. Бәлкім, сонда әр тұтқынды фашистік лагерьден қалай алып шыққанын көз алдыңызға елестетіп көрерсіз, оқырман.
Өтеулі Бисенғалиев Батыс Қазақстан облысы, Жанғали ауданында туған. Ғалым Г.Меңдіқұлованың зерттеуінде оның соғысқа дейін мектепте математикадан сабақ бергені айтылады. Польшадағы бірнеше әскери операцияға қатысқан. Кавказ таулары арқылы Парсы походтары, Ростов-Дондағы қорғаныс үшінгі айқастар Бисенғалиевтің Отан алдындағы борышын адал атқаруда жан аямағанын көрсетеді. Тек, дәл қасына түскен әуе бомбасынан жер қақ айырылғандай жарылыс болып, контузиямен жау қолына түскені болмаса... Әрі қарай белгілі, ана лагерьден мына лагерьге ауыстыру, итке талату, тозақтық өмір... Өстіп жүріп, Франциядағы концлагерьден бірақ шығады. Мұнда ол Ахмет Бектаев пен хирург Николай Джандеримен танысады. 1943 жылдың соңында Бисенғалиев пен тұтқындағы досы Әбу Молдағалиевті Бектаев ауруханаға жөнелтеді. Ауруханада Джандери біреуінің «соқыр ішегін» алып, екіншісінің іш құрылысына операция жасағансиды. Екеуін де «өлді» деп мәлімдеп, сыртқа өліктер тасталатын орынға жеткізілуін қадағалайды. Осылайша бұл екеуі де жансауғалап таудағы партизандарға қосылады. Міне, Ахмет Бектаев пен партизан қозғалысының жетекшісі Петр Дьячуктің жоспары осылайша 97 адамның фашистік концлагерінен құтылып шығуына септігін тигізеді. Енді мұны ерлік демей көріңізші?! Біз сізге бір ғана эпизодты ашып көрсеттік. Ал, әлгі 97 адамды құтқарудың әрбірінде басын қатерге тіккен небір жағдайлар болғанын, соғысты көргендер ғана түсінетін шығар, бәлкім.

 

IMG 021

 

«Моңғол» отрядына жаужүрек қазақтар топтасты

Пісіп-жетілген жоспар 1944 жылы толықтай жүзеге асты. Альби лагерінен әскери тұтқындардың барлығы дерлік қашып шықты. Партизандық қозғалысқа қосылған кеңестік тұтқындардан өз алдына бөлек батальон жасақталады. Кейіннен Деберент, Кастро лагерлеріндегі тұтқындар босатылып алынған соң, Кеңестік партизан полкі құрылады. Полктың командирі, грузин Отари Ишхнели болды. Ал, штаб бастығы, қазақ Әли Молдағалиев еді. Полктың құрамында қазақтар көбейеді. Жалпы полкте 300 дей қазақстандық болған. Ахмет Бектаев өзінің естеліктерінде З.Жаманқұлов, О. Жұрымбаев, М. Құрмашев, Б.Битанов, О.Өтетілеуов, М.Досов, Бисенбин сынды сарбаздардың осы полктегі ерең ерліктерін сөз етеді.
Кейін олардың есімдерін атап 1968 жылы Ахмет Бектаев Франция үкіметіне, соғыс жылдарындағы партизан қозғалысы туралы кітап құрастырушыларға арнап жазған хатында қарулас достарының есімдерінің еш жерде көрсетілмеуіне өз наразылығын білдіреді. Францияның бірнеше қаласын азат етудегі қазақстандық жауынгерлердің ерлік істері не себепті ескерусіз қалғанын сұрайды. Бірақ, өзге түгілі өз елінде еріліктері еленбеген, «концлагерде болған» деген бір ауыз сөздің кесірінен өмір бойына ел көзіне тіке қарай алмай өткен тұтқындардың тағдыры тар жол, тайғақ кешуге толы еді...
Жалпы Францияда 1944 жылы 50-ден астам кеңестік-партизан отряды болған. Олардың ішінде «Сталинград» және «Моңғол» отрядтарына ҚазССР-інен келгендері топтасты. Бұл екі отряд негізінен теміржол бойындағы түрлі ұрыстарға қатысып, құнды тауарларды қолды етуге, кішігірім неміс горнизондарын басып алу операцияларына қатысқан. Лагерлерді басып алу, тұтқындарды құтқару ісінде де осы отрядтар белсенді болған. Тіпті дәл осы отрядтар 1944 жылы Альби, Кармо, Тулуз, Монтоба, Каркасон қалаларын фашистерден азат етті. Ерлігімен көзге түскендер арасында қазақ жауынгерлері Зунум Жаманқұлов, Кадем Жұманиязов сынды жаужүрек батырлар болды. Жұманиязов барлау отрядының командиры болған. Неміс, француз тілдерін еркін меңгерген ол әскери тұтқындар лагеріне неміс кейпінде кіріп-шыға алатын. Ахмет Бектаевтың «Под небом Франции» (Франция аспаны астында) мемуарлық кітабында Жұманиязовтың Франциядағы партизан отрядына Пиренейден өтіп, Испаниядағы азамат соғысынан тіке келгені баяндалады. Оңтүстік Франциядағы партизандар отрядында көшбасшылығымен көзге түскен Жұманиязовтың ерлігі еленбек түгілі, 1947 жылы елге келгеніне небары бір жыл толар толмаста қапелімде қайғылы жағдайда қаза табуы да, сол кезеңнің солайқай саясатынан көп нәрсені баяндап тұрғандай.
Кеңес жауынгерлерін Франция аумағындағы түрмелерден тұтқыннан құтқару операциялары 1945 жылдың қара күзіне дейін жалғасты.
«Францияның қалаларын азат етуде аянбаған біздің жауынгерлердің жауды жеңген соң да бір жыл бойына баяғы фашистер тұтқында ұстаған лагерьлерде өмір сүргені мені таң қалдырды. Тіпті жергілікті халықтың партизан отрядтарының кеше ғана көрсеткен ерліктерін, көмегін тез ұмытуы қалай? Мына бір деректі қараңызшы, 1945 жылы мамыр айында кішігірім кафеде партизан отрядының мүшелері мен жергілікті тұрғындар арасында жаға жыртысу жағдайы орын алады. Бұл текетіреске түрткі болған жағдай француздардың біздің жауынгерлерді «моңғол» деп әжуалауы болған. Моңғол сөзі ұлтты ғана білдірмейді, француз тілінде, дені сау емес, дімкәс адам дегенді де білдіреді. Олардың бет-аузы ісіп, көзі шүңіректеніп, санасында ауытқулар болады деген түсінік қалыптасқан. Француздар моңғол сөзін ауру деген баламада кеңестік жауынгерлердің намысына тие айтқан. Арадағы кикілжіңнен полиция шақырылып, лагерь коменданты Зунум Жаманқұловтың түсініктеме жазуына тура келген. Полиция ақ-қарасын ажырата келе, уақыт өте келе жергілікті тұрғындардың тарапынан өрескел бұзақылыққа жол берілгенін мойындайды. Францияны фашистерден азат етуде ерлік көрсеткен кеңес әскерлері — кешегі тұтқындардан құралған отряд жауынгерлерінің ерлігін ұмытпағандарын айтады. Дегенмен, бүгінгі Франция тарихында екінші дүниежүзілік соғыстағы француз қалаларын азат етуші кеңес әскерлері жайлы дерек өте аз. Жоқтың қасы» деп жазады тарих ғылымдарының докторы Гүлнара Меңдіқұлова.
1945 жылдың күзінде әскери тұтқындарды елге қайтару ісі қарқынды жүре бастады. Жалпы, Еуропа елдерінен тұтқында болған 26 мың қазақ елге қайтарылған.
Әрине, оларға бастапқыда «ешкім де тиіспейді. Елде сендердің партизандық ерліктерін ескеріледі» деп уәде етілді. Бірақ, елге оралғанда бәрі де басқаша болды. Бірнеше ай бойына тұтқында отырып, әбден тергелгендері аздай, босатылса да еш жерге жұмысқа қабылдамай, елдің арасында «ол немістің тұтқынында болған. Ол жерде жанын аман алып қалу үшін Отанымызды сатып, еліміз туралы мәліметтерді фашистерге баяндап берген» деген әңгімені желдей естірді. Отырса опақ, тұрса сопақтың кейпін кигендердің кейбірі мұндай қорлыққа шыдай алмай өз өздеріне қол салып та жатты. Ал, қайта тұтқынға алғандарды 5, 10 жылға түрмеге тоғытты. Алайда, қиын- қыстау кезеңде бір-біріне сүйеу болған, бірін-бірі жау қолынан азат етіп, құтқарғандар кеңестік тергеуде де бірін-бірі сатпады. Тергеу барысында «мынаны танисың ба? Концлагерьде бірге болдыңдар ма?» деген сұраққа мысалы, Мұқанов өзіне көрсетіп отырған, кешегі қарулас досы Байдарахман Әбішевті «танымаймын. Бірінші рет көріп тұрмын» деп құтқарып қалған. Мұндай жағдайлар көп болды.
Біздің кейіпкеріміз Ахмет Бектаев та елге келген соң 1950 жылы тұтқынға алынып, Түркістан әскери округтың трибуналымен 6 жылға сотталады. Көзі ашық көкірегі ояу, Отан алдындағы борышын адал атқарып, талай тұтқын-қаруласын ажалдан арашалап қалдым, Францияны фашистерден азат ету жолында аянбай тер төктім деген азамат үшін бұл үлкен соққы болғаны анық. Жылдар бойына өзінің соғыс ардагері екенін мойындата алмау, ерлік ісін елдің елей қоймауы... «халық жауы» ретіндегі көзқарас...
Тек 1990 жылы Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы ұсынған құжаттар негізінде сол жылдың 13 тамызында КСРО Президентінің Ахмет Бектаевты реабилитация жасау жөнінде Жарлығы жарық көреді. Ал, 1993 жылдың 30 қыркүйегінде Ахмет Бектаев толық ақталып шығады...
Әзірге, Ахмет Бектаевтың есімін ұлықтайтын көше, мекеме атауы Шымкентте жоқ. Өскелең ұрпақ ерлікпен пара-пар Бектаев сынды азаматтардың жау қолында жүріп те фашистік Германияны жеңуге тигізген еңбектерін уақыт өте келе екшер, елер деген үміт басым. Ал, біз бүгін осындай жерлесіміз болғанын елдің есіне салуға ұмтылдық....

Последнее изменение Четверг, 01 Октябрь 2020 06:24