Cенің жаның нәзік еді не деген?!. Избранное

Среда, 30 Сентябрь 2020 06:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2155 раз

DSC 6165

Үрәлхан Сейілбекова. Қазақ өнерінің мақтанышына айналған ару. Ашылғанына 12 жыл болған Опера және балет театрының даңқын елімізде ғана емес, әлемдік сахналарда танытып жүрген үздік опера әншісі. Ол өнер бағының бұлбұлына айналған Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева сынды апаларының заңды жалғасындай қазақ қызының бүткіл болмыс-бітімін, музыкалық бейнесін опера сахнасынан толымды етіп кең тыныспен, ашық үнмен сомдап келеді.

Аудандық деңгейден – әлемдік сахнаға дейін

20200916 014316Бекзат өнер Үрәлхан әншіге әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған. Әкесінің әкесі елді аузына қаратқан адуынды ақын болған. Сейілбек атасының барлық інілері жеті қырлы, бір сырлы сал-сері болыпты. Атасының інісі Досыбай ақсақал суырыпсалма айтыскерлігімен аумағына белгілі ақын қызды кезекті айтыста жеңіп, көңілі құлаған сол аруға үйленіпті. Бірақ, соғыс даласына аттанып, қайта оралмапты. Опера әншісінің өз әкесі Каналбай қажы Сейілбекұлы Жетісайдағы қазіргі Құрманбек
Жандарбеков атындағы драма театрының (бұрынғы Киров атындағы Халық театрының) негізін қалаушылардың бірі. Жаңадан бой көтерген өнер ошағында «Қыз Жібек» операсын сахналапты. Сөйтіп жүріп Мәскеуге Қазақстанның онкүндігіне барып, Кремльдің сахнасында өнер көрсеткен деседі. Халық театрында жұмыс істеп жүріп «оқу керек екен ғой» деген ой келеді. Отбасылы бола тұра Ташкенттегі театралды институтқа күндізгі бөлімге оқуға түседі. Дүйсенбі таңда кетіп, жұма күні кеш қарайғанда келеді екен. Бес жыл Жетісай мен Ташкенттің арасын жол қылып жүріп, «Музыкалық драма актері» деген мамандық алып шығады.
Әке мен қыз тағдыры қандай ұқсас?! Каналбай қажының кенже қызы да дәл солай Шымкенттегі Опера және балет театрының негізін қалауға атсалысып, алғашқы жылы Сырдың арғы бетінен бергі бетіне қатынайды. Жетісай мен Шымкенттің арасын жол қылады. Екі балалы әйел адамға дүйсенбі таңда кетіп, жұма күні отбасына оралып, сенбі-жексенбі үй шаруасын атқарып, отағасының қас-қабағын бағып, жағдайын жасау әсте оңайға соқпағаны айтпаса да белгілі. Ол – мөлдір өнерге деген шексіз құштарлықтың құлшынысы еді, - дейді әншінің өзі өткен күндерін еске алып отырып.
Иә, Ү.Каналбайқызы ең әуелі әйел-ана екенін есінен шығармайтын бегім. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Галина Қарамолдаеваның класынан бітіргеннен кейін Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның «Сазгер» ансамбліне қабылданады. Сосын Ішкі істер министрлігі симфониялық оркестрінің солисі ретінде өнер көрсетеді. Сонда анасының: «Әуелі тұрмыс құрып, бала сүюің керек, қыз бала үшін отбасы мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс» деген бір ауыз сөзін жерге тастамай, Жетісайға оралуға шешім қабылдайды. Қызының ертеңгі тағдырына қатты алаңдаған ана сахнаға болашақ жары рұқсат берген жағдайда ғана шығатынын ескертеді. Қайран ананың осы сөздері әншінің тағдырын күрт өзгертіп жіберген еді.
– Кейде «Мұнда неге келдім?» деген ойға шырмалып, өз-өзімнен мазасызданатынмын. Бірақ, еш өкінбеймін. «Сырдария» университетінің қалыптасуына шамам келгенше өзімнің септігімді тигіздім. Он жыл студенттерге вокалдан сабақ бердім. 1998 жылдары жарық пен газ өшіп қала беретін өтпелі кезең еді ғой. Мәдениет туралы айтпасақ та белгілі. Театр тозып, музыканттар жан-жаққа тарап кеткен. Сондай қиын кезеңде оқытушылықпен қатар ауданның барлық іс-шарасына қатысатын едім. Кафедра меңгерушісі, дирижер Бөрі Исаев менің шығармашылығымның шарықтай түсуіне ықпал еткен бірден-бір жан. Сол оқу орны оркестрінің солисі болдым. Кей кезде «Бұл жерде менің әнімді кім тыңдайды?» деп ойлайтынмын, - дейді ол.
Үрәлхан бастаған шығармашылық топ айналдырған үш-төрт жылдың ішінде Мақтарал халқын да классикалық әнге баулып алды. Елбасы
Н.Назарбаев ауданға үш рет келгенде де алдында ауданның беткеұстар әншісі Сейілбекова өнер көрсетті.
Оның әншілік жолына өмірлік жолдасы Дәулетхан Болысбаев тыйым салған жоқ. «Әніңді айтқызамын!» деген әу бастағы уәдесінде тұрды. Екеуі сол Сырдария университетінде танысып, отау құрған еді. Бірі қарапайым оқытушылықтан доценттікке дейін, екіншісі философия ғылымдарының кандидаттығына дейін өсті. Бір-бірін қолдап, қуаттаудан танған емес. Тіпті, Еуропада бір жарым ай іссапарда жүрген кезінде де отағасы кейістік танытқан емес. Оның үстіне ол кезде қызы Гүләйім де ес біліп қалған, үй шаруасына көмектесіп жүрді. Опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, рулас інісі Ерлан Жандарбаймен дауысының тембрі, үнінің бояуы сәйкес келгендіктен шетел сахналарында да талай рет жарасымды дуэт жасап жүрді.
Сонымен бірге бұлақ суындай сыңғыр үнді Үрәлхан өнер деген аламанда атының жығылмауы үшін ұдайы бабында жүруге тырысады. Өнердің барлық түрі жақсы. Ал опера – өте күрделі жанр. Операны ұғынып орындау үшін жан-жақтылық, зеректік, көрегенділік керек. Мәселенки, бір шығармада драма және музыкамен би де қатар үндесуі мүмкін. Опера – осының барлығының синтезі. Бұл жанрда бір мезетте әнді де айтып, әртіс те болуың керек. Арасында билейтін жерінде қимыл жасап, хормен әрі оркестрмен үйлесімділік тауып айтуың керек. Соның бәрін меңгергендіктен де опера әншілері ерекше зерек болып кететін сияқты. Кейіпкеріміз шетелдік шығармаларды көп орындайды. Орыс, итальян, француз, неміс тілдерінде ән шырқағанда қазақи рәуіштегі қоңыр туындыларды тыңдағандай күй кешесіз. Ол «шетелдің әнін шетелше айту» деген номенклатураға бағынбады. Шетелдің озық тәжірибесін өз іс-қимылында ұлттық құндылықты сақтай отырып пайдаланып келеді. Ұлттық опера өнерінде ол сомдаған Қамар, Жібек, Сара, Ажар, Жансұлу рөлдері, әлемдік опера жауһарларынан Татьяна, Виолетта, Джильда, Недда, Микаэла бейнелері шынайылығымен, көркемдігімен жанды баурайды.
Таланттардың тағдыры, өмір жолы көбіне қайшылыққа толы болып жатады. Бір ғана Күләш Байсейітованың өнердегі һәм өмірдегі тағдырын алайық. «Оның өлімін де қызғанғандар көп болды» деген-ді жазушы Сара Латиева бір кездері бізге берген сұхбатында. Иә, К.Байсейітованың өнердегі жетістіктерін көре алмай, аяқтан шалушылар көп болды. Өмірінің соңғы жағында оның үстінен арыз жазып, оған алты адам қол қойыпты. Оның өмірбаяндық деректерін оқып отырсаңыз, отбасылық өмірде де барлығы керемет болмағанын бағамдайсыз. Өнердегі алауыздық Үрәлханның айналасында да орын алып жатады. «Неге Үрәлхан шыға береді?» дейтіндер бетіне айтпаса да, сыртынан сып-сып етеді. Сондайда сұранысқа ие болып тұрған әншінің көңіліне қаяу түсетіні бар. Әсілі ол өнерде де, өмірде де бағы жанған әнші.
Тәуелсіздік рухы ең әуелі мәдениет пен өнердің еркіндігіне жол ашқан тұста Италия, Польша, Германия, Финляндия, Швеция, Эстония, Қытай, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Италияда (Парма қаласы) Джузеппе Верди атындағы кәсіби музыка әртістеріне арналған интернационалдық академияда Фабрицио Касси мен Изабелла Фратти шеберлік сыныбынан өтіп, біліктілік арттырды. Осы сапарлар оны опера өнері¬нің көптеген сырына қанықтырды.
Польшада өткен дәстүрлі «Музыкальный сад Рюбецаля» халықаралық көркемдік-ағарту жобасына, Еуропа опера шеберлері, польшалық Дариус Грабовски мен аустриялық Франц Лангер шеберлік сыныптарына қатысты. Жоба барысында Польша, Германия, Аустрия елдерінде өнер көрсетіп, зор қошеметке бөленген жайы бар. «Үлкен сахнада ән салып тұрған шағымда бойымды қуаныш сезімі биледі. Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындадым. Залдағылар ұйып тыңдады. Жібермей, ұзақ қол соқты. Бір ғана әннің құдіреті мұншама алапат әсерге бөлейді деген ойымда жоқ. Қайран қалдым. Мұндай қазына қазақта қаншама! Білгенім, түйгенім – бізден бай халық жоқ әлемде. Сол себепті ұлттық операны өнердің шыңы деп есептеймін», - дейді өзі.

Сыршыл жүрек лүпілі

Оның ыстығы мен суығы қатар жүретін өнердің кемесіне мінгеніне де 22 жыл болыпты. Қазірде тәжірибесі мен атын пайдаланып, жеке мектеп ашып алған өнерпаздар баршылық. Үрәлхан әпкеміздің де мектеп ашып аларлық деңгей-дәрежесі бар-ақ. Білім-білігі де жетер еді. Бірақ, ол техникалық оқу базасы лайықталған, жүйелі түрде жұмыс істейтін музыкалық мектеп болғанын қалайды. Мәселені әріден қозғайық. Шырайлы Шымкент шаһары республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленіп, еліміздегі он жетінші аймаққа айналғанына екі жылдан асты. Шалғай елдімекендердің барлығы қалаға қосылды. Қала үлкейіп жаңа ғимаратттар салынуда. Бұл – қаланың рухани келбетіне жаңадан қан жүгірту, келешекте ол мәдениет пен өнердің орталығына айналады деген сөз. Шымкентті әлемдік тұрпаттағы мегаполиске айналдыру үшін қазір қолдан келгеннің барлығы жасалуда. Бірақ, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың жан жақты мәдени дамып, өсуіне қалада өз деңгейінде жағдай жасалып жатқан жоқ. Мәселен, «Нұр-Сұлтанда «Шабыт» университеті, Алматыда «Өнер академиясы» қаншама өнерлі жасты түлетіп жатыр. Ал күнгейдегі мәдениет саласының бір кемшілігі десек пе екен, әлі күнге қаламызда баланы өнерге баулитын арнайы мамандандырылған музыкалық бағыттағы оқу орны мен мектептің жоқтығы өнерлі ұрпақтың өсіп-жетілуіне қолбайлау болуда. Шынтуайтында
халықаралық бәйгелерде еліміздің туын желбірететін мәдениет пен спорт саласы емес пе?!
Бір шетелдік Президент «Егер ауыл шаруашылығы министрін дұрыс таңдамасам, елім бір жыл ашығар, ал мәдениет министрімді дұрыс таңдамасам, халқым өркениеттен көш қалып кетеді» деген екен ғой. Сол сияқты еліміздің үшінші мегаполисінде өнер мен музыкаға баулитын оқу ордасының болмауы қаламыз үшін үлкен сын болып тұр. Құдайға шүкір, қазір «Опера театры бізге не үшін керек?» деп айтатын кезеңнен өттік.
– Біздің мәдениетте шешімін таппаған мәселе өте көп. Театрлардың саны жеткілікті болғанымен, оларға тиісті көңіл бөлінбей жатады. Өнер ордаларын жаңашыл шығармашылық жағынан дамыту керек. Одан соң театрларда кәсіби режиссер жоқ, - деп көңілін толғандарған түйткілдерді ортаға салды өнердің өз өкілі.
Өнер адамының жүрегі нәзік, көңілі сыршыл келеді. Үрәлхан Сейілбекова тек операсын айтып, тойған қозыдай тымпиып жүре алмайтындардың қатарынан. Опера және балет театрында Кәсіподақ ұйымын басқаратын ол аталған өнер ошағын Түркістан облысына көшіру туралы әңгіме болған кезінде де шыр-пыр болып облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қабылдауына кіріп, өтініш айтып, ақыры Шымқалада қалдыратын болып шешім қабылданып еді. Оның бар мақсат-мүддесі өнер өссе, аясы кеңейсе, оның шапағатын өскелең ұрпақ көрсе дейді. Ең бірінші орында әйел-ана ретінде ұрпақтың мәдениеттен мақрұм болғанына жол бергісі келмейді.
Кеңестік дәуірде қазақтың аты аңызға айналған гәкку үнді сахна шеберлері Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегеновалар да өз дәуірінде халық қалаулысы болып, депутаттыққа сайлауға түскен. Биік-биік мінберлерден сөйлеген. Сөйтсек, бұқара халықтың бұлбұл әуезді әншілері сол қаймана халықтың қақ ортасында жүргендіктен, көп нәрсені көзбен көріп, нәзік жүрегімен сезеді екен. Сонан соң қоғамдағы көп жәйттерге бей-жай қарай алмайды екен. Жиырма жылдан астам уақыт өнердің ішкі құпиясына әбден қаныққан кейіпкеріміз де «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіндегі белсенді мүшесі. «Мәдениетті, білімді, өнерлі жастарды тәрбиелеу, еліміздің дамуына үлес қосу, Шымкент қаласының мәртебесін көтеру сіз бен біздің қолымызда!». Бұл – оның өмірдегі де, өнердегі де басты ұстанымына айналған.
Талант – халықтың бақыты мен байлығы. Ендеше сол бақты бағалай білейік!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.