Полиция қызметін адал бағалай білейік! Избранное

Среда, 07 Октябрь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1638 раз

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттері заңмен өлшенеді. Оның үстіне айрықша нысандағы кәсіптің иесі саналатын тәртіп сақшыларына халық тарапынан қойылатын талаптар да өте жоғары. Алайда, олардан талайлардың тек кемшілік көргісі келіп тұратыны өкінішті-ақ.

409

 

Көп жылдар бойы ағартушылық саласында қызмет жасап, бүгінгі таңда зейнеттемін. Жасым 80-де. 56 жыл еңбек өтілім бар, тарих ғылымының кандидатымын. Өткен ғасырдың 58-жылынан бері осы қалада тұрамын. Көптеген жоғары оқу орнында ұстаздық еттім. Мәскеу және Германияда білімімді шындадым. Өзімді еліміздің, шырайлы Шымкенттің нағыз
жанкүйерінің бірімін деп білемін. Осыған байланысты өмірлік тәжірибем, көрген-білгенім казіргі мен бұрынғыны салыстыруға құқық береді деген ойым орынды болар.
Жоғарыда атап өткенімдей, бірнеше елді көруге мүмкіндік болды, сол сәттерде елдің тарихы, мәдениеті және әлеуметтік жағдайына назар аударатынмын. Әсіресе, жалпы тыныштығы мен қауіпсіз өмір сүру деңгейі қызықтыратын. Көзім жеткені – кез келген елдің өркендеуіне тәртіп сақшыларының алатын орны аса зор.
Өзім ілгеріден тәртіп сақшыларының қызметіне аса құрметпен қарайтынмын. Дүниедегі ең оңай нәрсе – кінә арту, айыптау, сынау. Ал бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздің әрқайсымыздың міндетіміз. Тәртіпті әркім өзінен бастауы тиіс. Осыны әрдайым шәкірттеріме жеткізе жүрдім.
Несін жасырамын, ішкі істер органдарындағы адал қызметкерлердің бейнесі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында елеусіз қалғандай. Турашыл полиция қызметкері мерзімді басылымдар мен теледидардың назарына іліне бермейтін «тартымсыз, қызықсыз» кейіпкерге айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» Жолдауында азаматтардың мүддесін қорғау жолында 7 бағытымен қатар ішкі істер органдарының қызметін одан әрі жетілдіру, реформалау жұмыстарының жалғасатынын көрсетіп кетті. Атап айтқанда, қылмыстық істерді жүргізуді жетілдіру, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеру, сыбайластыққа жол бермеу, ашықтық, шынайылық, әділеттік ең басты қағида болуы керегіне аса назар аударды. Сондықтан өз антына адал, отансүйгіш, полиция қызметінің мүддесін жоғары қоятын қызметкерлер әрдайым марапатқа және құрметке лайық болуы қажет.
Ия, шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті – полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болу, азаматтармен тіл табыса білу, сыпайы болу да аса маңызды.
Осындай толып жатқан талаптың үдесінен шығуға баса назар аударатын мекемелердің бірі – полиция генералы Ералы Жұмаханбетов басшылық жасайтын Шымкент қаласының полиция департаменті. Ендігі кезекте халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полиция департаменті басшысының бірқатар елеулі ісіне назар аударсам деймін.
Генералдың бастамасымен қала аумағындағы 48 көше қиылысында полиция қызметкерлерінің үш ауысымды кезекшілігі ұйымдастырылды. Нәтижесінде қала ішіндегі жолдарда көлік кептелісі едәуір азайды. Осыған қоса еліміз бойынша алғаш рет Шымкент қаласындағы барлық мектептің алдында ювеналды полиция қызметкерлері үш ауысымды кезекшілікке тұрды. Жасөспірімдердің қатысуымен бірде бір жол-көлік оқиғасы орын алған жоқ. Бастаманың оң тәжірибесін еліміздің бас полицейі жоғары бағалап, Қазақстанның барлық өңірлеріне осы жобаны қолданса жөн болар еді.
Неге дейсіз ғой, ол былай. Өзім немерелерімді мектепке апарамын. Жол-жөнекей, әсіресе, мектеп маңында жап-жас ұл-қыздар темекі шегіп, шарап ішіп тұрғандарын көріп, қатты өкінетінмін. Ал казір мұндай жағдай мүлдем кездеспейді, яғни полиция басшысы жұмысты дұрыс бағыттаған, мектеп инспекторына нақты тапсырма берген. Қала тұрғындарының ризашылығы осының дәлелі деп санаймын.
Тағы бір мәселе – ілгеріде полиция қызметкерлері арнайы автокөлікте жүретін. Әрине, бұл да дұрыс шығар, дегенмен, казіргі жаяу жүрген полиция қызметкерлері тиімді сияқты. Мысалы, қала қиылыстарындағы кептелістерді дер кезінде таратуға, жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерге де әсері мол екені сөзсіз. Көшеде немесе аулада формамен жүрген қызметкердің көрінісі азаматтарда қауіпсіздік сезімін тудырады.
Жергілікті тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, жедел әрекет ету үшін арнайы чат құрылған болатын. Онда БАҚ өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері қала аумағында орын алған келеңсіздіктерді фото не бейнежазбаға түсіріп жібереді. Осы жолдаған ақпараттың негізінде Полиция департаментінің қызметкерлері орын алған жайттарды дер кезінде тексеріп, заңды шешім қабылдауда. Осыған қосымша, елімізде алғаш болып Фейсбук әлеуметтік желісінде апта сайын жеке қабылдау тұрақты түрде онлайн режимде өтіп келеді. Бұл полиция департаментінің ашық әрі жариялы түрде қызмет атқарып, халыққа етене жақындай түсуінің тағы бір белгісі.
Кері байланысты нығыйту мақсатында департамент басшысы қала орталығынан шалғай орналасқан елдімекен тұрғындарымен арнайы кездесуде. Ондағы бекітілген жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын талдау, зерделеу мақсатында халықтың пікірімен санасты. Туындаған мәселеге қатысты мамандарға тапсырмалар жүктеп, белгілі уақыт аралығында оның орындалуына көз жеткізу мақсатында халықпен кезекті рет қорытынды кездесу ұйымдастыруда.
Қаламыздың бас полицейі қайырымдылық істерімен де көзге түсе білді. Мысалы, Шымкент қаласындағы №4 балалар үйінің 100-ге жуық тәрбиеленушісін қамқорлыққа алып, түрлі спорттық секциялар ашып берді. Нәтижесінде балалардың мәдени-ағартушылық, спорттық бағыттағы ой-өрісінің дамуына әсер етіп, түрлі салада жетістікке жетуіне себепші болуда.
Күрделі мәселелер барлық салада қашан да болған. Ондай мәселелер тәуелсіздікте туған еркін ойлы жас полицейдің болашақ жолында да кездесері ақиқат. Бұл – өмір заңы.
Е.Жұмаханбетов алда туындайтын қиын мәселелердің, күрделі қылмыстардың түйінін шеше білуде жас тәртіп сақшыларына құнды тәжірибе беруге дайын және беріп те келеді. Осы мақсатта Шымкентте орналасқан ІІМ оқу орнымен тығыз байланыс орнатылған.
Айта берсем, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын деп, күндіз де, түнде де тыным таппай, қашан да қырағылық көрсетіп жүрген тәртіп сақшыларын әрқашан полиция атағын биік көтеріп, жоғары жетістіктерге жете берулерін және де жанұяларына құт-береке дарып, тек алдыңғы лектен көріне берулеріне тілектеспін.
Менің мақсатым – полиция генералы жұмысының тың, жарқын, жасампаз беттерін көрсету еді. Қазақстан да жақсыны қабылдап, озық елдер тәжірибесін өзіне пайдалануды жөн көрді. Осының барлығы қайткен күнде де қылмыстық әрекетке тоқтау саламыз деген ізденістен туған игі қадамдар екені де анық. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпін!

Мүсір Ауанасов,
Шымкент қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз,
тарих ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.