АБАЙ ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӘСЕМ ЖАРАСТЫҒЫНЫҢ АЙҒАҒЫНДАЙ ІЗ ҚАЛДЫРДЫ

Среда, 07 Октябрь 2020 08:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1611 раз

Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті.

428

 

Бүгін ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасы Н.Назарбаевтың мақаласын оқып отырып, халқымыз қайсыбір қиын кезеңде де дана Абайдың терең ойлы өсиеттерімен, философияға толы ғақлияларымен еңсесін түсірмейтініне тағы бір көз жеткіздік. Абай мен қазақ егіз. Абай десе қазақты, қазақ десе Абайды елестететін күнге жеттік, шүкір.

         Тұңғыш Президентіміз де балалық кезінен бастап кемелденген ел басқарған шағына дейін Абайдың сөздерін темірқазық қып келгенін өз өмірінен мысалдар келтіре отырып баяндайды. Өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжесі Мырзабала мен анасы Әлжан кішкентай күнінде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадына барынша сіңіргенін, мектеп жасында ақынның философиялық астар-ға толы «Ескендір» поэмасын қайта-қайта құмарта оқығанын айтады. Сөйтеді де, «кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді» деген ойын жеткізеді.

  Расымен «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» деген Абайдың өсиетімен Н.Әбішұлы да көп қазақ баласы сияқты жастайынан әке-шешесіне қолғабыс етіп, бірге еңбекке араласып, шөп шауып, мал жайлап, отын жарып, жеміс өсіріп, бақша салып, жылдың төрт мезгілінде үзілмей кезектесе келіп отыратын шаруаны атқарысып, қара жұмысқа әбден төселген. Кейін туған жерінен шалғайдағы Теміртауда, «Қарметкомбинаттағы» от-жалында балқыған болаттың ортасында құрыштай шыңдалды.

Толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген Абай заманында қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. «Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін», - дейді Елбасы. Шынтуайтында, ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне келгенде де Н.Назарбаев алдымен Абайға арқа сүйеп келеді. 2019 жылы Қ.Тоқаев президент боп сайланғанда да

болашақ ел басқарар азаматқа қажет қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тартып, асықпай, зер сала қарағаны осы Абай туралы толғанысында да нақты дәйектермен айтылды. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс.

Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.