АБАЙ ІЛІМІ ӨМІР САЛТЫМЫЗҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

Среда, 07 Октябрь 2020 10:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1692 раз

Еліміздің бас басылымында жарық көрген Тұңғыш Президент – Елбасының «Абай аманаты» мақаласының басты ерекшелігі – енді Абай біздің тыныс-тіршілігімізге, өмірлік идеологиямызға, өмір сүру салтымызға айналуы керек деген келелі ой айтылған.Туынды баршаға түсінікті етіп баяндалған. Онда Тұңғыш Президентіміздің Абайды алғаш таныған кезінен басталып, ұлы ойшылдың өсиет сөздерімен өрілген. Мақаланы оқу арқылы Елбасы өміріне, оның ішінде ел басқарудағы іс-әрекетіне ақынның ғибраттары қаншалықты әсер еткенін бұрынғыдан да жақынырақ білдік деуге болады.

430

 

 

Мақалада Абай мұрасының жаңаша танылуы мен бағалануына бетбұрыс жасалынған. Елбасы Ұлы ақынның өткенін ұмыттырмай, кешегі күнін танытып, бүгінгі күні мен болашағын жарқын етуге бар күш-жігерін жұмсап жүргенін де баяндайды.

Абайтану – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихының үлкен бір саласы. Өзінің ой толғауында Елбасы: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды. Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін – Александр Пушкин, ағылшындар үшін – Уильям Шекспир, немістер үшін – Иоганн Гете, америкалықтар үшін – Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға»- деп жазады.

Мәдени және рухани мұраны игеру, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін жас ұрпақ жадына орнықтыру – заманауи кезеңде халық рухын жандандырудың, жаңғыртудың бірден-бір жолы, зиялы қауымның тарих алдындағы парызы деп білемін.

Абай әлемі терең әрі сан қатпарлы. Оның барлығын ашып, түсіндіріп беру мүмкін емес. Дегенмен, Абайды әркім әрқалай түсінеді. Өзінше қабылдайды. Елбасы ой толғауында оны барынша ұғынықты етіп жеткізе білді.

 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ, Филология ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті филология факультетінің деканы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.