Бейқам болма, бауырым! Избранное

Среда, 14 Октябрь 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 157 раз

Былтырдан бері әлемді дүр сілкіндіріп, үрей мен үмітті алыстырып қойған коронавирустың зардабы қоғамның барлық саласына зиянын келтірді.

515

 

Саясаттан бастап экономикаңыз да шатқаяқтап барып аяқтан енді тұра бастағандай еді. Әлеуметтік саланың екі өкпесі демігіп барып тынысын ашуға талпынғандай болып еді.
Нақты емі табыла қоймай тұрған дертке дүдәмал ой жетегімен халықтық ем-дом қолдануға бой алдырған адамдар да аз емес. Небір асылдарымыздан айрылып та қалдық-ау. Осының бәрі де қорқынышты түс секілді өте шықса деп едік.
Алайда, алпауыт елдерді әбігерге қайта салған індеттің келесі бір толқыны елімізге тағы да келіп қалды. Іргемізден еніп үлгерген инфекция қайта белең алып кетпесіне ешкім де кепілдік бере алмай отыр.
Сoronavirus2020.kz сайтының мәліметінше, 12 қазан күні Қазақстанда пневмониядан екі адам, ал коронавирустан үш адам қайтыс болған. Ресми ақпарат бойынша, бір тәулікте пневмонияға төрт адам шалдыққан, ал 10 адам аурудан айығып, үйіне шығарылды.
Жалпы 1 тамыздан бері пневмонияға 34 913 адам шалдығып, 370-і қайтыс болған. 27709 қазақстандық ауруды жеңіп шыққан.

Денсаулық сақтау министрлігінің telegram арнасының мәліметінше, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 2 927 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 77 өскіншек бала бар. Соның ішінде 12 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда.
Міне, бұл ресми мәліметтер бәрімізді ойландыруы керек. Көшеде, қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда бетпердесіз, қаннен қаперсіз жүрген жандар күні кеше бүкіл елді қанжылатқан қайғылы күндерді лезде ұмытып кеткен тәрізді. Жайбарақаттық індеттің жаңа толқынының өршуіне өзек боларын неге естен шығарамыз?
Тығылып той өткізу, жасырынып жиын жасау, бетпердені сырып қойып, базарда емін-еркін жүру – осы секілді сақтық шараларын сақтамайтын бейқамдығымыз бен жауапсыздығымыз тағы да қайғылы жағдайларды жиілетіп жібере ме деп қорқамыз. Қорқыңыздар, қауіп мысықтабандап тағы да келе жатыр. Еуропа елдеріне қайтадан енген эпидемия бізді де айналып өтеді деп ойламаңыздар! «Құдай сақтасын» деп қамсыз жүргеннен қатер қашпайды. Құдай да сақтанғанды сақтайды деген емес пе?
Ал қазанның 13-і күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда осы күнге дейін қатерлі індетпен ауырғандардың жалпы саны 108 901 адамға жетті. Оның 1746-сі қайтыс болған. Жаңадан жұқтырғандар саны 70-ке жетіп тұр. Оның төртеуі – Шымкент қаласының тұрғындары.
Сала мамандарының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысына барып келген азамат өзімен бірге індетті отбасына әкеп жұқтырған. Осылайша мектепке бармай, үйден шықпай, сабақты онлайн оқып отырған бала-шағасы да ауырып жатыр. Ал Түркияға барып келген 98 жолаушының арасынан екі адам КОВИД-ке шалдыққаны анықталуда. Жыл басынан бері Шымкентте қатерлі індетті жұқтырғанар саны – 5207 адам.
Дертке шалдыққандардың айтары бір. «Тойға барып едім...», «Құдалық өткізіп едім...» «Алыстағы туысыма сапарлап барып келіп едім» дегенді уәж етеді.
Алайда, әлемді шарпып бара жатқан мына дерттен сақтанбасқа лажымыз жоқ. Әлі талай той тойлайтын заман келетінінен үміт үзбегеніміз абзал. Ал қазір сақтанайық.
Қоғамдық тәртіпке бағынып, көпшілік жиналатын іс-шаралардан бойымызды аулақ ұстайық. Туғаныңа қатер төндіргің келмесе, «той-томалағыңды қоя тұр» деген тоқтамды тыйым айтып, жиын-кешті доғара тұрғанымыз абзал.
Автобуста, көшеде, базарда қатаң қауіпсіздік шараларын сақтап жүрейік.
Олай болмаған жағдайда дерттің өршіп, алдыңғы толқын кезіндегідей опық жегізбесіне кім кепіл?!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.