БАЛАЛЫ КІСІ ПАҚЫР БОЛМАС немесе бедеулік үкім емес Избранное

Пятница, 16 Октябрь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2402 раз

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген екен бұрынғылар. Халқымыз дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Айтсақ ауыр, айтпасқа тағы болмайды. Елімізде бедеу әйел мен белсіз еркектің қарасы молайып, сәби күлкісі естілмейтін шаңырақтың көбеюі мемлекеттік мәселеге айналып отыр. Ал «Болашақ» стипендиясының түлегі, уролог-андролог дәрігері Бағдат Дәукенов бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция дейді.

205

 

Бала өрбіту, ұрпақ әкелу – тек әйелдердің проблемасы емес. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйелді кінәлаймыз. Адам санасы өзгеріп, заман сан құбылса да мұндай сыңаржақ көзқарас әлі де бар. Әсіресе қазақтың қалыптасқан санасы балалы бола алмаудың кінәратын алдымен нәзік жандылардан іздейтіні рас. Бірақ статистика басқаша сөйлейді. Қаладағы Репродуктивті медицина институтының уролог-андролог дәрігері Бағдат Дәукеновтің айтуынша, қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың болмауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген.
– Өткенге көз жүгіртіп 1950-60 жылдардағы жағдайға тоқталсақ, 1 миллиграм спермада 150 млн ұрық болу керек делінген. Одан аз болғандарды ауру санап емдеу шараларын жүргізген. Бұл көрсеткіш спермограмманың үшінші қайта қаралымында 90 жылдары зерттеу кезінде 1 мг 60 млн ұрық болғаны анықталған. Ал 1998 жылы шәуеттің сандық және сапалық тексеру әдісі нәтижесінде ұрықтың 20 миллионға дейін төмендегенін көрсетті. Соңғы рет 2010 жылы жүргізілген зерттеуде 15 миллионға дейін қысқарып, ұрықтың сапасы жыл санап төмендеп келеді.

– Қазіргі таңда әлемдегі шаңырақ көтерген жұптардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына ие бола алмай отырғанын статистикадан көріп отырмыз. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Оның ішінде 50 пайыз әйелдің себебінен болса, дәл осынша пайыз үлес ерлердің белсіздігінен. Бірақ біздің қоғамда кінәратты тек нәзік жандылардан іздеп жатады. Тіпті, енелері келін көтермей жүр деп өз баласына шаң жуытпай жастардың арасына түсіп, ажыратып алып жатқанын естіп-көріп жүрміз. Ал ол келін басқаға тұрмысқа шығып балалы болу жағдайы жиі кездеседі. Бедеу ерлер көп болғанымен олар емделуге асықпайды. Біздің орталыққа көбіне әйелдер өздері толық тексеріліп алып, кейін күйеулерін мәжбүрлеп әкеліп жатады. Ерлеріміздің түсінігінде урологқа барып тексерілу ұят секілді. Бір қуанатын жәйт үйленуге бекінген жастар алдымен тексеріліп алуды әдетке айналдырып жүр. Мысалға, үйленейін деп жатыр едім не тексеріс қажет деп хабарласады. Инфекцияларға, УЗИ, спермограмма тапсырып, өзінің потенциалық ұрығының көрсеткішін анықтап жатқан жігіттер де баршылық, - дейді дәрігер.
Жалпы адамның балалы бола алу қабілеті шектеулі. Дәрігерлердің уақытты оздырмай, дер кезінде дәрігерге қаралу керек дейтіні де сондықтан. Алыс-жақын шетелде тәжірибе жинақтаған білікті дәрігер Бағдат Әзімбайұлы еліміздің болашақ арқа сүйер азаматтары мен жас қыздардың денсаулығына да айрықша ден қою керектігін айтады.
– Қазір ұлдар мен қызбалалар 15-16 жастан бастап ерте жыныстық қатынасқа түседі. Тиісінше, осы жаста оларда түрлі жыныстық инфекциялар жұқтыру қаупі жоғары болады. Оны жастарымыз болса да дұрыстап емдемейді. Кейін бұл проблема үйленіп отбасылы болғанда алдарынан шығады. Одан қалды жастар жаман видеоларды көріп көзі тойды деуге болады. Олардың әйелге деген ынтығы да қалмайды. Бір баланың үніне зар болып жүрген отбасылардың басым көпшілігі уақытты оздырып алады. Бұл қоғамда белең алған нәрсе. Күнделікті тәжірибеде неше түрлі оқиғаларды естіп жатамыз, - дейді андролог-маман.
Иә, сақтансаң, сақтайды. Жалпы неден сақтануымыз керек деген сауалдың да туындауы орынды. Дәрігер белсіздікке әкеліп соғатын бірнеше факторларға тоқталып өтті. Бағдат Дәукеновтің айтуынша, кеш үйлену өзекті мәселенің бірі.
– Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, ГМО, химиялық қоспалар көбейді. Сән деп ашық-шашық киінеді. Фаст-фуд жейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Тіпті, күнделікті жұмыс пен үйде қолданатын wifi-дың өзі қауіпті. Шетелдік ғалымдар жүргізген зерттеулер бар. Олар бірнеше ерге сынақ жасап көреді. Нәтижесінде wifi қондырғысы ұрықтың әлсіреуіне себеп болатыны анықталды. Сол секілді көптеген факторларды айтуға болады. Бұл жәй ғана бір мысал. Қазір 20-25 жасар жігіттердің потенциясы 50-60 жастағы ерлерге қарағанда әлсіз, - дейді Б.Әзімбайұлы.
Денсаулығымызды күнкөрістің көлеңкесінде қалдырмай, аманатқа қиянат жасамау үшін біз не істей аламыз? Денсаулыққа келгенде көп мәселені ақшаға тіреп жатады. Керек десеңіз, денсаулық – ең бірінші байлық екенін ұмытып қояды. Ал Бағдат Әзімбайұлы адамдардың аурушаңдығын халықтың рухани әлсіздігімен байланыстырады.
– Әрине, мемлекет көлемінде халық санын көбейту үшін көптеген бағдарламалар жасалып жатыр. Мысалы, перенаталдық орталықтарды көбейтті. Бала 500 грамм туылса да, өсіріп алады. Қазақстанның денсаулық бағдарламасының барлық стратегиясында онкологиялық аурулар, туберкулез, ана мен бала өлімін назарға алып, күресіп жатыр. Бірақ халық саны баяу өсіп жатыр. Бұл менің ойымша, адамдардың рухани әлсіздігінен деп қабылдаймын. Адамдар өздігінен мәселеге қарсы тұруға қауқарсыз. Бір кеңеспен ауруынан құлаң таза айығып кетсем деп тұрады. Жұмыс, үй, бала-шағаны сылтауратады. Жақында Президент Жолдауында бала сүйе алмай жүрген отбасыларға ЭКО жасатуға бөлінетін квотаны ұлғайтуды тапсырды. Бұл тамаша мүмкіндік. Бірақ сол квотамен тұтас проблема шешіліп кетпейді ғой?! Адамдар салауатты өмір-салтын ұстанып, құнарлы тамақтанып, зиянды әрекеттен аулақ болғанда ғана ұрпақ сүю мүмкіндігі жоғары болмақ, - дейді Б.Дәукенов.

Түйін.

Не дегенмен де, бедеулік пен белсіздік демографиямызды ақсататын үлкен кесел болып тұр. Дәрігер келтірген дәйекті дәлелдердің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Дегенмен де, бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу керек. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз.