Версия для печати

Абайдан асқан ақылшы жоқ Избранное

Пятница, 16 Октябрь 2020 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1843 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында абайтанушы ғалымдармен кездесті. 

Мемлекет басшысы алдымен мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мұнда Президентке Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арнаған көптомдығы ұсынылды.

217

 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала алтыны» археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті.
Президент Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік пандемияға тап келсе де, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызымызды адал атқаруға күш салғанымызды атап өтті. Сонымен қатар бұл мерейтойдан той тойлауды емес, тағылым алуды мақсат еткенімізді айтты.
– Биылдан бастап 10-тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. «Абай» телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік, – деді Президент.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы айтқанын, мұның стратегиялық маңызы бар міндет, кезек күттірмейтін мәселе екенін айта келе, ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ деді.

– Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын жеткізді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын баса айтты.
– Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек, – деді Мемлекет басшысы..
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңірген, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.