Жұмыртқа қымбаттады. Себебі неде? Избранное

Пятница, 23 Октябрь 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2159 раз

Елімізде құс тұмауынан қырылған құс көбейді. Солтүстік өңірлерде 100 мыңнан астам қаз-үйрек пен тауық өлген. Қанаттылар арасында дендеген індет бизнесті де, бұқараны да алаңдата бастады.

811

 

Соңғы кезде өнім құны аспандап кетті. Онсыз да жылда көтерілуімен ол әлеуметтің әмиянын аз тонаған жоқ еді. Енді әлеуметтік маңызы бар тағамның қымбаттауы тұтынушыға оңай тимей отыр. – Өткен сенбіде ғана бір данасы 33 теңгеден сатылған жұмыртқа құны бүгінде 38 теңгеге көтерілді. Бүгін келінім 40 теңгеден алыпты. «Неге қымбат?» деп сатушыдан сұраса, солтүстіктен тауық өнімі келмей жатқанын желеу етіпті. Сонда өзіміздегі «Шымкент құс» қайда қалды? – дейді қала тұрғыны Гүлмира Батырбекова.
«Шымкент құс» ЖШС-нің құрылтайшысы Әбілқасым Досболов та бұл жағдайдың дертпен байланысты еместігін алға тартады. Оған бидайдың 80 теңгеден 97 теңгеге өсуі әсер еткен көрінеді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге берілетін субсидия қысқарған.
– Әлеуметтік тағамның іріктелген, жоғары сұрыпты түрлері 33-35, ал С1 сұрпы 30,5 теңгеден супермаркеттер мен дүкендерде саудалануда, – деді ол.
Демек, тұтынушының алаңдауына негіз жоқ емес. Отандық өндірушілер ішкі нарықты қамти алмаса, Еуразиялық одақ елдерінен тауар импорттауға болатынын сарапшылар да айтып отыр. Ресейден әкелінетін құс етіне одақ тарифі қойылатын көрінеді. Яғни шетелдік еттің құны біздікінен төмендеу. Сондықтан құс өнімі күрт қымбаттайды деу қисынға келмейді. Бірақ жұмыртқа тез бүлінетіні себепті тасымалдануы мен сақтауы ерекше талапқа бағынады. Қымбаттау себебі содан болуы мүмкін.
Егер логистика дұрыс ұйымдастырылмаса, карантин шектеулері алыс-берісті тежесе, шекті баға өсуі ғажап емес. «Мұндай жағдайда құс етін көп пайдаланатын отбасылар мал етіне көшуі ықтимал» дейді сарапшылар. Олай болса, «қаладағы базар, дүкен, супермаркеттерде тапшылық сезілмей ме?» деген сауал көпшілікті еріксіз мазалайтыны анық. Сонымен бірге, бір жылда әлеуметтік тағам құны 16,4 пайызға өскен. Әйтсе де, қалалық мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бас маманы Бейсенбай
Асқарұлының пікірінше, құс тұмауы әлеуметтік тағам құнына әсер етпейді.
– Бізде жұмыртқа өндірумен «Шымкент құс», «Тассай құс» серіктестіктері айналысады. Пандемияға қарамастан бұл бағыттағы өндіріс табысы кеміген жоқ. Қайта мұндай фабрикалар жылына 123 миллионнан астам жұмыртқа өндіреді. Біз миллион халықтың 82,6 пайызын әлеуметтік өніммен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді маман.
Бас маманның пікірін қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, ішкі сауда бағамын жүргізу бөлімінің басшысы Қайрат Базарбеков те қостап отыр. Айтуынша, үрейге бой алдыру негізсіз.
– Бұрын бірінші санаттағы жұмыртқаның 10 данасы 274 теңге еді. Қазір 311 теңге боп бекітілді. Негізсіз көтерілсе, құзырлы органдар арқылы тиісті шаралар қаралады. Ең бастысы, қалада жұмыртқа тапшылығы жоқ, – дейді Қайрат Базарбеков.
Қазір Шымкентте екі құс өндіруші ірі кәсіпорын бар. Одан бөлек, ішкі нарықта солтүстік өңірлер мен Түркістан облысы, Сарыағаш қаласының да үлесі бар. Сондықтан жауапты мамандар әлеуметтік тағамға қатысты мәселе жоқ деп сендіреді.
Қоғамдық тамақтану орындарында инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімі мамандарының айтуынша, құс тұмауы адамға жұқпайды. Дегенмен, қанаттылардың өнімін тұтынарда сақтық шараларын ескеру керек. Етін толық пісіріп, жұмыртқаның сарысын толық қайнатып, қуырған дұрыс. Сондай-ақ ол екеуін де тоңазытқышта азық-түліктен бөлек сақтауды ұсынады.
ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жуырда еліміздің бірнеше өңірінде ауру деңгейі төмендегенін мәлімдеді. Бұл нарықтағы жағдайдың қалыпқа келуіне әсер етеді деген сенім бар. Бірақ халықтың қалтасын қаққан қымбатшылыққа тоқтау бола ма, мәселе сонда...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.