Версия для печати

Қатардағы милиционерге ескерткіш не үшін қойылды? Избранное

Среда, 28 Октябрь 2020 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2123 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі С.Қожанов көшесі бойындағы еңселі ғимарат ауласында ерекше ескерткіш бар. Бұл ғимаратта қалалық  Полиция департаментінің  Жергілікті полиция қызметі басқармасына бағынысты Патрульдік полиция полкі  жайғасқан. Бұрынғыша атасақ – жол полициясы. Ескерткіштің ерекшелігі сонда, оны облыс халқының құрметіне бөленген милиция старшинасы Саидакбар Сатыбалдиевке арнап орнатқан. Халықтың осынша ілтипатына бөленген  азамат кім болған? Біз ол жайлы не білеміз? Ескерткішті бастапқы орынға ауыстыру мүмкін бе? Құрметті оқырман, сіз үшін өткен күндердің парағын бір ақтарып көрейік...

604

 

Мәскеуде қызмет етуден бас тартты

«Дядя Сережа» атанып кеткен кеңестік милиционер Саидакбар Сатыбалдиев Сайрам ауылында туып өскен. Бозбала шағы Ұлы Отан соғыс өртіне шарпылған сарбаз. Қызылтулы 311-ші атқыштар дивизиясының құрамында Калининград, Волховск, Белорусь майданында болған. Соғыстағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін», Варшаваны азат ету, Германияны жеңгені үшін сияқты көптеген медальдармен наградталған. Уақыт өте келе ерен еңбектің үлгісін көрсеткен азамат «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталады.
Соғыстан елге жеңіспен оралған сарбаз еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастайды. Кейін сол кездегі мемлекеттік автоинспекцияда (МАИ) қызмет етеді. Әріптестерінің айтуынша, Сатыбалдиев өзінің жүрек қалауын дәл осы жерден тапқан. Оның жол-көлік қозғалысын реттеудегі ептілігі жайлы аңыз әңгімелер көп. Ол тұратын сол кездегі Сталин даңғылы (қазіргі Тәуке хан даңғылы) мен Советский (қазіргі Қазыбек би) көшесінің қиылысында көлік нөпірі о бастан-ақ көп болған сияқты.

606


– Ол кезде жол ережесін бұзған жүргізушіге салынатын айыппұлдың көлемі 1 сом (рубль). Автоинспектор С.Сатыбалдиев «ризалықпен беріп тұрмын...» деп 3 сом ұсынған жүргізушілерге міндетті түрде 2 сомын қайтарып береді екен. «Штрафты» мемлекеттік есеп-шотқа аударып, жүргізушіге түбіртек ұстатады. Айыппұл төлейтін ақшасы болмай қалғандарды «келесі жолы байқап жүр» деп ескертумен жібере салатын көрінеді. Ұяты бар жүргізуші келесі жолы ереже бұзбауға тырысады. Осындай кеңдігі мен адалдығы, түсінігі мол болғандықтан жүргізушілер
Саидакбар ағаны «дядя Сережа» деп атап кеткен, - дейді ішкі істер органдары ардагерлерінің Шымкент қалалық кеңесінің төрағасы Сержан
Тұрсынбеков.
Ал қаланың байырғы тұрғыны Галина Бякова өз естелігінде былай дейді: «Біз елуінші жылдардың соңында бала болсақ та Сталин және Советский көшелерінің қиылысындағы осы бір инспектордың қимыл-әрекетіне тамсана қарап тұратынбыз. Ол өз ісінің нағыз шебері болатын. Содан да болар, біз қатарлы балалардың арасында «өскенде дядя Сережадай боламын» дейтіндер жиі кездесетін».
Алпысыншы жылдардың ортасында Мәскеуде көше қозғалысын реттеушілер арасында Одақтық байқау өтеді. Ию-қию көлігі көп үлкен қаладағы жол қозғалысын реттеп беріп, жүргізушіге дұрыс бағыт көрсету сынға түскен жарыста С.Сатыбалдиев бірінші орынға ие болады. Алайда, қызды төрге оздырып, әйелге деген құрметі дәйім жоғары Қазақстаннан, оның ішінде Шымкенттен барған инспектор өзінен кейінгі орынға жайғасқан украриндық автоинспектор қызды сыйлап, «менің орнымды осы қызға берсеңіздер екен» деп байқау қазыларына қолқа салыпты. Жігіттік мәрттігіне тәнті болғандар өтінішін орындап, С.Сатыбалдиевқа бұйырған екінші орынның жүлдесін қомақты еткен көрінеді. Астына су жаңа «Москвич» көлігін мінгізіп, «Мәскеуге қызмет етуге кел» деп шақырады.
Ол кезде кейіпкеріміздің алыстағы ауылда, Сайрамда бес бала -шағасы бар болатын. Отағасының бір айлығына қарап отырмай, бау-бақшада картоп, пияз өсіріп, сиыр сауып отырған жан жары Тұрсынайдың Мәскеуге келе қоймасы тағы белгілі еді. Соны ойлаған Саидакбар көкеміз Мәскеуде қызмет ету ұсынысынан бас тартты.
Есесіне «дядя Сережаны» қуана күткен шымкенттіктер көп еді. Ілгері уақытта Сталин даңғылы бойындағы көпқабатты үйлерде тұрған азаматтардың естелігін тыңдасаңыз, тіптен, таң қаласыз. Саидакбар аға қысты күні түнделетіп қар тазалаушы мекемеге барып, арнайы көлікке құм артып келеді. Көше тазалығына жауапты қызметші қар күреп жатса, «дядя Сережа» құм сеуіп жатады. Сонда «мен МАИ инспекторымын» деп керілмей, ел ұйқыда жатқанда таңмен таласып жолды тазартып қояды екен.

«Сережаға тиіспеңдер!»

1967 жылы маусымдағы оқиға байырғы шымкенттіктердің әлі есінде. Көнекөздердің айтуынша, айықтырғышқа түскен жүргізушіні ұрып-соққан милиционерге деген ызадан қаладағы бүкіл жүргізуші көтеріліске шыққан. Ауыр соққыдан көз жұмған жүргізушінің әйелі мен артында екі баласы қалған. «Бұларды енді кім асырайды?» деп ашуға булыққан жүргізушілер көшелерді жауып, тәртіпке шақырған милиция қызметкерлерін соққыға жыққан. Ашынған жүргізушілер жан-жақтан қаланың басты көшесі Сталин даңғылына жиналғанда әріптестерінің бірі қиылыста қозғалысты реттеп тұрған Саидакбарға «посты тастап тезірек кет. Мыналардың екпіні жаман. Сені де оңдырмайды» деп хабар беріпті дейді. «Басқа түскенді көріп алармын» деді ме, «дядя Сережа» сол бойы өзінің жұмыс орнын тастамайды. Керісінше мейірімді милиционерге деген құрметі жоғары жүргізушілер бір-біріне «дядя Сережаға тиіспеңдер!» деп хабар береді. Елді алаңдатқан оқиғаны мың түрлендірген тағы бір әңгімеде «сол жолы «дядя Сережаны» көтерілісшілер өздері қорғап тұрыпты. Үйіне дейін ешкімге тигізбей шығарып салыпты» деп те айтылады.
Әрбір аңыз әңгіменің негізінде шындық бары белгілі емес пе?!

Генерал Қалменов жасатқан тізім

Шымкенттегі бұл оқиға ел билігін ғана емес, сол кездегі орталық Мәскеуді де алаңдатады. Тез арада тәртіп орнататын адамды табу керек болады. Осылайша министрлік облыстың бас милиционері етіп Құлахмет Қалменовты тағайындайды.

607


Милиция генерал-майоры Құлахмет Дүйсенбекұлы Қалменовтің есімін Мәскеу төріндегілер мақтанышпен ауызға алатын. Онысы негізсіз емес.
Қ.Қалменов КСРО ішкі істер министрлігінің Мәскеу жоғары офицерлер мектебін үздік бітірген түлектердің бірі. Ішкі істер саласында қызмет атқарған 44 жылының тең жартысында бірнеше облыста милиция бастығы (қазіргі полиция), облыстық ішкі істер департаментінің басшысы болды. Кейіннен «Шымкентте тәртіп орнатқан адам» деген атпен танымал болған Қ.Қалменов саланың нағыз білгірі еді. Темірдей тәртіпті талап етуші Құлахмет Дүйсенбекұлы ішкі істер органдарына білікті кадр дайындау мәселесіне де жіті көңіл бөлгендігімен есте қалды. Оның тікелей ұйытқы болуымен Шымкентте КСРО ІІМ орта арнайы басшы құрам дайындау мектебі ашылған.
Сол Қалменов ішкі істер органынан зейнеткерлік демалысқа шыққан соң ішкі істер органдары ардагерлерінің Кеңесін басқарды. Бір күні кеңестегі орынбасары ішкі істер органының ардагері, подполковник Абдували Абдухалиповты шақырып, көзі тірісінде полицияда жемісті еңбек еткен он шақты азаматтың тізімін тез арада жасауды бұйырады.
– Генерал маған «Тізімге енетіндердің абыройлы болғанын ескер» деді. Қызметіне адал болған, полиция атағына кір жуытпаған азаматтардың тізімін түнімен ойланып жаздым. Он адам емес 17 болып кетті. Өздері өмірден өтсе де, артында жақсы аты қалған кілең сайдың тасындай азаматтар еді. Қысқартатын болса деген оймен тізімді қаламсаппен жазған қолжазба күйінде көрсеттім. Генерал «бәрі де лайықты азаматтар екен, тізімді қысқартпа, осы күйінде әдемілеп машинкаға теріп әкел» деді. Сол тізім менде әлі сақтаулы, - деген Абдували Абдумаликұлы архивінен екі бүктелген қағазды көрсетті.
Облыстық ішкі істер ардагерлері атынан генерал-майор Қ.Қалменов сол кездегі облыс әкіміне хат жазып, тізімдегі азаматтарға лайықты құрмет көрсетілуін сұрайды.

605


– Білесіз бе, біздің генералдың абыройы өте жоғары еді. Сол хат әкімге жетісімен маған Шымкент қалалық әкімдігінен жауапты қызметкерлер хабарласып, ұсынылған азаматтар туралы толық мағлұмат сұрады. Сөйтті де «әсіресе, Сайдакбар Сатыбалдиевтің есімі аталғанда әкімдіктегі комиссия мүшелері түгел орындарынан тұрып қол шапалақтап, «бұл кісіге ескерткіш тақта аздық етеді, еңселі ескерткіш орнату керек!» деп ұсыныс айтты. «Лажы болса, сол ескерткіштің нобайын жасай беріңіздер» деді. Біз іске бірден кірістік, - деген Абдували аға енді архивінен болашақ ескерткіштің сызбасын алып көрсетті.
Мұндай ескерткішке бюджеттен арнайы қаржы бөлінбейтіндіктен, «ақша жетпей қалса» деген оймен бастапқыда бюст түріндегі нұсқасы да сызылған.
Бір қызығы, қалалық әкімдік бұл ескерткішті «дядя Сережаның» өмірлік қызмет орны Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысына орнатуға ұсыныс береді. Сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ж.Күздеубаевтың облыстық ішкі істер бас басқармасының бастығы Р.Өзбекғалиевке жазған ресми хаты бұған дәлел.
Алайда, әкімдік нұсқаған орын жеке кәсіпкердің меншігінде болғандықтан, оның иесі бұл орынға ескерткіш қоюға қарсы болады. Осылайша 2002 жылы басталған іс екі жылдан соң, 2004 жылдың 25 шілдесінде жүзеге асқанымен ескерткіш облыстық МАИ ғимаратының алдына қойылады. Саидакбар Сатыбалдиев ескерткішінің салтанатты ашылуына Қ.Қалменов бастаған сол кездегі өңірімізден шыққан генералдар мен полиция қызметкерлері түгел жиналды.
Полиция қызметкерлері ғана емес, «дядя Сережаға ескерткіш қойылыпты» дегенді естіген жүргізушілер, қаланың қарапайым тұрғындары да жиынға көп келген.
– Күні-түні қызмет бабымен түзде жүретін әкеміз көбіне үйдің бетін көрмей кетеді екен. Бұған ашуланған Сатылхан атам «жұмыс десе өліп кете жаздайсың?! Сол жұмысың саған ескерткіш қояды дейсің бе?!» дейді екен. Қария баласының күн ұзақ түзде жүргенін уайымдағаннан айтса керек қой. Алайда, атамның сол сөзі Құдайдың құлағына шалынып, қарасаңызшы, бүгінде әкемнің аты аңызға айналып, өзі қызмет атқарған мекеме алдында, әріптестері күн сайын қарап өтетін ескерткіші қасқайып тұр. Сондай адамның ұлы екенімді мақтан етемін. Әкем пенсияға шыққан соң өмірінің соңына дейін қоғамдық істерде белсенді болды. Сексенге қараған шағында қайтыс болды, - дейді «дядя Сережаның» ұлы Сайтжамал Сатыбалдиев.

Айтпақшы, генерал Қ.Қалменовтың хатымен әкімге жіберілген тізімдегі 17 полиция ардагерінің бәріне де аудан, қалаларда лайықты құрмет көрсетілген. Ескерткіш тақталар орнатылып, көше аттары берілген.

Ескерткіш өз орнында тұр ма?

Саидакбар Сатыбалдиевке арналған ескерткіштің нағыз орны қазіргі Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшелерінің қиылысқан тұсы дейтіндер аз емес. Мұны полиция ардагерлерінің көбі алға тартуда. «Сол қиылыста өмір бойы қызмет атқарды. Дәл сол сияқты жүргізушілерге жол сілтейтін адам болған емес. Ала таяғын виртуалды қозғалтқанда қимылына көз ілеспейтін. Сондықтан да өткенді еске түсіріп тұру үшін әрі жүргізушілердің ғана емес, тұрғындардың да өмірде осындай адам болғанын үлгі ету үшін «Кең баба» саябағының бұрышындағы қақпа алдына қайта орнату керек» дегенді алға тартады. Енді бір қауым ел «бұрынғы МАИ ғимаратының алдына қойылғаны дұрыс болды. Себебі қайбір жылдардағыдай ескерткіштерге шабуыл жасаушылар көбейсе, тіпті металға өткізу үшін кесіп алушылардан зардап шекпей «дядя Сережаның» ескерткіші бақылауда, әріптестерінің көз алдында аман-есен тұр» дейді.
– Егер көпшілік ескерткішті Саидакбар аға қызмет еткен көше қиылысы маңына қайта орнату керек деп жатса, неге қолдамасқа?! Жалпы көзі тірісінде зор құрметке ие болған мейірімді де адал милиционердің ескерткіші қай жерде тұрса да ел оған зор құрметпен қарайтынына сенімдімін, - дейді полиция ардагерлерінің Шымкент қалалық кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков.
Лайым солай болсын! Қалғаны уақыт еншісіндегі шаруа. Ал, біз сізге тағы бір ескерткіштің сырын ақтардық, оқырман.