Мейірімді полицей Избранное

Среда, 04 Ноябрь 2020 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2231 раз

Учаскелік инспектор Азамат Қабұлов көше кезіп жүрген үш балақайды бұған дейін де бірнеше рет көрген. «Аулаға ойнауға шыққан болар» деп топшылаған алғашында. Дегенмен, жұпыны киімдеріне қарап, жүрегі шым ете қалғаны бар. Енді, міне, тағы да көше кезіп, сол үшеуі қайыр сұрап тұр. Бажайлап қараса, қазақтың қара домалақ балалары. Тәртіп сақшысы мән-жайды анықтауға тез-ақ кірісті. Қайда тұратынын, не үшін ересек адамның қарауынсыз көшеде жүргенін сұрап, балақайларды жетектеп, үйлеріне барды. Бұл үшеуінен бөлек үйде тағы да кішкентай қыз бар екен. Жоқшылықтың зардабын әбден-ақ тартқан отбасының тұрмысы көзге көрініп-ақ тұр.

800

 

Азаматтың көмейіне өксік тығылды. Балақайлардың жәудіреген көздері, жылы сөз күткен жанарлары жаутаңдайды.
Тұралаған тұрмыстан әбден қажыған келіншекке жүрегі шымырлап тұрып, «Балаларыңызға бас-көз болыңыз. Бірнәрсеге ұрынып қалмасын» деген ескертуді әзер жеткізді.
Шымкент калалық полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Азамат Қабұлов өз учаскесіндегі әр үйдің, әр ауланың тыныс-тіршілігімен жақсы таныс. Аумақтағы ахуал, қоғамдық тәртіптің сақталуы жіті назарында.
Десе де мына бір жағдай жан-дүниесінің астан-кестеңін шығарды. Көше кезген бүлдіршіндердің киер киімге, ішер асқа жарымай жүргендері айтпаса да түсінікті еді. «Не істесем екен? Қалай көмектессем екен...» Азаматты осы сауалдар мазалай берді.
Мейірімді жанның шын қысылғаны анық. Жақында Асар шағынауданынан ипотекаға баспана алған. Қолында анасы, үш баласы бар. Үйді асыраушы өзі ғана. Артық табыс көзі жоқ. Бірақ, мына бүлдіршіндерге де көмектескісі келеді. Иманды жанға Алланың берері де аз емес қой. Азамат өз ойымен толғанып жүргенде адал қызметі, жауапты ісі үшін басшылық тарапынан бір айлық көлемінде сыйақы тағайындала кетпесі бар ма?!

801


Тығырықтан шығар жол тапқанына қуанып кетті. Сыйақыны ала сала әлгі көше кезген үш бүлдіршінді, олардың үйінде отырған кенже қарындасын жетектеп, балалар киімін сататын дүкенге тартып отырды. Әрқайсысына өзіне шақ киім-кешек әперді. Әдемі киім киіп, айнаға қарап, жүздері бал-бұл жанған балақайлардың сол сәттегі қуаныштары ұзағынан болуын қалады. Сөйтті де Азамат енді балақайларды қаланы аралатып қыдыртқысы келді. Шымкенттің көрікті аймақтарына, саябақтарға апарды. Өздеріне осынша қамқорлық жасап жүрген мейірімді полицейге дән риза болған балақайлар «Көке, сізге рақмет!» деумен болды. Азамат үшін бұдан үлкен алғыс, бұдан қымбат сыйақы жоқ.
Ішкі істер органында 2012 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ол полицей болуды бала күнінен армандаған. Оқушы кезінде мектепте өтетін түрлі іс-шараларда тәртіп сақшасының рөлін ойнап, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша мектепте полиция қызметкерлерімен өтетін кездесулерден үлкен әсер алып қайтатын. Бала күнгі арманы, ең алдымен, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарында қызмет атқарып келуге жетеледі. Сосын колледжде білім алды. Енді, міне, қазақ полициясында абыроймен қызмет атқарып жүр.
Азамат Маратбекұлы Шымкентте туып-өскен. Бір үйдің жалғыз ұлы. Кейде былайғы жұрт «асфальтта өскендердің тәлім-тәрбиесі басқаша болады. Мейірімсіздеу болады» деп те жатады. Дегенмен, бұл пікірдің Азаматқа еш қатысы жоқ. Ол анасының бетіне қарсы келген емес. Қаланың баласымын деп беталды көше кезіп кеткен жайы жоқ. Қолы тисе, отбасына көңіл бөлгісі кеп тұрады. Әттең, мұндай кездер сирек болады. Көбіне өз учаскесіндегі өзгелердің үйінде тыныштық болуын, балалар жылап, ата-аналары жанжалдасып, көршілер айтысып қалмауының күйін күйттеп жүргені.
Учаскелік инспектордың басынан талай қызықтар өткен. Биылдың өзінде жыл басталар басталмас тұста Спорт шағынауданында ішімдікке сылқия тойған бір азамат қосулы тұрған кондиционердің ішіндегі қосалқы бөлшектерді алмақшы болады. Ойы түсті металды пұлдап, тағы да ішімдікке жұмсау. 380 вольтті тоқ соқса, әлгінің жағдайы тіптен қиын болары сөзсіз еді. Мас көршінің мазаны алып жатқанын тұрғындардан ести сала Азамат әріптесі Дінмұхаммед Бекболатұлы екеуі айтылған мекенжайға тез-ақ жетті. Қос полицей әбжіл қимылдап, әлгіні қайғылы жағдайдан аман алып қалды. Ұрлық жасауына да жол бермеді.

802


Учаскелік инспекторлар, полиция майоры Дінмұхаммед Бекболатұлы мен полиция капитаны Азамат Маратбекұлының бұл ісіне риза болған тұрғындар алғысын айтып, тұрғындар атынан арнайы мақтау қағазын жасатып табыс еткені бар. Бұл – олар үшін құнды марапат. Баға жетпес құрмет. Сол үшін де өз істеріне жауапты, адал болуға тырысады.
Арамызда осындай мейірімді жандар бар. Жасыратыны жоқ, көпшіліктің санасында полиция қызметкерлері туралы жағымсыз қасаң түсінік жатталып қалған. Оған кейбір погондылардың парықсыз іс-әрекеттері негіз болып жататыны да жасырын емес. Дегенмен, ішкі істер органдарында өз ісіне адал, Азамат секілді жандар да жетерлік. Олар өз кәсібіне ғана емес, азаматтық болмысына, ар-ожданына кір келтірмеуді басты мақсат санайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Азамат
Қабұлов – дәл осындай жан.