Оңтүстіктің абызы Избранное

Пятница, 13 Ноябрь 2020 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1715 раз

Дүниеге біреу келіп, біреу кетіп жатады. Мағыналы да, мәнді ғұмыр кешкен әр адамның өмірде қалдырған өз орны, ізі болады. Ондай жан, әлбетте халықтың қалаулысы, әрі қадірлісі болары анық.

sasbukayev-217x300Міне, сондай тұлғалы азаматтардың бірі де, бірегейі – Әділ Сасбұқаұлы дер едім.
Мен Әділ ата туралы жас кезімнен біліп өстім. Жұмыс болғаннан соң көп адамдармен араласып, қарым-қатынаста боласың, кейде олардың пікірін, ойын, тіпті әңгімелерін есітіп, ойға қалатыным бар. Әсіресе, әрбір басшының ұйымдастырушылық, көрегенділік, алдын ала болжай білетін қасиеттерін, қиын сәттерде жол тауып кететін тапқырлығы мен табандылығын көріп, марқаясың.
Осы тұрғыдан алғанда Әділ ата нағыз білікті де, білімді басшы болғаны ақиқат. Ол кісі жайлы әңгіме қозғала қалса, әйтеуір бір жақсы қасиеті айтылатыны сөзсіз.
Соның айқын көрінісіндей, ата-салтымызды сақтап, өзгелерге имандылықтың үлгісін көрсете отырып, қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде әкесі жатқан орынды қарайтып, белгі қоюдағы мақсатты ісі кімді болса да тәнті еткені белгілі.Осы өнегелі ісі үшін Әділ атаның басы талай бәлеге шатылды. Бірақ, оған мойымады, істеген ісінің дұрыстығына сенді.
Әділ ата елін, жерін, халқын жан-тәнімен сүйе білді. Барлық уақытта осы жайларды ойлап, бар күш-жігерін, өмірлік тәжірибесін, білімін сарқа жұмсады. Облысымыздың экономикалық және әлеуметтік дамуына баға жетпес үлес қосты. Ол кісі кезінде бір қатар аудандарды басқарды, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет атқарды. Осы жылдарда ұйымдастырушылық қабілеті мен білімдарлығын, үлкен парасат иесі екендігін шын мәнінде танытты.
Жоғарыда айтқанымдай, Әділ ата елінің, жерінің тағдырын терең ойлаған азамат. Кеңес өкіметінің сұрқия саясаты қылышын жалаңдатып тұрған шақта Қазақстанның түстігіндегі жері шұрайлы Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары әділетсіз түрде Өзбекстанға қарап кеткенде, бұл жайға қатты ашынған. Мұндай жөнсіз іске тұтас қазақ халқы қарсы болған еді. Бірақ, жоғарыда отырған шовенист басшылар халық пікірімен санасуды қойған еді. Осыған іштей налыған Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы
Д.А.Қонаев Әділ атамен астыртын хабарласып, Өзбекстанға қарап кеткен осы үш аудан туралы толық мәлімет беруін тапсырғанда, Сасбұқаұлы бұл іске жанын сала кіріседі. Мұның өзі сол кездегі қиын жағдайды ескергенде үлкен ерлік еді.
Әділ Сасбұқаұлы елдің ынтымағын, бірлігін көп ойлайтын. Кейде ағайындар арасында түсініспеушілік жағдайлар туындап жатса, ол кең отырып сөйлесіп, оларды ынтымаққа, бірлікке шақыратын. Осындай жағдайлардан соң араздасушылар өз қателіктерін түсініп, қайта ынтымақтасып кететін. Мен мұның талай рет куәсі де болғаным бар.
Соңғы кездері баспасөз беттерінде Әділ Сасбұқаев жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Мұның да өзіндік жөні бар. Еліне қалтқысыз қызмет атқарған Әділ атамыз өмірден өткенімен, оның артында өшпес із қалды. Елі үшін, туған жері үшін жаралған, үлкен жүректі абзал жанның жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын. Ә дегеннен алғашқы сөзін...
– Айналайын, қалқам, – деп бастаушы еді, жарықтық.
Ол кісі туралы жазылған естеліктерді оқып отырсам, кімге көлеңкесі түспеген, кімге қол ұшын бермеген, шын көңілден шыққан жылы сөзінің өзі неге тұрады?!
Ер-жігіттің басында әртүрлі жағдайлар болады екен. Әлі есімде, менің басымнан да көңілсіз күндер өтті. 1998-жылдың шілде айы болатын. Ауданда басшылар өзгерген. Ойламаған жерден аудан басшысы шақырып алды да;
– Сіз бұл қызметте он жылдан астам отыр екенсіз, жоғарыдан тапсырма бар, басқа қызметке ауыстырамын, – дегені. Өмір болғаннан соң бұндай жағдай болады әрине. «Ондай болса, мейлі» деп, арызымды жазып, қызметтен кеттім. Құдайға шүкір, денім сау, екі қолға бір жұмыс табылар деген оймен өз шаруаммен айналысып жүргенмін.
Бір күні жұбайым Балнұр:
– Жөке, Сізді бір ағай телефонға шақырып, жатыр, – деді. Келіп телефон тұтқасын көтерсем, арғы жақтан;
– Айналайын, қарағым Жорабекпісің? – дегені.
– Иә, Әділ ата. Сізбісіз. Аманбысыз. Мен ғой, мен, – дедім.
– Жорабек қарағым, үй-ішің аман ба? Денсаулығың дұрыс па? Үйде тып-тыныш жатқаның жараспайды. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген.
Одан да етек-жеңіңді жиып, қызметке тұру жағын қарастыр. Сенде білім де, білік те жетеді. Осыны саған ескертейін деген едім, – деп Әділ ата телефон тұтқасын қоя салды.
Атаның сөзінен кейін ішім жылып сала берді. Бойыма қуат біткендей. Бір ауыз сөздің құдіреті қандай десеңізші... Иран халқының «Бір ауыз сөзбен дос табуға да, бір ауыз сөзбен жау табуға да болады», деген мақалы есіме түскені.
Мұны Әділ атаның парасатты да өмірлік көрегендік, әрі жанашырлық құдіреті деп түсіндім. Міне, содан бері арада біраз жылдар өтті. Тағдыры тұлғалы, санасы биік Әділ Сасбұқаев атамыз да өмірден озды. Бірақ, сол кездегі айтқан бір ауыз жылы сөзі күні бүгінге дейін жадымнан шығар емес.
Ол кісі бос уақытын тиімді пайдалана білетін. Зейнетке шыққаннан соң өткен өмірім өзгелерге үлгі-өнеге болсын деп «Өткен күннен белгі көп» деген кітабын жазып, жарыққа шығарды. Жасы 75-ке келген шағында өмір жолына қайта үңіліп, қолына қалам алып, естелік кітап жазғанына таңдандым, әрі құптадым. Тілі жатық, оқуға жеңіл бұл кітапты оқып отырып, Әділ атаның өнегелі өмірі мен еңбек жолындағы ізденістері, уақыт ағымына сай болашақты болжай біліп, көрегенділікпен ел басқарып, талай басшы қызметтерге сатылап өскенінің куәсі боласың.
Әсіресе, Шымкент облыстық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде Әділ Сасбұқаұлының облыс көлемінде атқарған қызметі елеулі болды. Сол кезеңде Мырзашөл өңірін игеру қолға алынып, құмды өлке гүлді өңірге айналды. Бұғауланған Сырдария өзенінің аңғары игеріліп, шаруалардың тірлігі оңға басты. Елдің еңсесі көтеріліп, табысы еселене түсті.
Әдекеңнің өткен өмір жолына үңіле түссең, шаруашылықты ұршықша иіргенін, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған жылдары, облыс шаруашылығын жаңа сатыға көтеріп, жоғары органдардан үлкен марапаттауларға ие болғанына тәнті боласың.
Қазақ ССР-і Жоғары Советінің депутаттығына үш мәрте,
Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшелігіне бір рет сайлануының өзі үлкен мәртебе емес пе?!
Ә. Сасбұқаевтың естелік кітабынан көп жайды ұқтым. Көңілге түйгенім сол, қоғам өткерген дәуірді өшіріп тастай алмайсың. Өйткені, ол – тарих. Әділ атамыз осы ойды дөп басыпты:
– Бүгінде өткеннің бәрін майлы бояумен бірақ сызып тастау әдетке айналып барады. Сонда деймін-ау, өткен кезеңде ешкім жұмыс істемесе, басшылардың бәрінің пиғылы теріс, тек қара бастарының қамын ойлаған болса, осыншалықты дәулет, тұрмыс қайдан пайда болды?!
Қаншама қалалар мен ірі өндіріс орындары бой көтерді. Әрине, бір қолдың бес саусағының біркелкі болмайтындығы сияқты басшылар, жалпы адамдар да әртүрлі болады ғой. Бірақ, мен айтар едім, біз еңбек еткен тұста сол әркелкі адамдардың өзі жұмылып, жұмыс істейтін бес саусақтай түйіліп, бір жұдырық болып іс-әрекет етті, – деп жазған еді ол кісі өз кітабында.
Әділ атаны танығалы бері біреуге дауыс көтергенін, біреуді жамандап ғайбат сөз айтқанында естіген емеспін. Өсектің өршіп, өтіріктің өртеп тұрған, азаматтың өскенін емес, өшкенін, ақылдыны алалап, жақсыны жаралап жатқан кезеңдерде жаманды жамау етіп, жақсыны жалау етіп биліктің биігіне шыққандардың талайын көрген кезде Әділ ата ондай пендешілікке барған емес. Ол кісі затында пендешіліктен ада адам еді. Осындай тұлғалы кісілерді «Оңтүстіктің абызы» деп мақтанышпен айтуға әбден болады деп ойлаймын.
Елі дегенде елжіреп тұратын, саналы ғұмырын елдің бірлігі мен ынтымағына арнаған екі майдан ардагері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Созақ, Қазығұрт аудандарының және Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Әділ Сасбұқаұлының еңбегін елеп, ескерген елі, жұрты шырайлы Шымқала – Шымкенттің қақ ортасына еңселі ескерткішін орнатты. Егер Алла ұзақ ғұмыр бергенде ол кісі биыл 108 жасқа толар еді.
Ұлағатты тұлғаларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы деген осы емес пе?!

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,
Қазақстанның
«Құрметті журналисі»

 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.