ОТАНЫ ЖАҢАША ӘДІСПЕН ЖАСАЙДЫ Избранное

Пятница, 20 Ноябрь 2020 03:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 389 раз

Шымкент қаласының дәрігерлері науқасқа психологиялық тұрғыдан ауыр тиетін отаны жаңаша әдіспен жасауда. Қалалық онкология орталығының мамандары сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерге маммопластикалық отаны тегін жасауда.

833

 

Бұл жаңашылдық жыл басынан бері медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылып келеді. Осы уақытқа дейін бұл ота ақылы болатын. Осылайша маммология бөлімшесінде әлемнің тек алдыңғы қатарлы клиникаларында ғана жасалатын маммопластикалық оталар жасалуда.
Дәрігерлер жуырда ғана осындай отаны обыр дертіне шалдыққан 32 жастағы әйелге сәтті жасап шықты. Науқастың оң жақ сүт безінен қатерлі ісік анықталған еді. Операцияның алдында ол 8 курс химиотерапия емін қабылдады. Ота кезінде хирургтар қолтық асты лимфа түйіндерін, тері мен емізікшені сақтай отырып, сүт безінің қауіпті тұсын хирургиялық жолмен алып тастады. Одан кейін арқадағы жалпақ бұлшық етін алып, көкірек тұсына пластикалық жолмен тігіп берді.
Мұндай отаның артықшылығы – әйелдің сүт безі толық алынып тасталмайды, яғни, психологиялық тұрғыда ешқандай жарақат алмайды. «Екіншіден, имплант немесе эндопротездерді сүт безінің орнына қойғанда, бөгде заттың іріңдеуі немесе бөгде затты ағзаның қабылдамауы деген асқынулар болмайды», - дейді мамандар.
– Бұған дейін сүт безінің ісігіне шалдыққан науқастардың сүт безін толық алып тастайтынбыз. Бұл, әсіресе, жас қыздар үшін психологиялық жарақат ретінде өте ауыр тиетін. Ал жаңа әдістің нәтижесінде науқас әйелдердің көкірегін қайта қалпына келтірудеміз. Бұл отаның импланттан тиімді тұстары көп, - дейді орталықтың маммология бөлімінің меңгерушісі Ербол Оңғарбаев.
Айта кетейік, қалалық онкология орталығының мамандары жыл басынан бері қатерлі ісікке шалдыққан 35 науқасқа маммопластика отасын сәтті жасап шықты. Дәрігерлердің айтуынша, маммопластикадан кейінгі оңалту әдеттегідей ұзаққа созылмайды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.