ҚАУЕСЕТ ПЕН ҚАҢҚУ СӨЗ вирустан да қауіпті Избранное

Среда, 25 Ноябрь 2020 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 420 раз

Инфодемия

Шымкент қаласының әкімдігі мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы бірлесе отырып өткізген «Инфодемияның екінші толқыны: алдын алу мен сақтану жолдары» атты онлайн-конференцияның модераторы, филиал төрағасы Ғалымжан Елшібай осылай деді.
Иә, қауесет пен қаңқу сөз ел ішінде қашан да болған ғой. Хәкім Абай қырқыншы қара сөзінде «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?» дейді. Арада ғасырлар өтіп, ақпаратты таратудың жолдары мен әдіс-тәсілі өзгерсе де жұрт сол баяғы қалпы әлі де жалған ақпаратқа, фейкке иланғыш-ақ.
— Короновирустың екінші толқынының басталуы инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттар эпидемиясының басталатынын білдіреді. Инфодемияның басты қаупі – жұртшылық жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалады. Мұндай жағдайға түскен адам дәрігерлердің кеңестеріне құлақ асуды қояды. Ал бұл бәрінен де қауіпті, – деді конференция модераторы.
Мамандар пандемия кезінде көрінеу жалған ақпараттың БАҚ пен әлеуметтік желіні жайлап алуы үлкен қатер дейді. Енді одан қалай сақтанбақ керек? Конференция барысында салаға жауапты лауазым иелері, тәжірибелі, кәнігі журналистер осы сауалға жауап беруге ұмтылды. Бүгін біз осынау тұщымды ой-пікірлердің бірқатарын топтастырып, оқырман назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.

uiIetbSbШыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

— Пандемия кезінде адамдар жалған ақпараттан қалай сақтана алады деген тақырыпта бірқатар зерттеумен танысып шықтым. Сонда ұққаным, фейктердің пайда болуына, тез таралуына танымал адамдар «үлес» қосады екен. Өйткені, бұл адамдар қанша танымал болғанымен, осы саланың маманы емес. Олар да бір жерден оқығанын, танысынан естігенін айтуы мүмкін. Ал қоғам оның сөзіне құлай сенеді. Сөйтіп, соның айтқанын істеп, іш дегенін ішіп, істе дегенін істеп жүріп өз денсаулығына қауіп төндіреді.
Міне, осы жерде жалған ақпараттан сақтанудың бірінші ережесі көрінеді. Ол — ақпарат берушінің біліктілігіне мән беру. Сізге бұл ақпаратты кім беріп тұр? Оның сондай ақпаратты сауатты жеткізуге, Сізге кеңес беруге білімі, біліктілігі мен тәжірибесі жете ме? Көршіңіз айтқан сөзге сену керек пе, дәрігер айтқан сөз дұрыс па? Осыны ақылға салып саралаған жөн.
Көп адамның бойында вирусқа қарсы иммунитет жоқ, сондықтан короновирус олардың денсаулығын нашарлатып жатыр. Тап сол сияқты көбіміздің бойымызда жалған ақпаратқа қарсы иммунитет жоқ. Сол себепті өтірікке шындай сеніп, өз денсаулығымызға зиян келтіріп жатамыз.
Екіншіден, мына ақпараттар тасқыны дәуірлеп тұрған уақытта ақпаратты тегін алу – қауіпті. Орыстардың «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген мақалы бар ғой. Сол айтқандай, ол хабар соншалықты сенімді әрі пайдалы болса, неге желіде тегіннен тегін таралып жатыр?! Осыған да мән беру керек. Кәсіби маманның кеңесін тыңдап, нағыз шынайы ақпарат алғыңыз келсе, оны сатып алған жөн. Сенімді ақпарат көздеріне, мерзімді баспасөзге немесе ақылы сайттарға жазылсаңыз, мамандардың кәсіби кеңесін ала аласыз.
Шынайы ақпарат алудың тағы бір тәсілі — ресми ақпаратқа жүгіну. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі індетпен дәрі-дәрмекті қолдана отырып қана күреспей, шынайы, сенімді ақпарат тарату арқылы да күресу мақсатында бірегей платформа құрғанын айта кеткен жөн. Бүгінде www.covid19shymkent.kz сайты жұмыс істеп тұр. Мұнда әбден мамандардың елегінен өткен, сенімді ақпараттар ғана салынады. Сондай-ақ, 1460 нөмірлі call-орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда да білікті дәрігерлер отырады. Олар қоңырау соққан тұрғындардың барлық сауалдарына жауап беруге әзір.

1556102789 20181214200426Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Медиа альянсының басқарма төрағасы:

— Қазір отандық бұқаралық ақпарат құралдары 3 нәрсеге тәуелді. Олар: рейтинг, қаржы және сыртқы ақпаратқа тәуелділік. Мемлекеттік тапсырыс та, қымбат жарнама да жұртқа танымал, рейтингі жоғары телеарналарға, газеттер мен сайттарға беріледі. Яғни, рейтингке тәуелділік пен қаржылай тәуелділік – өзара байланысты дүние. Бұдан құтылу үшін отандық БАҚ-ты қаржылай қолдау механизмін қайта қарау керек. Бұрын редакциялық қор деген болушы еді, бәлкім, сол әдісті қайта қалпына келтіру керек болар. Одан бөлек, мемлекеттік тілде сапалы жарнама әзірлеу дейтін мәселе де қанша жылдан бері айтылса да шешімін таппай келе жатыр.
Отандық ақпарат саласының осындай жүйелік проблемалары пандемия кезінде анық байқалып, зиянын тигізіп жатыр. Сайттар өз рейтингін көтеру үшін короновирусқа қатысты көрінеу жалған ақпараттарды жұртқа таратып жіберуде. Бұл жағдай қоғамда үрей туғызуда. Бүкіл елді жайлаған үрейдің адамдардың денсаулығына тигізіп жатқан зияны вирустың өзінің зиянынан кем емес.
Біздің журналистер орыс тілінен басқа шет тілдерін білмейді. Олардың шет тілдерін үйренуіне жағдай жасалса, ресейлік ақпарат кеңістігіне тәуелділіктен арылар едік. Сондай-ақ, мемлекеттік тілде сауатты сөйлей алатын, әр саланың жілігін шағып, майын ішетін спикерлер тапшы. Бұл да жұрттың жалған ақпараттарға елітіп, соған еріп кетуіне ықпал етіп отыр.
Орайы келгенде айта кететін тағы бір мәселе, қазір журналистер де індетпен күресте дәрігерлер мен полицейлерден кем еңбек етіп жатқан жоқ. Жұртқа шынайы ақпарат жеткізу үшін елді, қалаларды аралап жүрген тілшілердің өмірі мен денсаулығына үлкен қатер төніп тұр. Қаншама әріптестеріміз бақилық болып та кетті. Алайда, мемлекет осындай қиын да қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатқан журналистерді әлеуметтік тұрғыда қорғауға назар аудармай отыр.

қаппароваАйгүл ҚАПБАРОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі журналист:

— Карантин кезінде жалған ақпаратпен күресте журналистер белсенділік танытты. Әріптестеріміз әр фейкті теріске шығарып, ол ақпараттың жалған екенін жан-жақты дәлелдеп, халықтың көзін жеткізіп отырды. Десе де, карантиндік шектеулерге байланысты отандық журналистикада фактчекингтің кемігені байқалады. Қала берді кейбір мемлекеттік органдар мен жекелеген лауазымды тұлғалар пандемияны сылтауратып, журналистерге ақпарат беруден бас тартқан жағдайлар кездесіп жатты. БАҚ өкілдерінің жұмысын бұлайша қиындатып, құқығын аяққа таптауға жол беруге болмайды.
Қазақ журналистикасында терең, жан-жақты әрі кәсіби сараптамалар жетіспейді. Пандемия кезінде мұның зардабын тарттық. Өйткені, елдегі жағдайды саралап, проблемалардың алғышартын, туындау себебі мен одан шығудың жолдарын көрсетіп бере алатын эксперттер болмады. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында отандық ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары жасалып, Үкіметтің қаулысымен бекітілді.
Жоспарда БАҚ-тарды дамытуға қатысты көптеген мәселелер қамтылған. Мәселен, ендігі жерде мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде бұрынғыдай тек хабарлар мен жаңалықтарға қаржы бөлінбейді. Бұл бағытқа бөлінетін қаржы қысқарып, оның орнына журналистік зерттеулер мен сараптамалық материалдарға қаржы көбірек бөлінетін болады. Ұлттық жоспар осы механизмді біртіндеп қолданысқа енгізуді көздейді. Бұл қазақ журналистикасының дамуына ықпал ететін маңызды қадам деп ойлаймын.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.