Версия для печати

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ Избранное

Пятница, 27 Ноябрь 2020 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1979 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1535016172 article b

Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуына, әлемде өзiндiк орны бар ел болып орнығуына, қарқынды дамуына, елiмiздiң сыртқы және iшкi саясатындағы жетiстiктерiне
ҚР Тұңғыш Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың сiңiрген еңбегi орасан зор. Ел мен Елбасы, Тәуелсiздiк пен Тұңғыш Президент атауы егiз ұғымға айналуы тегiн емес. Мемлекет басшысының тарихи рөлiн, еңбегiн халықаралық қауымдастық та мойындап, жоғары бағалап отыр.
1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Елбасының елге сіңірген еңбегіне шолу жасауды жөн санап отырмыз.

Елорданың Нұр-Сұлтан атануы – тарихи әділеттілік

Өткен жылы 23 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу туралы Заңға және Астананы қайта атау туралы тиісті Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Мемлекет басшысының Астана атауын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есіміне ауыстыру туралы шешімі – тарихи әділеттіліктің орнауы. Бұл бастама ең қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздіктің төңірегіне топтасқан халқымыздың бірлігін бекемдей түсуге сеп болды. Елорданың Нұр-Сұлтан деген атқа ие болуы Қазақстанның тұрақты даму идеясын одан әрі нығайтудың нақты көрінісі.
Ақиқатын айтқанда, Есілдің бойында еңсесі биік жаңа шаһардың бой көтеруі халықтың бойында тәуелсіздікке тән жаңа рухын қалыптастырды, елдің ертеңіне деген сенімді күшейтті. Астанамыздың аршынды қадамдары өңірлердің дамуына да серпін берген қозғаушы күшке айналды. Бүгін, міне, Қазақстан даму жолына, жаңа кезеңіне нық сеніммен қадам басты. Еліміздің алдында жаңа кезеңнің үлкен-үлкен мақсат-міндеттері тұр. Сол жаңа жолға елордамыздың «Нұр-Сұлтан» атауымен ту алып шыққаны өткенге деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының белгісі болып отыр.

Елорда атауына қатысты айтқан алғашқы ұсынысы Президент Қ.Тоқаевтың алысты болжай алатын, ақиқатты көре білетін көреген саясаткер екенін көрсетті. Себебі, Отанымыздың орталығы Астананың Нұр-Сұлтан аталуы қоғам тарапынан қанша жылдан бері айтылып жүрген салиқалы ұсыныс екенін ескермеуге болмас еді. Игі істің уақтылы іске асқаны нұр үстіне нұр болды. Елорданың Нұр-Сұлтан аталуы Қазақстан халқы сенім білдірген, ел алдында жүрген азаматтардың дербес таңдауы. Нұр-Сұлтан – жасампаздық пен үйлесімділіктің үлгісі, ең бастысы – елім деген Елбасы еңбегінің жемісі һәм жеңісі.

 

vlcsnap-2017-04-27-13h30m58s219

 

Адамзатты ынтымаққа үндеген тұлға

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп дұшпандық қару жасар» деген байламы бұдан ғасыр бұрын айтылса да әлі күнге маңыздылығын жойған жоқ. Негізінде кейінгі адасқан ағымдар болмаса, адамзаттың тарихында орны бар ұлы діндердің бәрінің түп негізі біреу-ақ. Ол – ізгілік. Бәрінің де мақсаты – адамзатты жамандықтан қайтару, жақсылыққа шақыру, мейірімділікке баулу. Бірақ, дінді саясаттың құралына айналдырып, соны пайдаланып өшпенділік тарататын, қақтығыстар мен соғыстар туғызатын күштер әлімсақтан бүгінге дейін бір тыным тапқан емес.
Осыдан келіп дінаралық қарым-қатынастар жөнінде таптаурын, қасаң стереотиптер қалыптасқан. Енді ХХІ ғасырда сол стереотиптерді еңсеріп, жаһандық толеранттылық пен түсіністіктің әмбебап формуласын жасау – адамзаттың алдында тұрған ұлы міндет. Елбасы бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында бес рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі осындай ізгі мақсатты көздейді.
Дінбасылардың осынау құрылтайы адамзатты бір діннің төңірегінде топтастыруды немесе олардың арасындағы фундаментальды қарама-қайшылықтарды жоюды көздемейді. Ол мүмкін де емес. Бұл жөнінде 2003 жылы өткізілген алғашқы съезде сөз сөйлеген осы идеяның авторы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан болатын.
Елбасы «Түпкі мақсатты белгілеудің қажеті жоқ, оны белгілеуге болмайды. Біртұтас діни кеңістік құру да мүмкін емес. Орын алып отырған қайшылықтардың барлығын да еңсере алмаймыз, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің түп негізіне қатысты болып жатады. Тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы – көзқарастар мен түсініктердің қарама-қайшылығына қарамастан, жалпыға ортақ мәмілеге келу қажеттігінің маңызын түсіну және оған қол жеткізудің жолдарын іздестіру болып табылады. Ең бастысы, диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады» деп тұжырымдаған еді.
Міне, осы тұжырымның негізінде әр үш жыл сайын тұрақты түрде өтіп келе жатқан съездің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, маңызы артып, мәні тереңдей түсуде. Әр съезде маңызды құжаттар, декларациялар қабылданды. Оның үстіне бірінші съезге әлемнің 13 елінен діни көсемдер қатысса, бесінші басқосуға әлемнің 45 елінен 100-ге жуық делегация арнайы келді. Мұның сыртында съездің институционалды құрылымдары да жетіліп келеді.
Түйіндеп айтқанда, діни көшбасшылардың диалогын құру арқылы әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға үлес қосу жөніндегі Елбасының жасампаз әрі өміршең идеясы – Нұр-Сұлтан қаласын дінаралық, мәдениетаралық қана емес, өркениетаралық үнқатысу алаңына айналдырды.

Елбасы — ядролық қарусыз әлем құрудағы көшбасшы

Қазақстан бүгінде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы және бұл бағытта орны ерекше мемлекет. Адамзатты толғандырып отырған ядролық қару қаупін сейілтуде Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Біздің кең-байтақ даламыздың 19 млн. гектар аумағы 40 жыл бойы ядролық қарудың сынақ алаңына айналғаны бүкіл әлемге белгілі. Атап айтсақ, олар – Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған және тағы басқа полигондар алып жатқан табиғаты әсем де шұрайлы алқаптар. Осының ішінде Семей полигоны ғана көпшіліктің назарында болды. Өзге аймақтар жайлы ақпарат ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келді. Сондықтан ядролық сынақ десе біздің көз алдымызға Семей жұртының қасіреті ғана елестейді.
Осындай алапат сынақ жасалған полигон маңайында өмір сүрудің өзі қорқынышты еді. Ресми мәліметтер бойынша Семей полигонындағы сынақ кезінде 450-ден астам ядролық жарылыс орын алыпты. Оның 120-дан астамы ашық аспан астында жарылған. Соның салдарынан қазақ даласының 300 мың шаршы шақырымы радиацияға уланып, одан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті, су мен ауа ластанды. Адамдардың денсаулығы мен табиғи ортаға орны толмас зиян келді. Кемтар балалар дүниеге келді. Адам ағзасының ауруға қарсы тұратын қабілеті азайып, өмір сүру ұзақтығы төмендеді. Бұдан бөлек, ядролық жарылыстардан кейін улы, ауыр металдар, радиоактивтік элементтердің газ не шаң күйінде тарауынан сол маңдағы өсімдіктер, жабайы аңдар жойылып кетті.
Тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бүкіл әлемге белгілі Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл адамзат өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде қабылданды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан қуаты жөнінен əлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етіп қалған болатын.

 

45

 

Есімі ел тарихында алтын әріппен жазылады

Қыстың алғашқы күнiмен қатар жететін Тұңғыш Президент күнi шын мәнiндегi жалпыхалықтық мерекеге айналды. Өйткенi, басқа емес, тап осы күннiң таңдалып алуының өзiндiк себебi бар. Елiмiз үшiн ең шешушi тұста, яғни, 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтiп, онда Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мемлекетiнiң Тұңғыш Президентi атанғаны белгiлi. Сайлауға қатысқан азаматтардың 98.78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс беру арқылы өздерiнiң тарихи таңдауын жасады.
Содан беріде Елбасының сарабдал саясаты мен қажырлы еңбегінің арқасында тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, тарихымыз түгенделді. Тұңғыш Президент тарихи жауапкершілікті мойнына алып, ел болашағына қатысты батыл, көреген шешімдер қабылдап, олардың өміршеңдігін дәлелдеді. Осы орайда - «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегияларында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген маңызды мақсаттарды айтуға болады. Ал елдің егемендігін айқындап, әлеуметі мен әлеуетін дамытатын шешімдер, атқарылған шаралар қаншама?! Мемлекеттің сыртқы саяси бағытын дәл айқындап, шетелдермен достық қарым-қатынас орната білді.
Елбасының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз ешбір саяси және әлеуметтік-экономикалық күйзелістерге ұшыраған жоқ. Дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды сәтті еңсерді. Дағдарыстар кезінде де тоқтап қалмады. Алға қарай ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты.
Иә, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен мемлекетіміз демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқығын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету салаларында толағай табыстарға жетті. Әрі бүгін біз сөз еткен мәселелер Елбасының тарихи еңбегінің бір парасы ғана. Сондықтан Ұлт Көшбасшысының есімі Ұлы Дала елінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалары ақиқат.

 

А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.