Версия для печати

Жастар жобасы жаңашылдыққа бастайды Избранное

Пятница, 04 Декабрь 2020 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 375 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Заман ағымы той тойлайтын емес, ой ойлайтын уақытқа ығысып келеді. Қазір талантына тамсанып қарайтын ізденімпаз жастардың қарасы қалың. Сөзімізге жуырда өткен ұлттық жобалар байқауы дәлел болса керек. Шымкенттік жастардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бәйгеде бағы жанған үздік бестікті әңгімеге тартқан едік.

9da73718-9002-4f64-81c6-43e20393925cӘлеуметтік, білім, экологиялық, стартап жобалар және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған «Ұлттық жобалар» байқауының жеңімпаздарының бірі – Дәулет Ниязбек. Ол аталған байқауға білім беруге арналған онлайн платформа жобасын ұсыныпты. Жоба авторының айтуынша, қазіргі пандемия кезінде балаларды білім нәрімен сусындайтын платформалар жоқтың-қасы. Ал Дәулет оқушыларға ыңғайлы әрі түсінікті оқу құралын құрастырған. Онда балалар интернет арқылы бизнес жүргізудің негіздері мен ағылшын тілін меңгере алады. Сондай-ақ, онлайн курс арқылы геометрия және алгебра пәнаралық байланысын, география мен биология пәнаралық байланысын оқытады.
– Қазір білімді жастардың уақыты. Бүкіләлемдік пандемия кезінде оқушыларға онлайн платформалар ауадай қажет екені айтпасада түсінікті. «EASY» ақылды мектебі атты жобамды байқауға ұсынып, жеңіске жеттім. Байқауды ұйымдастырған қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, Жастар ресурстық орталығына алғыс айтамын. Бұл жастардың дамуына, өз күшін сынап көруге бастайтын үлкен мүмкіндік, - дейді Д.Ниязбек.
9a1a3b25-df73-461c-b3d9-72307bdf73e7Ал белсенді жас Динар Бенсейтовтің жобасы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған. Ол еліміздегі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында жылыжай жасау технологиясын әзірлеген. Бұл стартап жоба қуат көзін тиімді пайдалануға үйретіп, арнайы қондырғының көмегімен жылыжай жұмысын автоматтандырады. Байқау жайлы әлеуметтік желіден көрген ол жобасы жеңіске жетелегеніне қуанады.
– Шымқала қолынан іс келетін, ойлы да биік рухты, жігерлі де жалынды жастарының көптігімен ерекшеленеді. «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген стреотиптің қалыптасуы бекер емес. Байқау әділ өтті. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды, - дейді жас кәсіпкер.
13f95cc9-7112-44c2-9e05-0aafd7c23064Миллионның жартысын қанжығаға байлаған грант иегерінің бірі – Азиза Құрбан. Ол қалдық заттардың қоршаған ортаға зиянымен күресіп жүрген эковолонтер. Табиғатты ластамауға үндейтін белсенді жеуге жарамды ыдыс ойлап тапқан. Инноватордың сөзінше, жақын болашақта жеуге жарамды ыдыс пластикалық құтылардың орнын алмастырады. Бұл экологиялық таза әрі денсаулыққа зияны жоқ ыдыстар болып табылады. Бұрын ғарышкерлер қолданған эко-құтылар алдағы уақытта базар сөрелерінен орын алмақ.
– Экология адамзаттың зиянынан зардап шегіп жатқанын күнделікті өмірде көріп, естіп жүрміз. Бірақ онымен қалай күресуге болатынын ойлайтындар аз. Өкініштісі волонтерлікті тек сенбіліктерде қоқыс жинау деп түсінетіндер көп. Тазалықты жаным қалайды. Бірақ адамдардың қалған қалдықтарынан жан-жануарларға да айтарлықтай залал келіп жатыр. Онымен қазір күреспесек болмайды. Жобамды жеңіске лайық деп тапқан әділқазылар мен осындай байқаудың өтуіне ұйытқы болған жандарға алғыс білдіремін, - дейді А.Абылайқызы.
Ал Мөлдір Төленбаеваның байқауда бағын жаққан жоба – дамуында тежелуі бар балаларға арналған әдістемелер жинағы. Ол сөйлеу және есту жағынан кеміс туылған ерекше балаларды үш жылдан аса зерттеп келеді. Мөлдір Нұралықызы дамуында тежелуі бар балалардың ата-аналарына арнап парақша жүргізеді. Ұсыныстан сұраныс туып қазір ерекше балаларға арналған ойыншықтар мен түрлі әдістемелер әзірлеп жүр.
c67471d7-1e4a-408a-8ea6-f6d069e451ae– Байқаудың бір ұнаған жері қиыннан қиыстырып ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Бар болғаны өз идеяңды шындыққа айналдырып қағаз жүзінде жазып өткізесің. Қазір кәсіпке бейім, өз ісін ашуға тырысып жүрген жастар көп. Олардың алғашқы қадамдарын жасауға осындай байқаулар түрткі болады деп айта аламын. Ешкім біліп, үйреніп туылмайды. Өмір бізді барлық нәрсеге үйретеді. Ал «Ұлттық жобалар» байқауы қатысушыларға өз қорқынышымызды жеңуге үйретті десем артық айтқандық болмас, - дейді ол.
Байқаудағы инновациялық жобалардың бірі һәм бірегейі талқанхана болғаны рас. Толғанай Тоқташ қаладан талқан сататын арнайы орын ашуды көздейді. Ол жобасы арқылы шаһарға турист тартуға болатынын айтады. Жеңімпаздың жобасы жұртшылықтың қызығушылығын оятқанын да жасырмады.
– Бізде кофе ішу мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда жастардың кофеинге тәуелді болуы денсаулыққа зиян. Өзім талқанға сүт қосып жегенді ұнатамын. Өкініштісі ешбір мейрамханалардың ас мәзірінен талқанды таппайсың. Ал базар сөрелерінде санитарлық талаптарға сай сатылмайды. Оны көргенде тәбетің жоғалады. Өз жобам арқылы осы олқылықтардың орнын толтыратын арнайы орын ашуды қалаймын. Жобада жеңіске жеткеніме әлі де сене алар емеспін. Байқауда түрлі идеялар болды, - дейді Толғанай.
Иә, қарап отырсаңыз жыл санап жастар саясатының дамуына, ел жастарының азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған шаралар жанданып келеді. Бұл бастамалар жастардың жан-жақты қабілетін шыңдайды деуге де толық негі бар. Шырайлы шаһардың шырайын ашатын жастардың жобалары тек елімізде емес, дүниежүзінде сұранысқа ие болатын күн алыс емес.