«ТАПШАН ТУРИЗМІ» һәм САНДЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2097 раз

14

Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Олжас Шынтаев айтады: «Бізде туризм десе, мұхиттың жанына барып демалу деген сияқты қате түсінік қалыптасқан. Ол 1990 жылдары Түркия мемлекетінің Қазақстанға жасаған маркетингтік жоспарының нәтижесі. Әрі Кеңес одағының кезінде туристік слеттар жиі өтетін. Сол жиындардың барлығы дерлік шетелдерде болды. Содан не керек, елден сыртқа шықсақ қана турист боламыз деп қабылданып кетті. Мәселен, 2000 жылдың ортасына дейін көптеген қала тұрғындары Шымкент қаласынан 70 шақырым жерде ұлттық паркіміздің бар екенін білген жоқ. Ал қазір Сусіңгенді, Мақпалкөлді көріп, тамсанып, таңдай қағуда. Себебі, туристік мәдениет енді қалыптасып келеді. Біздің әрбіріміз – осы қаланың турисіміз. Әр күн сайын қаланы жаңа қырынан тани біліп, шаһарымызды қадірлей түсуіміз керек», - деп басқарма басшысы ақжарма әңгімесін бастады.

6d6a7395-c1f9-4771-9d75-a66e1d74d101Иә, күнгейдің туризм индустриясы туралы сөз қозғалғанда «тапшан туризмі» деген тіркестің қылаң беріп қалатыны бар. Яғни, тауға барып, тапшанның үстінде кәуап жеп демалуды, сөйтіп, таза ауамен тыныстауды экотуризммен де байланыстырып айтып жатамыз. Экологиялық туризм десе, сол тау-тастың айналасына қоқыс қалдырмай демалуды ғана ойлаймыз ғой. Әсте, біз қателеседі екенбіз. Олжас Маратұлының сөзімен пайымдайтын болсақ, экологиялық туризм деген экологияны сақтай отырып өзіңнің рекреациялық қажеттілігіңді толтыру екен. Мәселен, ол қажеттілікті кез келген саябақта экологияға зиян келтірмей-ақ толтыра алады екенбіз. Әрине, таудың таза ауасымен тыныстағанға ешнәрсе жетпейді. Ол да үрдіс ретінде дұрыс шығар. Кез келгеніміз өз қаламызда, өз ауламызда отырып-ақ экотурист бола аламыз. Тек экологияға зиян келтірмесек болғаны.
...Туризм басқармасының басшысы бізді сұхбатқа Арбаттағы ақпараттық дүңгіршекке шақырған еді. Шағын ғана дүңгіршектегі мамандардан көп мәліметке қанығуға болады. Биыл Шымкент ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы атануына орай туризм басқармасына артылған жүк жеңіл болмағаны анық. Алайда, бүкіл әлемде пандемия басталды да, жоспардағының көбі орындалмай қалды. Десек те сандық трансформация – туризм саласындағы басты трендтердің бірі. Жаңа технологиялар дамыған ғасырда табысты сала да заман көшінен қалмай келеді. Әлемдегі дамыған 37 мемлекеттің басын қосқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD) мүше елдердегі барлық мекемелердің 77%-да жеке сайттары, 70%-да әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Туризм саласындағылар да сандық технологияның осындай ұтымды тұстарын игіліктеріне пайдаланады.
– Шымшаһар да сандық технологияны туризм саласында оңтайлы пайдаланып жатыр. «Мәдени астана» жылы аясында және қалаға келетін өзге де қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында қаланың ірі көшелерінің қиылысына ақпараттық навигациялық стелалар орнатылды.

 

6


Әлемнің басқа құрлығында отырған адам Шымкент жайлы ақпарат алатын дәрежеге жеттік. Қаламызға National Geographic және New York Times журналдарының танымал фотографы Джордж Штейнмец келді. Фотосуретші Қазақстанның оңтүстігі туралы шығармаларын миллионнан астам жазылушысы бар Instagram парақшасында және өзінің жеке веб-сайтында жариялады. Сонымен қатар суреттер National Geographic және The New Yorker сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрмек.

– Шымкент туралы кез келген адам мағлұмат алатын нақты қандай ақпараттық ресурстарымыз бар?

– Біз сандық технологияны қолдануды өзімізге басты мақсат еттік.
Мен басшылыққа келгенде, Уикипедиядағы ақпарат 2018 жылдан бері жаңаланбапты. Оның бәрін жаңаладық та, Шымкент қаласының жаңа туристік картасын іліп қойдық. Яғни, Шымкент деп жазсаңыз, ең бірінші Уикипедиядағы ақпарат «атып» шығады.
Одан соң https://www.tripadvisor.ru деген үлкен ақпараттық ресурс бар. Ол желінің 500 мыңдай қолданушысы бар. Әлемдегі ең ірі туристік нұсқаушы ретінде белгілі. Сондағы ақпаратты да күн сайын жаңалап отырмыз. Яғни, онлайндағы ақпаратты жаңартып отыру бірінші бағытымыз.
Екінші бағыт сандық технология арқылы карантин кезінде де шетелдік операторларымызға ақпарат жеткізу. Одан бөлек, қалаға келген адамдардың ақпаратты дұрыс әрі бір көзден алуына мүмкіндік жасау керек. Біз «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істеп жатырмыз.
Vizitshymkent деген портал қазір тестілеу режимінде жұмыс істеуде. Әзірге пилоттық жоба. Егер қала тұрғындарының көңілінен шықса ары қарай да істей береді.
Электронды сайттар арқылы біздің басқармамыз да қай мәдени мекеменің не саябақтың келушісі көп екенін, бір сөзбен мекемелердің рейтінгісін жасап отырады. Қазір онлайнда шекара жоқ. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың бәрі бір-бірімен араласып, сөйлеседі. Яғни, виртуалды шындыққа сенеді. Шымкенттің тарихымен таныстыратын қызықты арнайы роликтер дайындап қойдық. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Сандық технологияны қолданып, адамдармен байланыс орнату тиімді әрі ұтымды.

– Қалада карантиндік режимді бұзбай, көңіл көтеруге болатын жағымды эмоцияларға толы әрекеттердің қандай тізімін ұсынған болар едіңіз?

– Әр қала тұрғыны өзін-өзі турист сезініп, қалаға бірінші рет келген адам сияқты серуендеу жағымды эмоция. Әрі денсаулыққа да пайдалы. Тағы бір ұсыныс, 2200 жылдық тарихы бар шаһарымызда көптеген саябақ пен гүлзарлар бар. Туризм басқармасының парақшасында қаланың көрікті орындарына онлайн экскурсиялар ұйымдастырудамыз. Шымкент – нағыз гастрономиялық туризмнің отаны. Біздің ақпараттық дүңгіршекке келсе, барлық ақпаратқа қол жеткізіп, қолына қаланың картасын алып турист болуға әркімнің мүмкіндігі бар.
Шымкент – жаңа мақсаттар, жаңа көкжиектер, жаңа оқиғалар мен жаңа эмоциялар сыйлайтын және де жаңа мүмкіндіктер ашатын Қала!
Шымкент шаһарының ең ескі бөлігінде орналасқан Ордабасы алаңы тарихи және мәдени серуендердің орталығы болып табылады. Бұл қаланың бастауындағы ежелгі қамал, еліміздің рәміздері бар Тәуелсіздік саябағы, Қошқар ата өзенінің қасиетті көзі, кеңес дәуірінің қоғамдық ғимараттары бой көтерген Қазыбек би көшесі, сондай-ақ басқа да көптеген көрікті жерлер. Мұнда жолыңыз түсе қалса, өз сапарыңызды дәл осы тарихи жерден бастауды ұмытпаңыз.
Басты алаң – әрқашанда кез келген қаланың келбеті, ал кейбір алаңдар, тіпті, тұтас бір елдің визиттік карточкасына айналады. Ұзақ уақыт бойы В.И. Лениннің есімімен аталған Шымкент алаңы да осындай алаңдардың бірі, қазір ол қазақ даласының ұлы перзенті, дарынды ойшыл және философ
Әл-Фарабидің атымен аталады. Алаңның қала үшін мәні ерекше, себебі ол басты туристік бағыттар жүретін орталықта орналасқан. Алаң орыс драма театры, Әл-Фараби мен Қазақстан Коммунистік партиясы Шымкент облыстық комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың ескерткіштері сияқты маңызды нысандармен қоршалған.
Оған қаланың жаңа көрнекті орындарының бірі – Бейбітшілік көшесінің жаяу жүргіншілер орамы – Арбат жанасады. Арбат – қала тұрғындары мен қонақтарының серуендейтін сүйікті орны. Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқанына қарай алаң адамның көп жиналатын орталығы болып тұр. Арбат – ерекше келбетті жаяу жүргіншілер жолы және қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының бірі.
Әл-Фараби алаңынан Бейбітшілік көшесі мен Республика даңғылының қиылысына дейін 500 метрге созылған қаланың көрікті жері. Бұл көшенің атмосферасы таңқаларлық, әсіресе кешке, төбеде қалықтаған періштелер, түрлі-түсті қолшатырлар инсталляциясы мен субұрқақтардың жарық шамдары жағылған кезде, тіпті түрленіп кетеді. Арбатта әрқашан көңілді: жанды музыка, флеш-мобтар, би сайыстары, фестивальдар, суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері, көптеген жанға жайлы кофеханалар мен мейрамханалар, кәдесый дүкендері де осында.

– Үшінші мегаполистің туризм саласы тек Шымкенттің төңірегінде дамиды деген бос әңгіме. Шымшаһардың маңайындағы Сайрам - Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, ондағы естен кетпес Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі, Қасқасу шатқалындағы Қасқасу сарқырамасы, Ақсу-Жабағылы қорығы, бәрі де кереметтей туристік мақтаныштарымыз. Ол жаққа туристік бағыттар бізде қай деңгейде ұйымдастырылған?

–Шымкент қаласынан 1 сағаттық, яғни 150 шақырымдық жолдың бойында біршама туристік нысандар орын тепкен. Ақмешіт, Домалақ ана, Ақсу каньоны, Сарыағаш-Ташкент, Отырар, Түркістанымыз бар. Бізде тікұшақ экскурсиясы да ұйымдастырылған. Бір күннің ішінде бірнеше биік таулардың керемет көрінісін тамашалап үлгергіңіз келе ме? Оңтүстік тауларының әсемдігі мен Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағының барлық көркем алқабы ұшар биіктен тікұшақ экскурсиясы форматында да қолжетімді. Ол үшін Шымкент қаласынан ұшып шығып, Сайрам Өгем МҰТС - Мақпал көлі (т.д. 2290 м.б.) - Сусіңген көлі - Шымкент қаласына қайтып оралу қажет болады. Тікұшақ саяхатын «Экспедиция Юг», «Казорггрупп», «Гидмастер» сияқты туристік компаниялар ұйымдастырып бере алады.

– Қалада атты экскурсия қаншалықты дамыған?

– Сайрам-Өгем ұлттық саябағындағы және Ақсу-Жабағылы қорығындағы атты экскурсиялар кеңінен танымал. Тауға бару азаматтарға көбіне қиындық туғызып жатады. Тез шаршап қалады. Тауға шаршамай демалып шығудың өзіндік әдісі бар. Әсіресе, атты экскурсия трендте. Кейде аттың өзі шаршап кетеді. Ұлттық паркте күніне 30-40 ат жұмыс істейді. Олардың бағасы әр кезде әрқалай. Аттың егесінің көңіл-күйіне қарап белгіленетіні бар. Сондықтан, туристер «шошытып» алмас үшін белгілі бір бағаны бекіту қажет.
Атты экскурсиялар белсенді түрде демалғанды жақсы көретін жандардың көңілінен шығары сөзсіз. Атты экскурсиялар ұзақтығына қарай әртүрлі: 2-3 сағаттық және толық күндік серуендеу бар, одан қалса тіпті бірнеше күнге жергілікті гидтермен ат турларын ұйымдастыруға болады. Гидтердің сүйемелдеуімен сіз жылқылармен қарым-қатынас құпияларын білесіз, атпен жүру өнерін меңгересіз және керемет табиғат көріністерін тамашалайсыз.

Последнее изменение Пятница, 11 Декабрь 2020 04:37
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.