ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ – Избранное

Вторник, 15 Декабрь 2020 04:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 382 раз

444 4

Тәуелсіздікті тұғырлы етудің бірден бір жолы

Қазақ ежелден-ақ азаттықты аңсаған, еркіндікті сүйген, бостандық үшін күрескен халық. Тіпті, халқымыздың дүниетанымында еркіндік пен теңдік болмыстың негізі ретінде бағаланады.

Еркіндік пен азаттық идеясы сонау ықылым замандардағы мифтік дәуір оқиғаларынан-ақ бастау алады. Ол байырғы түркілік дүниетаным мен наным-сенімдерде де айшықты орын алды. Ал, тарих шындығына жүгінсек, ғұн мен сақ дәуірінен бастау алған еркіндік рухы түркі халықтарының V–VІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштеріндегі нақыл сөздермен жалғасын тапты. Дешті -қыпшақ даласындағы азаттық сүйгіш сана-сезіммен ұласып, хандар мен билердің, жыраулар мен батырлардың идеяларымен сабақтасып отырған. Айтайын дегеніміз, Тәуелсіздік халқымызды сол еркіндігімен қайта қауыштырды. Басқаша айтар болсақ, Тәуелсіздіктің Қазақ еліне әкелген ең маңызды игіліктерінің бірі — демократия. Қоғамда сөз бостандығының, азаматтық еркіндіктің, зайырлылық пен тең құқықтылықтың дамуы соның айғағы.
Санаулы күндерден кейін Тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам басқалы отырмыз. Осынау мерейлі мерекенің қарсаңында «Қазақстандағы демократияның жағдайы қалай?» дейтін сауал баршаны толғандыратыны белгілі. Әрі бұл мәселенің жыл сайын желтоқсан айы келгенде қызу талқылана бастауының алыс-жақын тарихымызбен байланысты себептері бар екені баршаға түсінікті. Мемлекеттілікті нығайтудың, тәуелсіздікті баянды етудің қоғамды, елді тезірек демократияландырудан басқа жолы жоқ екенін ескерсек, бұл тақырыптың маңыздылығы айқындала түседі. Сонымен, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 29 жыл толып отырған Қазақстанның демократиялану деңгейі қалай?
Байқауымызша, осы сауалға жауап берген кезде көп адам бейтараптық пен объективтілікті ұмыт қалдырып, біржақты кетеді. Оппозициялық көзқарастағы сарапшылар «Қазақстанда демократия жоқ» деп кесіп айтады. Ал, екінші тарап «Еліміз демократиялану жолында керемет табыстарға қол жеткізді, демократияның даңғыл жолына түстік» деп асыра мақтанады. Бейтарап ұстанымды басшылыққа алсаңыз, шындық осы екі пікірдің орта тұсында екенін аңғарар едіңіз.
Біздегі демократияны батыс
еуропалық шөмішпен өлшегісі келетіндер көп. Шындығында ол стандарттар бойынша сараласақ, елімізде демократияландыру үдерісі баяу жүрып жатқандай көрінуі мүмкін. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, бұл жерде Қазақстанның Батыс Еуропада немесе Солтүстік Америкада емес, Орталық Азияда орналасқанын, яғни, шығыс-мұсылман елі екенін естен шығаруға болмайды. Бұл өңірдің реалдары басқаша.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірде елді демократияландыру туралы айта келіп «Батыстан келіп бізге ақыл үйреткісі келетіндер көп. Батыс Еуропадағыдай демократия орната қойыңдар дейді. Оларға үнемі мынаны айтумен келемін: Иә, біз – бүкіл әлеммен бірге демократиялану жолында келе жатқан мемлекетпіз. Бірақ, біз американдық та, ағылшын да, неміс те емеспіз. Біз – қазақпыз. Біздегі қоғамның ұлттық ерекшеліктері, өзіндік менталитеті, діні мен дәстүрі бар. Демократия орнату үшін оның бәрінен бас тарта алмаймыз ғой. Батыстағы халықтың басым бөлігі католиктер, оның ішіндегі протестанттар. Протестанттардың негізгі принципі өмірде әркім өзіне жауап береді. Оларда ағайынгершілік, туысқандық қатынастар кейінгі планда тұрады. Бала кәмелет жасқа тола салып үйден кетіп, өз күнін өзі көруі керек. Сонда демократияланудың жөні осы екен деп қоғамдық қатынастардың сол түрін қаз-қалпында қабылдап алуымыз керек пе? Оның үстіне Батыс елдері бүгінгі деңгейге көтерілгенше қаншама ұзақ даму жолынан өтті. Біз де ғасырлық шаруаны бір күнде атқара алмаймыз» деген болатын.
Яғни, Қазақстан өзінің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты демократияның өзіне тән, ешкімге ұқсамайтын моделін қалыптастыруы керек. Әрі қазір осы жолда үлкенді-кішілі ізденіс жүріп жатыр. Мұны – бір деңіз.
Екіншіден, демократияның негізгі құндылықтарының бірі – азаматтардың меншік құқығын қорғау. Қазақстан нарықтық қатынастарға көше отырып азаматтардың меншігін қорғау бойынша айтарлықтай табысқа жетті. Бизнеске әкімшілік кедергілерді жою және шағын, орта кәсіпкерлікті қорғау бағытында нәтижелі реформалар жүргізілді. Соның арқасында Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізудің жеңілдігі жөніндегі «Doing Business» рейтингінде Қазақстан әлемдегі 190 елдің арасында 25-орынды иеленді. ТМД елдерінің көпшілігі үшін мұндай нәтиже арман күйінде қалып отыр.
Үшіншіден, елімізде демократияның базалық құндылықтарының бірі – пікір алуандылығын, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін қамтамасыз ету бойынша да ауқымды шаруалар атқарылуда. Әрине, бұл бағытта да жекелеген проблемалар бары рас. Мәселен, қазір Қылмыстық Кодексте жалған ақпарат таратқаны үшін және жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, Кодекстің 130 және 274-інші баптарын бұзған адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығының шектелуіне, журналист қызметінің қиындауына әкеп соқтыруда. Сондықтан осы екі бапты декреминализациялап, қылмыстық жауапкершіліктің орнына әкімшілік жауапкершілік енгізсе дейтіндердің де күн өткен сайын қатары қалыңдай түсуде. Осындай түйткілді мәселелердің болғанына қарамай қазақстандықтар еркін және тәуелсіз ақпаратқа қол жеткізіп отыр. Әсіресе, біздегі әлеуметтік желілердегі сөз бостандығы авторитарлық басқарудағы елдердің түсіне де кірмейді.
Төртіншіден, демократияның тағы бір маңызды құндылығы – әлеуметтік, діни және этникалық азшылық топтардың құқығын қорғау. Қазақстан тап осы бағыт бойынша әлемнің көптеген елдеріне үлгі боларлықтай көрсеткіштерге ие. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3 658 діни бірлестік емін-еркін қызмет атқарып келеді. Қала берді, Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі ынтымақта өмір сүріп отыр. Елімізде 9 этностың ұлттық мектептері жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан түрлі этностардың өкілдері Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланатыны тағы бар. Біле білсек, осының барлығы – демократиялану жолындағы нақты қадамдар. Сондықтан, Қазақстанда демократия мүлде жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды.
Дегенмен, «демократияланудың шыңына шықтық» деп көзді тас жұмып мақтана беру де әбестік. Қазақстанның кеше ғана кеңестік-тоталитарлық басқару жүйесінен шыққан, одан беріде суперпрезиденттік басқару жүйесінде болған мемлекет екенін ұмытпауға тиіспіз.
БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақстан саяси трансформациясыз әлеуметтік-экономикалық жетістікке жете алмайды. Қазақстанда демократияның енді қалыптасып келе жатқанын түсіну керек. Демократия ұдайы зерттеуді талап етеді. Біз сәтті және сәтсіз тәжірибелерді зерттеп, даму жолдарын іздейміз. Мен өз жоспарымның негізінде қоғам мен билік арасында диалог орнату үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдым, – деген болатын.
Шындығында, Қазақстандағы демократияландыру ісі қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен жеке азаматтардың еркіндігі арасында балансты сақтау арқылы байыппен әрі баяу жүргізіліп келе жатқаны шындық. Айталық, демократияның негізгі принциптерінің бірі – азаматтық қоғамның дамуы, билік тармақтарының бір-бірінен дербес әрі тәуелсіз болуы. Міне, осы тұрғыдан қарағанда бізде демократиялану бағытында атқарылуы тиіс шаруалар әлі де шаш етектен екені даусыз.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның алдында өз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен қатар атқарылуы тиіс ауқымды міндеттер тұр. Солардың бірі – алдағы сайлауды ашық та әділ өткізу. Сөйтіп, шын мәніндегі көппартиялы әрі ықпалды Парламентті жасақтау. Осы істің үдесінен шыға алсақ, бұл елді демократияландыру және Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолындағы нақты қадам болары сөзсіз.