СЕН ЖЕЛТОҚСАНДА ҚАЙДА БОЛДЫҢ?

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1684 раз

Желтоқсан көтерілісі

Әлі есімде...Д.Қонаев атамыздың орнынан алынғаны туралы суық хабарды «Қазақфильмнің» дубляж залында естідік. Дубляж жасап жатқан артистердің бәрі төбемізден жай түскендей есеңгіреп қалдық. Орнына Колбин деген ел танымайтын адамды қойыпты дегенді естігенде мүлдем ұнжырғамыз түсіп кетті. «Мына өмірде ешқандай орны жоқ, көзқарасымен ешкім санаспайтын үлкен державалардың алдындағы құл-құтан екенбіз ғой» деген тікенек ой санамызды піскілеп өтті. Әркім сол кездегі Л.Брежнев атындағы алаңда басталған оқиға туралы естіген-білгенін айтып жатты. Бірақ сөздеріне қарасам ешқайсысы алаңда болмаған, тек сырттан естігенін ғана айтатын сияқты. Қалайда алаңға баруымыз керек екенін әсіресе жастар жағы түйсіндік.

Байғали Есеналиев-2Алаңға түстер шамасында келдік. Жиналған адамдармен бірге қазіргі Назарбаев (ол кезде Фурманов) көшесімен төмен түстік. Тобымыз үлкен болатын. Гоголь көшесімен солға бұрылдық. Сол кездегі «Юбилейный» дүкенінің алдында семіз қазақ әйелі орыс тілінде бұрқылдап аузына келгенін айтты. Не айтқанын түгел естімесек те әйтеуір бізді еріккен ақымақтарға балап, ұнатпай тұрғаны түсінікті еді. Шетте кетіп бара жатқан жігіттерге әлгінің сөзі өтіңкіреп кеткен болуы керек әйелге тұра ұмтылды. Бірақ бастап жүрген жігіттер басу айтып оларды тоқтатты. Кетіп бара жатқан топқа үй-үйдің терезелерінен дауыстап ұрсып жатқандар да болды. Сосын Желтоқсанмен жоғары көтерілдік. Жол бойы әр-әр жерден (туған жер, Отан тақырыбында) әндер айтылып жатты. Есімде көбірек қалғаны «Менің Қазақстаным».
Мен бар даусыммен Мұхтар Шахановтың «Арман жолында» әнін айтқанмын. «Бабамыздың намысындай, Кеуде керіп дала жатыр» — деп басталатын асқақ рухты ән. Қайырмасында сөзін білмесе де жанымда келе жатқандардың біразы қосылып кетті. Біз айналып алаңға жеткенде үш-төрттердің шамасы болып қалған еді. Алаңдағы халықтың саны бұл кезде көбейген екен. Сырт жақтың бәрінде топ-тобымен торуылдап милиция тұрды. Мінбеге шыққан әртүрлі деңгейдегі басшылар микрофонмен халықты сабырға шақырып, тарамаса жаман болатыны туралы ескерту сөздер айтып жатты. Онсыз да ызалы жастарға олардың сөзі онша әсер еткен жоқ. Қорқыту-үркітуге толы қатқыл үндері керісінше жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ашуға мінгендері соншалықты бір офицердің қалпағын жұлып алып лақтырып та жіберді. Қас қарая бастағанда қолдарына резеңке таяқ ұстаған сақшылар күш қолданып алаңға жиналғандарды таратпақ болды. Қолдарында ештеңе жоқ жастар алғашында күтпеген шабуылдан сасқалақтап қаша бастадық. Сол кезде «Қашпаңдар!» деген дауыстар естілді. Сөйтсек біраз жігіттер алаңның төменгі жағындағы аллеяның жақтауынан мраморларды опырып алып жатыр екен. Біз де үйлердің іргетасын, фонтандардың шетіндегі тастарды теуіп түсіріп сындырып, сонымен қаруландық та қайта ұмтылдық.
Бірде олар шегініп, бірде біз шегініп, кезек шабуылдасып жаттық. Үкімет үйінің шеткі терезелері сынғаны есімде. Түнгі он-он бірлер шамасында оларға қосымша күш келді. Саны бағанағыдан әлдеқайда көп әскер Үкімет үйінің артқы жағынан қаптай шығып бізге қарай лап қойды. Кейбіреулерінің жетегінде иттер болды. Абалап үрген иттер мен қаптаған әскердің алдында қарусыз жастар не істей алмақ?.. Амал жоқ алғашында ақырындап шегініп, соңы жаппай қашуға ұласты. Арт жағымыздан шыңғырған дауыстар естіліп жатты.
Сол түні Мир көшесіндегі 24-ші үйдің сегізінші этажындағы 116 пәтерде түнеп шықтым. Түнгі екілер шамасында көшеден шыңғырған әйелдің, жанұшырған ер адамның даусы естілді. Жүгіріп балконға шықсам үш-төрт адамды көшенің жиегінде қолына қызыл шүберек байлаған «друженниктер» аунатып тепкілеп жатыр екен. Тіпті қолдарындағы ағаштармен аямай ұрып жатты. Әлгі байғұстар «Меруерт» кафесінен той-тойлап шыққандар болуы керек. Сол үйдің тұрғындары балконнан «Ұрмаңдар, олардың жазығы жоқ» деп айқайлап кетті. Үйдегі тұрғындардан сескенді ме, жоқ әлде ұрып жатқан адамдарының қимылсыз қалғанын енді байқады ма друженниктер зым-зия жоғалды. Қозғалыссыз жатып қалған байғұстарды сәлден соң сақшылар алып кетті. Жап-жақсы киінген адамдар болатын. Орындарында қарайып көрінген қанның орны ғана қалды. Сол түні ұйқымыз ұйқы болған жоқ. Әр-әр жерден түннің бір уағына дейін айғай-шулар, машиналардың үні, иттердің үргені естіліп тұрды.
Таңертең ерте тұрдым. Таңғы алтылар шамасында Желтоқсан көшесімен жоғары қарай гүжілдеп үш-төрт автолавка тәріздес жабық машиналар өтті. Сәрсен Ысқақов (Арада бірер жыл өткенде белгісіз жағдайда троллейбус басып кетіпті деген сылтаумен көз жұмды) деген суретші жігіт екеуміз тез шығып, үй-үйдің арасымен өтіп, жаңағы машиналардың қайда бара жатқанын аңдыдық. Екеу-үшеуі алаңның желтоқсан жағына тоқтады да көшеге кеспелтек темірлер мен ағаштарды шаша бастады, екінші машинадан солдаттар жәшігімен арақтар түсіріп алаңның әр жеріне қойып жатты. Қағазға оралған заттарды да лақтырып жатқанын көрдім (Ол кезде «есірткі» дегенді естімеген кезіміз). Фурманов жағына да апарған болуы керек. Кейінірек жастар алаңға қайта жинала бастадық. Әлдекімдер әлгі арақтарға тұра ұмтылғанда ештеңеге тимеулерін, ол заттарды әдейі таңертең әкеліп тастағанын айтып қайта тастаттық. Бір есімде қалғаны арамызда біраз қырғыздар болды. «Айланайын қазақ туғандар, қанымыз, намысымыз бір. Өлсек бірге өлеміз сендермен»—деп айқайлаған қырғыз әйелдің үнін ұмытқан жоқпын.
Қырғынның ертесіне алаңға келе жатқанымызда бір оқиға өшпестей есімде қалды. Абай даңғылының Желтоқсанға бұрылатын тұсынан бастап кейбіреулерінде оргстекло, кейбірінде көз тұсында көп тесігі бар үлкен қаңылтыр қалқан ұстаған солдаттар тұрған. Солардың арасындағы қазақ жігіттеріне деген ызамыз шексіз еді. Кәзір ойлап қарасам ол байғұстар да зорлықпен-ақ тұрған екен-ау. Кенет жап-жас бір қазақ солдаттың тістеніп жылап тұрғанын көріп жүрегім өртеніп кетті. Көзін көлегейлеп, жүзін жасыруға тырысқанымен, бетін жуған жасы еркіне бағынбай сорғалап тұрды. Мен де жылап бара жаттым.
Желтоқсанның бойында Сәтпаев көшесінен Абай даңғылы бағытында 32-ші автобус тоқтайтын аялдама болатын. Сол жерде топталып тұрған адамдарды байқап Сәрсен екеуміз соларға жақындадық. Таңертеңмен дүкенге шыққан қарттар, автобус күтіп тұрған жолаушылардың басым көпшілігі орыс ұлтынан. Орталарында басында сұр папахы бар, үстіне шинель киген орыс офицері аузы тынбай сөйлеп жатыр. «Түнде бұл оңбаған қанішер калбиттер орыс детсадттарына кіріп көптеген орыс балаларын өлтіріп тастапты» - деген сөзін анық естідік. Орыстар «Ужас!» - деп жағаларын ұстап, шоқынып, қарғап-сілеп жатыр. Біз жақындап келгенде әлгі офицер тілін тістей қойды. Сәрсен орысшаға жақсы болатын. «Мынауыңыз қалай? Сіз офицер емессіз бе? Неге өтірік айтасыз?!» - дей бергені сол еді аялдамадағылар Сәрсеннің өзіне дүрсе қоя берді. Түндегі шайқастан соң алаңға қарусыз баруға болмайтынын біліп курткамның ішінен қарым мен білегіме қалыңдап қағаз орап алғам. Сосын сол кездерде дүкенге баратын тор сеткаға қағазға оралған жұдырықтай тас салып алған болатынмын. Әлгі офицер қашығырақта тұрған солдаттарға айқайлай бергенде әлгімен айналдырып тұрып ұрдым. Оң жақ шекесінен оңбай тиді. Сәрсенге қарауға шама жоқ, ұстамақ болғандарды итеріп-итеріп жіберіп алды-артыма қарамай қаштым. Соңымнан етіктері тарсылдап біразы қуып берді. Кәзіргі ұлттық кітапхананың тұсында алдымнан қарсы шыққандарды көріп солға қарай қаштым. Абай даңғылынан аттап-бұттап өте шығып, Лермонтов театрының төменгі жағындағы жарқабақтан төменге зуылдап түсіп, сол кездегі «Пионер» дүкенінің жанындағы үлкен шыршаның түбіндегі омпа қарға сүңгіп кеттім. Адасып қалды ма, жоқ әлде жандарын салып қумады ма әлі күнге дейін түсінбеймін. Әйтеуір қолға түспей аман қалдым.
Егер де сол сәтте қолдарына түссем оңдырмас еді. Өйткені әлгі офицерге тиген соққы менің өмірімді өшіруге толығымен жететін. Тіпті бұл туралы көп жылға дейін тіс жаруға қорықтым.
Мұхтар ағаның «Останкино» сарайында өткен жыр кешін телевизордан көріп қатты жігерлендік. Жырына тамсана қол соғып жатқан мәскеулік көрермендердің Алматыдағы болып жатқан сұмдықты білмейтініне күйіндік. Соны барып Мұхтар ағаға айтқым келді.
Кешке, үстінде қызыл тоны бар қаннен-қаперсіз ыңылдап келе жатқан ағаны көріп таң қалдым. «Бұлай жайбарақат жүргеніңіз қалай аға?» — десем, «Е, не бопты?» - дейді.
– Ойбай, өлтіріп кетеді ғой!
– Өлтіріп көрсін...— дейді.
Үйіне бардық. «Останкино» сарайында өткен кеші туралы айтты. Шығып бара жатқанымда қазақтың жастары, «Аға-ау, Мұхтар аға-ау не болып жатыр Алматыда?» — деп жылап тұрды. «Не айтам оларға өзімнің де жүрегім пәрше-пәрше болып тұрса. Жоқ мұны бұлай қалдыруға болмайды!» — деп күйініп отырды. Сол түні жаңа ғана туындап келе жатқан Желтоқсан туралы әнінің алғашқы орамдарын айтып берді.
Жұмысы көп адам ғой, ұмытып қалды ма екен, бірде Мұхтар Шаханов ағамыз «Сен Желтоқсанда қайда болдың?» — деп сұрады. Амал жоқ көп жыл жасырулы жатқан сырды айтуға тура келді. «Ойбай-ау, мынауың үп-үлкен оқиға ғой. Сен мұны айтуың керек, желтоқсанның ақиқаты осындай оқиғалардан тұрады емес пе? Мұның жарамайды!»— деп кәдімгідей ренжіді.
Енді айтып отырмын...

Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ.
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, актер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.